Рамазан Стамғазиев: ««Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек»»

0
931

Қазақтың ұлттық ән өнерінің өрісін кеңейтіп, тынысын ашып, Алашты әуелеген әнімен әлдилеп келе жатқан әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Рамазан Стамғазиев пен эстрада жұлдызы Ұлту Қабаеваның «Күзгі әуен» деп аталатын ән кеші өтеді. Өне айдынында жұбын жазбай отыз жыл бойы әні мен сәні жарасқан қос өнерпаздың концерті 21 қазанда Алматыдағы «Респулика сарайында» өтеді. Біз осынау айтулы ән кешіне орай, Рамазан Стамғазиевпен аз-кем әңгі-дүкен құрған едік.

— Ең әуел өткелі отырған концерттің мән-мазмұнына тоқталып өтсеңіз.

Қарап тұрсам, отыз жыл саханада жүріппін. Отыз жыл бойы қазақтың халық әнін, халық композиторларының әнін шамамның жеткенінше, Алланың бұйыртқанынша дүниенің төртбұрышында үлкен сахналарда шырқаппын. Осы отыз жылдағы жеткен жетістігімді, шәкірттерімді елге көрсетейін деген оймен Ұлту екеуміз ел қатарлы концерт бергелі отырмыз. Ұлутың да сахнада ән салып жүргеніне отыз жыл толды. Ән кешін Алматы қаласы әкімшілігі қолдап, қала тұрғыны, өнерпаз ретінде қолдау көрсетіп жатыр. Өнердегі үлкен буын ағаларды кешке қонаққа шақырып, сахнаға шығып жүрген жас буынмен сахна төріне шығып, өнерімізді елге көрсетсек пе деген ниетіміз бар. «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» дегендей бұл концерт форматы – мерейтойлық концерт. Жеке шығармашылық концерт емес. Отыз жылдағы әр кезеңіме тоқталып, шолу жасап және де жұрт білмейтін қырларымды да көрсетсем деген ой бар. Өзбекстанның Самарқанд қаласында өтетін «Шарк Тароналари» — Шығыс әуендері дейтін музыкалық фестиваль бар. 1997 жылы соған қатысып, лауреат атанып келген едім. Содан бері қаншама жыл өтті, сол фестивалге әлі бір қазақ барып қатыспады. Сондай-сондай өнердегі қыр-сырымды халыққа жеткізбекпін.

— Баяғыдағы бір концерттеріңізде Абай шығармашылығына өзгеше форматпен келіп, елдің есінде қалып едіңіз. Бұл жолғы кешіңізде Абайға барасыз ба?

— «Абайды сағыну» дейтін циклді сол концерттерімде жазған едім. Ол циклда жеті-сегіз ән бар. Біз қазір оны «Абайды сағыну» деген киноға дайындап жатырмыз. Сондықтан оны концертке араластырғым келген жоқ. Ол өз форматында, өз биігінде шыққаны дұрыс қой.

— Әншілер «концерт ұйымдастыру қиын» деп жатады.

— Қиын емес, өте қиын шығар (күлді)

— Сол өте қиыншылығынан да айтып өтсеңіз, ел құлағдар болсын. Әдетте жұрт ішінде «әншілер ақшаны күреп тауып жатыр, оларға бәрі көмектеседі» деп келетін сыңайда сөз жүреді. Шындығында, әр саланың өз қиыншығы да баршылық қой.

Қазір «Республика сарайының» жалдау құны – 5 миллион теңге. Сахна жасайсыз кемі 3-4 миллон теңгеге. Өнердегі отыз жылдық жүріп өткен жолыңызды шолып, халыққа жиған-терген дүниеңді, өнер қазынаңды, шәкірттеріңді көрсету — өнерпаздың парызы. Сондықтанда шығармашылық адам ретінде өнерпаз соған баруы керек. Әйтпесе, «концерт бер» деп ешкімді ешкім қинап жатқан жоқ. Мәселен, табысымның 70 пайызы шығармашылығыма жұмсалады. Қыл аяғы киетін киіміңнен бастап, жасайтын аранжировкаларың, алатын әндерің тағы басқа шығындардың бәрі де өз мойнымда. Ал «Респулика сарайында» концерт бермегеніме он жыл болыпты. Шығармашылықтағы осы он жылдың да халыққа көрсетер бір есебі болуы шарт қой. Әрине, қиыншылық та бар. Бірақ сол қиыншылықтан өткен адамның қызықшылығы да бар. Сондай тәуекелге барып, елдің есінде қалатындай мән-мазмұнмен концерт өткізсеңіз, халық сізді келесі концертіңізге дейін күтетіні, іздейтіні, жоқтайтыны тағы рас.

«Респбулика сарайында» концерт беру әріптестерімінің арманы. Бірақ жағдай жоқ. Ал енді өткелі отырған концерт шығындарын Стамғазиев жинап жүріп, өз қалтасынан беріпті десең, ешкім сенбейді. Он жылдың ақшасы оған жетпейді де. Шындығында, оның бәрі өнерді шын түсінетін, біздің қас-қабағымызға қарайтын, жетістігімізге шын қуанатын алдыңғы буын ағалар, өз ортам, шәкірттерім, достарым, жан-жақтағы араласатын, сыйласатын орталардағы азаматтардың көмегінің арқасында ғана мүмкін болып, орайласып жатыр. Cенсеңіз, концерт туралы көшеге жарнама ілмедім. Ғаламтор жүйесіндегі көрермен, тыңдармандар бөлісіп, жазып жатыр. Қаншама газет-журналдар көмектесіп жатыр. «Қазақ радиосы да» концерт жайлы ақпарат беріп жатыр. Осыған мен қуанам! Жан-жақтан қаумалап, қолдап жатқанда мен неден тартынам.

— Рамазан Стамғазиевтың өнердегі отыз жылдық еңбегі, шыққан биігі ол біздің дәстүрлі, ұлттық ән өнерінің де жеткен жетістігі ғой.

Әрине. Бізде өзі дәстүрлі ән өнерін өткеннен қалған, музейде тұруы тиіс дүние есептейтін көзқарас бар, кейде сол байқалып жатады. Дәстүрлі өнерді де заманға сай сәл-пәл бояуын өзгертіп, шапанын жаңалау керек қой. Қаулап жастар өсіп келеді. Көне дүниені әкеліп бергенмен олар оны қабылдай алмайды-ау. Оларға жаңашалап апарсаң қабылдайды. Осыны ескере отырып, кейде біз репертуарымызға саясат жасаймыз. Саясат болғанда, айтылмай жүрген әндерді басқа бір қырынан орындасақ, жаңа бір ән тыңдағандай болады. Сол секілді әнді де жөндеу, өңдеу арқылы жастарға тыңдауға, өнердің өрісін кеңейтуге күш саламыз.

Дәстүрлі өнерге келсек, қазір Алматыда «Алатау» театры бар. Бізден кейінгі буын сол жерге жұмысқа орналасып, көбінің ащы тері сол сахнада алынып, сахнаны сезініп, жастар қоғамға керек екенін түсініп жатыр. Жинаған өнерімді қайда көрсетем деп, той-томалақта жүрген жастар қазір сол театр сахнасында қалың көрерменнің алдына шығып, қанаттары жайылып, тыныстары ашылды.

— Бұрынғы бір сұхбаттарыңызда «шәкірттер жұмыс таппай қиналады» дегеніңіз бар еді, «Алатау» театры сол мәселені шешкендей. Десе де қазіргі ұлттық ән өнерінің жағдай қандай?

Қазір дәстүрлі өнерге көзқарас сәл де болса өзгеріп келеді. Елбасының мақаласынан кейін «Мен қазақпын!» деген жоба ашылды. Тәуелсіздік алғалғы ұлттық музыкаға арналған жоба осы-ау. Сырттағы ағайындар, жер-жердегі, әр өңірдегі жастар тастаған домбыраларын қайта алып, жобаға қатысып, сүзгіден өтіп, ысылып жатыр. Жобаның шарты ды қызық. Мәселен, Жетісу мектебінің өкілі бола тұра ол әнші Арқаның, Маңғыстаудың, Батыстың мектептерінің де дәстүрінде ән шырқауы керек. Бір мектеп өкілінің екінші бір мектептің әнін нақышына келтіріп, бояуын бұзбай айтуы деген қиын іс. Десе де жастар ұмтылып жатыр. Соны көріп қуанып отырмыз. Мысалы, Қытайдан келіп қатысып жатқан қыз Маңғыстаудың «жеті қайқысынан», Қабан жыраудан жаттап алып келіп айтып жатыр. Қағыс та, иірім де кішігірім қателіктер болғанмен, сеңге қозғау салғандай осындай дүниелерді көріп жатырмыз. Болмаса батыс ән мектебіне әбден төселіп, кесіп, тесіп, тіліп айтатын әншілер лирикалық әндеріне келгенде орап қағу, бұғып қағу, шертіп қағу, түртіп қағу секілді қағыстарға келгенде тұсалған аттай болып, іште қайнап жатса да әйтеуір орындау керек мақсатпен орындап жатқан жастар бар. Сол жоба болмаса ол әндер айтылмас та еді, ешкім іздемес те еді. Сондықтан біз дәстүрлі әншілерге, орындаушыларға біз ел болып, экраннан, ақпараттық кеңістіктен жол ашып беруіміз керек-ақ. Оларды жұрт болып жұмылып насихаттауымыз қажет. Ұлттық музыка – дәстүрлі өнер ол – Жапонияның, Эфиопияның, Никарагуаның өнері емес, қазақтың өнері ғой. Қазақтың төл дүниесі. Қайда барсаң да түбі соған оралатының айдан анық нәрсе. Айтайтының, мойындайтының анық. Ұлттық өнер – алтын. Құнын жоғалтпайды. Қаншама уақыт өтсе де жарқырап жата береді. 26 жыл бойына ішіміз қан жылап айтқан дүниелерді мемлекет қолға алып жатқан сыңайы көрініс бар. Ширек ғасырдан кейін де қолға алып жатса, кеш емес қой.

— Бұл енді бір телеарнаның шегінде ғана жасалып жатқан жұмыс қой. Тегінде дәстүрлі өнерге мемлекет тарапынан кешенді бір бағдарлама керек қой.

—  Әрине, әрине. Ол мәселенің айтылып жүргеніне де қай заман. «Айта, айта Алтайды, Жамал апам қартайды» демекші, оны қайталап айтқанмен қу құлақ үйреніп алған, ол құлақ үйренейін десе, тесігі жоқ, содан ол өлі құлақ. Әр келген басшы «иә, иә» деп бас изеп, мақұлдап келіп-кетіп жатады. Бірақ мемлекетке қол жайып отырған орындаушы жоқ. Әркім өз күнін өзі көріп жүр. Бір-бірін жетектеп, бір-бірін іздеткізіп жүреді. Облыстық деңгейде конкурс тағы басқа шаралар болса, бір-бірімізді шақырттырып, жоғарғы жаққа айтқыздырып, жібертіп жатамыз. Сөйтіп өз қазанымыз да өзіміз қайнап жатырмыз. Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясында «Дәстүрлі музыка өнері» кафедрасы бар. Кафедрамыз Ықылас атындағы Халық аспаптар мұражайымен меморандумға отырып, тікелей жұмыс жүргізіп отырмыз. Қазір апта сайын сол мұражайдағы сахнада студенттеріміз сахнаға шығып, өнер көрсетеді. Сол жерде әр баланың жеткен жетістігін, аяқ алысын көреміз. Бір кеш өткізу үшін қаншама кітап оқылады, қаншама мұрағат ақтарылады, қаншама ән айтылады.

— Ел ішінде көп жүресіз ғой, жұрттың ұлттық әнге деген сұранысы, бағалауы қандай?

Сұранысы өте жоғары. Басқаға жауап бере алмаймын, өзім барған концерттерге нағыз тыңдарман келеді. Олардың құлағында көне дүниенің күмбірі әлі бар. «Бәленбай әнді пәленбайдың орындауындағы нұсқасында айтшы» деп сұрайды. Жақсы болсаң айтады, жаман болсаң келесі концертіңе келмейді. Керек десең, айтайын, Сызғанда бір той көрдім. Шертпе күй тарттырып той өткізді.  Арқада да сондай. Біздің үлкен буынды да шақырған. Құдды, Қоянды жәрмеңкесі дерсіз. Яғни, әлі де болса есті әнді тыңдайтын, бағалайтын орта бар.

— Енді мынау өткелі отырған концертіңізде халық әндерінен басқа, сал-серілерді, мектептерді толық қамтисыз ба?

— Былтыры «Конгрес Холлда» концерт бердім. Алдыңғы жылы М.Әуезов театрында кеш өткіздім. Сонда Мұхиттың әндерінен, Арқада Ақан, Біржан салдан айттым, Жетісудағы Қапез, Көдек,Шалтабайлардан да шырқадым. Оған Кенен, Сәдіқожаның да әндерін қостым. Бұл концертте де жан-жақты қамтуға тырысып жатырмын. Және халық әндерінен басқа бір қырынан алып шығайын деп жатырмын. Ондағы мақсат – «осындай да үлгі бар, осындай да бояуы бар еді» дегенді шәкірттердің, жастардың есіне салу. Осындай бірнеше әннен тұратын бір блок бар. Оны концерт барысында атап айтып отырып, шырқаймын. Және де Кененнің айтылмай жүрген бірер әні бар, Ақан серінің сирек орындалатын әні бар, міне, соларды да көрерменге тарту етем.  Сосын ел есіндегі, аты шыққан әндерімді де шамам келгенше қалдырмай орындаймын деген ойым бар.

— Тұрсын Шапай әндерін де айналып өтпейтін шығарсыз.

— О кісінің де бұрынғы әндері бар. Жаңа бір ән жазды. Соның концертте тұсауы кесіледі.

— Өзіңіз білесіз, Сағатбек Медеубекұлы Жетісу мектебінің біраз әндерін ел ішінен тауып, жаңғыртты. Осы ел ішіндегі ән қазынаны іздеу ісі қазір қалай?

— Біздің кафедра студенттері жыл экспедицияға шығады. Қазақстанның өз ішінде экспедициялар бар ғой, біз Моңғолия екі жыл қатарынан барып келдік. Көптеген күйлер тауып әкелдік, біраз ән де таптық. Бірақ ол әндерді кейін салыстыра қарасақ, бізде бар әндер екен. Тек бізде жоқ сөздермен айтылады. Ал ел ішінде болса, біреу ән тауыпты, барыпты, алыпты дегенді естісек, сол барған адамды тауып, жолығып, тыңдап, жазып аламыз. Осылай жинаған дүниелеріміздің бәрін кітапқа енгізіп шығарамыз. Шолпан Даржанованың кітабы шықты, оған осы Жетісу мектебіндегі тың дүниелер түгелге жуық енді. Мұрат Әбуғазы екеуміздің бірлесіп шығарған «Назқоңыр» дейтін хрестоматияның үш томы шықты. Онда мол мағұлмат бар. Кафедра ұстазы, дәулескер сыбызғышы Талғат Мұқыштың оқулығы шықты жақында. Бұл өзі сыбызғы бойынша жарық көрген алғашқы оқулық. Нұржан Жанпейісовтің Дәнеш Рақышевтың айтылмай жүрген, айтылып жүрген әндері туралы кітабы оқырманға жол тартты. Оның сыртында адасып жүрген әндер бар, сөзі ауысып кеткен әндер бар солардың бәрін жүйелеп, бір ізге түсіріп, жұмыс істеліп жатыр. Қыз-жігіттер бір жағы әншілік өнерін алға сүйреп, екінші жағы зерттеумен айналысып жүр, осылай.

— Концертіңізге қайта оралсақ. Ән кеші Алматымен ғана шектеле ме?

— Биыл төрт-бес облысқа барып, концерт бердік, арасында Қытайға барып, ол жақтағы ағайынның ортасында да ән салып қайттық. Сөйтіп, осы жылдың жоспарын Алматыдағы концертпен қортындыласақ деген ойда отырмыз. Келесі жылы алыста жатқан Оралға, Шымкентке және тағы жеті-сегіз облысқа барып, ел-жұртқа өнер көрсетіп қайтсақ деген жоспар бар. Ал елге жаққа келсек, Райымбек ауданына рахмет! Мамыр айының 22-25 күндері аралығында арнайы шақырды. Нарынқолда, Кегенде үлкен концерт бердік. Ел астыма ат мінгізіп, иығыма шапан жапты. Ақсақалдар батасын берді. Оның үстіне сол жақта жыл сайын өткізіп жүрген конкурстарым бар еді, соларды да өткіздім.

— Әңгімеңізге рахмет! Ән кеші табыспен өтсін!

Сұхбаттасқан – Өміржан Әбдіхалықұлы