Арсланбек Сұлтанбеков: Ноғайлар іл мәселесінде мақтанатындай жағдайда емес

0
216

Арсланбек Сұлтанбеков ноғайдың әйгілі әншісі, домбырашысы. Біраз жылдар Қазақстанда тұрып, еңбек еткен. Қазақстанның және Қарашай-шеркес республикасының еңбек сіңірген артисі. Арсланбек мырзаның әндері түрлі елдердегі ноғайлар арасына кеңінен таралған. Оның «Домбыра» дейтін әні ноғайдың бейресми ұран әні десе де болады. Әншінің өзі де ноғай халқының сыйлы, беделді адамы. Газет тілшісі орайы келіп, Арсланбек Сұлтанбековпен бүгінгі ноғай халқының мәдени-рухани мәселелері жөнінде ойын біліп, аз-кем сұхбаттасқан еді.

— Қазіргі ноғай халқының рухани-мәдени жағдайын қандай деп бағалайсыз?

— Бүгінгі таңда ноғай халқының әдебиеті, руханияты, мәдениеті тәуір дамып келеді. Шалкиіз, Қазтуған, Досмамбет азаулы бәрі де әлі зерттеліп келеді, бұрын шыққан кітаптар ел арасына көп тарады.

— Жастар бойына ұлттық мәдениетті, тілді сіңіру мәселесі қалай?

— Жалпы ноғайлар Ресейдің Астрахан облысында, Қапқазда, Дағыстанда, Қарашай Республикасында және Қырымда қоныстанған. Ноғайлардың өз алдында республикасы болмаған соң, ноғай мектептері жоқ. Бірақ ноғайлар қоныстанған аймақтарда ноғай тілі мен әдебиеті пән ретінде оқытылады. Ал ноғай тілі мен әдебиеті мұғалімдерін Қарашай республкасындағы институт дайындайды. Осылайша, жастар мектептен-ақ ноғай тілін, әдебиетін, мәдениетін біліп шығады. Соған қарамастан, ноғай халқы үшін тіл ең үлкен әрі өзекті мәселе. Өзіңіз білесіз, қазір интернет, телевидение бәрі орыс тілінде. Үйде бала ноғайша сөйлесе, балабақшаға барғаннан бастап, орыс тілінде сөйлей бастайды. Оның үстіне біздің халық көшпелі әдетін тастамады. Ақша табу үшін қиыр шығысқа, Якутияға, Ресейдің басқада аймақтарына көп кетеді. Осындай тағдырлы мәселелер алдымыздан шыққан соң, Ресей заңына сүйене отырып, мәдени автономия алдық. Мәдени автономия дегеніңіз, территорияға қатысы жоқ, тек аз ұлттардың тұрған жеріне қарамастан олардың өздерінің ұлттық мәдени құндылықтарын қорғау, сақтау, дамыту бойынша бірігіп, автономия құруы. Қазір осы мәдени автономия жұмыс істеп тұр. Негізі ноғайлардың ұлттық сана-сезімі жоғары, ұлттық намысы бар. Тіл мәселесінде мақтанатындай жағдайда болмасақ та иншалла, ол да түзелер деп ойлаймын. Әрине, бізге түркі тілдес елдерден соның ішінде Қазақстанмен мәдени-рухани байланыс керек-ақ.

—   Ноғай халқы мен Қазақстан арасында қазіргі кезде қандай байланыстар бар?

— Жоқтың қасы десекте болады. Түркі тілдес елдерінің әрқандай бір мәдени іс-шараларында кездесіп, сөйлесеміз. Бірақ ноғай-қазақ айырылысқаннан бері, қайта табысқандай мәдениет, тарих, әдебиет, руханият жағынан байланыстар әзірге ойдағыдай болмай тұр. Десе де Қазақстанға келіп, жұмыс істеп, еңбек етіп жатқан өнер саласындағы ноғайлар бар. Ноғайлар қазақ тұрғанда өзінің арқа сүйері бар екенін біледі, сезеді.

— Өз шығармашылығыңызға келсек. Қазір қайда, не істеп жүрсіз?

— Біраз уақыт болды, Түркияда жүрмін. Өзіңіз білетіндей, ол жақта да біраз ноғай бар. Ол жақтағы ноғайларда өз мәдениетін сақтап қалуға тырысып, бізбен алыс-беріс, келіс-барыс жасап тұрады үнемі. Түркиядағы қазақтар да сондағы ноғайлармен қыз берісіп, қыз алысып, құдандалы болып, тегі бір халық екенін ұмытпай күн кешіп жатыр.