Наз ЖЕКЕН: «БОС УАҚЫТТАН ҚОРҚАМЫН…»

0
924

Наз Жекен, актриса, М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік драма театрында жұмыс істейді. Жүлделері: Театрдың дәстүрлі «Театр көктемі» фестивалінде – 2004ж.  М. Әуезовтің «Айман-Шолпанында» Айман ролі үшін (реж. Е.Обаев) «үздік дебют» 2008ж. М.Кәрімнің «Ай тұтылған түн» трагедиясында Шафах ролі үшін (реж. О. Кенебаев) «екінші пландағы ең үздік әйел бейнесі», «Театр көктемі — 2015» Т.Уильямстің «Шына хайуанат» драмасындағы Лаура ролі үшін «Есте қалар кейіпкер», «Театр көктемі — 2016» фестивалінде А.Володиннің «Қоштасқым келмейді» драмасындағы Ларисаның анасы ролі үшін «Үздік эпизодтағы әйел бейнесі» жүлделерінің иегері.

 

— Әңгімені өнердегі әйел затының орнынан бастасақ. Қазақы ортаның көзқарасын ескерсек, Сізге, әйел адам ретінде өнерді алып жүру қаншалықты ауыр? Әлде жеңіл ме? Мұны сұрап отырған себебім, біздің қоғамда өнерде жүрген қыз-келіншектерге қаратып айтылатын сөз де, әңгіме де көп…

Негізі актерлікті әйелдің мамандығы деп жатады. Өзің сүйіп, таңдаған мамандығың болған соң, оның қиындығына төзіп, күресіп, қызығын көруге тырысасың. Меніңше, оңай нәрсенің қызылы тез оңады. Керісінше, қызмет жолыңдағы қиындықтармен күресе жүріп, шыңдалып өсесің, жетістіктерге жетіп, жұмыстың нәтижесін көресің. Кезінде Өнер академиясына түсер кезде ұстаздарымыз «Сендер шынымен актриса болғыларың келе ме, өнердің қиын жолында сақтарың сынып, мүжіліп кетпейсіңдер ме?» дегенде, сенімді әрі табанды түрде «Жоқ, біз қайтсек те актриса боламыз!» дедік қой. Сондықтан, өнер жолындағы көрген-білген, бастан кешкендеріңнің бәрі ол – тәжірбие. Адамды қайрап, алға жетелейді.

— Өзіңіз айтқандай, бұл мамандықты «сүйіп, таңдауыңызға» қандай нәрсе себеп болды?

Ең әуелі туып-өскен ортам, отбасым әсер еткен шығар деп ойлаймын. Бірақ, біреулер секілді «бала кезімнен актриса болуды армандадым» деп айта алмаймын. Ата-анам өлең сөзге, өнерге жақын адамдар. Алайда, мен тоғызыншы сыныптан соң, педогогикалық училищеге түстім. Сол жердегі ұстаздарым, достарым, құрбыларымның бәрі «сен мұғалім емес, актриса болуың керек» дейтін. Сөйтіп, ортамның ықпалымен Өнер академиясына оқуға тапсыруға келдім. Басында жай ғана тапсырып көрейін деген оймен келген едім. Академия кіріп, оның ішкі атомосфресын, аурасын сезінген сәтте әкеме айттым: «Әке, мен оқуға қалай түсетінімд білмеймін, бірақ, актриса болғым келетінін түсіндім» дедім.

— Демек, ішіңізде жатқан өнерге деген махаббат оянған ғой, сол сәтте. Ортаңыздың Сіздің актрисалық қабілетіңізді байқауға да бір нәрсе себеп болған шығар?

Үшінші сынып оқып жүрген кезімде ән айтып, би билеп ауыл-аудандағы конкурстарға қатысып жүретінмін. Бесінші сыныпқа көшкен жылы ауылда М.Мақатаев атындағы өнер мектебі ашылды. Әкем бәрімізді сонда берді. Өз ойымша, сол өнер мектебінің әсері болды.

— Өмірдің түрлі кезеңдерінде, көңілдің кейбір сәттерінде актриса болғаныңызға іштей өкінген кездеріңіз болды ма?

Иә, ондай сәттер болды. Өмірдің бұралаң жолдарында өнердің қиындығын көрген сәттеріңде «бәлкім басқа мамандық иесі болғанда пайдалы нәрсе істер ме едім» дегендей бір ойлар келіп, шынымен де іштей бір сәт өкінген кездерім болды. Бірақ, кейін бәрі ұмытылды. Менің өнерім – менің жан қалауым! Мәселен, өнерден өзге, шығармашылыққа жатпайтын мамандықтардан адам кейде жалығуы да, шаршауы да мүмкін. Ал, қанша қиындық көріп, кейде тіпті безіп кеткің келсе де өнерге бір келген жан одан қайтып кете алмайды. Өйткені, өнер – сарқылмас қазына іспеттес. Өнердегі әр күн – жаңалық, қайталанбас сәт, әр ролің – бір әлем, әр кейіпкерің – сенің бір кішкентай бөлшегің. Өнердің түбіне жету, өнер жолындағы ізденісті тоқтату мүмкін емес. Өнер – өмірдің өзіндей шынайы, жасампаз!

Актерлік өнер – адамның рухани биіктігінің шыңы. Мәселен, өмір – ойын. Ал, актер түрлі кейіптегі, түрлі деңгейдегі ролдерді беріле сомдап, ойнап тұрып мұның да ойын екенін біліп тұрады. Осы парадокстық күйді кеше отырып, ол рухани толысып, ішкі жан-дүниесі биіктей береді. Осы жерде бір мысал айтайын. Бірде бір америкалық режиссер Шекспирдің Гамлетін түсірмек болып, ең таңдаулы, мықты актерлерді жинап, кастинг өткізіп жатады. Ал, Гамлеттің ролінде ойнайтын актер сымбатты, бойы ұзын, ағылшын ақсүйектерінің тілдік мәнерінде сөйлейтін, пластикасы күшті, әдемі болу керек. Кастинг жүріп жатқанын естіген, бойы аласа, түрі-әлпеті де адам қызығарлықтай емес, ағылшын тілінде әрең сөйлейтін бір еврей келіп, режиссерге кастингке қатыстыруын сұрайды. Мұны көрген режиссер оның кастингке қатысқаны бекер болатынын, бәрібір өтпейтінін айтып, түсіндірсе де еврей айтқанын қайтпай тұрып алыпты. Ақыры, режиссер келісіп, сынап көрмекке сахнаға шығарады. Бәрі әлгі еврейді күтіп отырады. Бір кезде сахнаға бойы ұзын,  ағылшын тілінде өте жатық әрі түсінікті сөйлейтін, пластикасы мен ойыны таңқаларлық актер пайда болып, Гамлеттің ролін керемет сомдап шығады. Режиссер және кастингке қатысушылар өз көздеріне өздері сенбей, бұл жаңағы аласа бойлы еврей екенін ұмытып та кетеді. Бәрі таңғалады. Еврей ойынын аяқтап, сахнадан түскенде жаңа ғана оның адам танымастай өзгеріп шыға келгеніне таң-ташама болғандар одан «Бұл қалай болғаны? Сен бір сиқыр жасадың ба?» деп сұрағанда еврей баяғы өзінің шала ағылшыншасымен «Мұның бәрі ойын ғой» депті.

Пайдалы мамандық дегеннен шығады. Сіз театрда ірілі-ұсақты көптеген ролдер ойнадыңыз, әлі де ойнайсыз. Театр өнеріне титтей де болса, пайдам тиді-ау деп ойлайсыз ба?

— Оның бағасын көрермен біледі, көрермен береді. Өйткені мен академияда оқып жүргеннен бастап, өнерге, театрға шын берілдім. Әрбір ролді шын ықыласыммен, бойымдағы бар өнерімді салып, көрерменге жақсы энергетикамен жеткізуге барымды салдым. Сол еңбегім зая кетпеді деп білемін. Осы күнге дейін өзге театрлардың қойылымын көріп, театр туралы үнемі оқып, ізденіп, өнерімді ылғи да шыңдап отырдым.

Осы бір кейінгі кездерде жан-дүнемде бір өзгеріс жүріп жатқандай, осынша еңбектенгенім қаншалықты қажет болды? Театрдан  басқа салаларға бақ сынағандардың жұлдызы жанып жатыр ғой, бәлкім мен тек қана театр деп көп уақытымды өткізіп алған жоқпын ба деген ойлар мазалап жүр, шынымды айтсам…

— Сіз театрда он бес жылдай еңбек етіп келесіз. Бірақ, көзге түсіп көрінуге, ата-даңққа құмар адам емес сияқтысыз…

— Иә, бір шетінен ол да бар… Бірақ, өз-өзіңді атаққа ұсынып, ойға-қырға жүгіріп, өзіңді көрсетуге тырысуға ұяласың. Ал, әртүрлі ролдеріңді, сомдаған бейнелеріңнің әр кезеңдегі түрліше құбылып, өсіп шыққаннын көріп, байқап, сол арқылы өнеріңді әділ бағалап, атаққа ұсынып немесе көтермелеп, көрсеткені дұрыс сияқты. Әйтпесе, қазіргідей өзін-өзі жарнамалауды онша ұната бермеймін. Тіпті әлеуметтік желілерде де отырмаймын. Уақытым зая кететіндей көрінеді. Желілерге суреттерімді салып, өнердегі жаңалықтарымды бөлісіп, оны күнделікті қарап отыруға шыдамым жетпей, ішім пысып кетеді. Ондай нәрсе табиғатыма жат сынды.

— Бірақ, өнер адамы үшін танымалдылық керек қой?

Иә, керек екен. Жалпы, танымалдылыққа ұмтылу өнер адамына тән қасиет. Алайда, әр адам табиғаты, болмысы әрқалай. Яғни, танымалдылыққа да әр өнер иесінің өзіндік көзқарасы, ұстанымы бар. Танымалдылық өнер адамының шын өнерін әділ бағалау арқылы келгені дұрыс деп есептеймін.

— Өнердегі материалдық-тұрмыстық жағдайға көңіліңіз тола ма?

—  Өнер болсын, басқа саласы болсын, Үкіметке қол жайып, көмек сұрау беру дегенді өз басым құптамаймын. Егер адамның мақсаты – жақсы тұрмыс, жақчы киім, үй, машина болса, ондай материалдық-тұрмыстық жағдайды жасауға, ақша табуға біздің елде мүмкін көп деп ойлаймын. Әрі ондай мақсаты бар адам қайтсе де жолын тауып, жағдайын түзейді.

Театрдағы жалақы аз деп айта алмаймын. Басқа театрлармен салыстырғанда жақсы. Өз басым бір айлық жалақымды көпке жеткіземін (күлді).

— Өнеріңізге тұрмыстың кедергі келтірген кездері болды ма?

Иә, болды. Мен – үйдің үлкенімін. Отбасындағы үлкен балаға қандай жауапкершілік, сенім артылатынын әр адам біледі ғой. Менің де мойнымда сондай жауапкершілік болды. Өмір болған соң, қиындықтарды да бастан кешіруге тура келді. Сол шақтарда тұрмыс өнеріме көп кедергісін келтірді. Бірақ, жанымның қалауы өнер болған соң, бір сәтте одан қол үзіп, қиындыққа шыдас бермей, сынып кеткен жоқпын. Қазір Аллаға шүкір, бауырларымның бәрі аяқтанды. Енді ғана өзім үшін өмір сүруді үйреніп, бастап жатырмын (күлді).

— Сіз өзіңізді ұмытып кеткен жоқсыз ба?

Шынымды айтсам, өмірімнің осы бір кезеңінде өзімді іздеп жүрмін десем де болады. Яғни, өз өмірімді өзгертуге талпыныстамын. Ата-анаң, туған-туыс, бауырларың үшін жақсылық жасауға, оларға көмектесуге ешқашан шаршаған да, ерінген де емеспін. Әлі де солай. Дегенмен, адам уақытпен бірге өсіп, уақытпен бірге толысып отырады ғой. Адам – уақыттың иелігінде. Мәселен, менің өмірімде дәл қазір өзім үшін өмір сүурге, өзімнің өмірдегі қалауымды жасауға, соған талпыныс ететін кезең келгенін түсіндім. Түсіндім де осы бағытта әрекеттенім жатырмын. Мысалы, бұрынырақта ойнаған ролдерімде есіме алсам, қазір сол ролдерді басқаша ойнар едім ойлаймын. Меніңше, өмірдің кезеңдері де сол сияқты. Өткеніңе қарап ойланасың, сабақ аласың. Сөйтіп, болшағаңды бағдарлап, алға қарай жүрер жолыңды айқындайсың.

— Театрдағы ролдерді сомдау өзіңізге тән қандай әдіс-тәсілдеріңіз бар?

Әр ролге өз жаныңнан ізденіп, оқып, көріп тапқаныңды қосып, сол арқылы сомдаған бейнеңді көрерменге жан-жақты барынша шынайы әрі терең етіп жеткізгім келеді. Көрерменге әрбір ірілі-ұсақты ролдерімнің бәрін де бір-біріне ұқсамайтындай етіп, қайталамай, жақсы энергетикамен жеткізуге тырысып келемін. Мысалы, бірнеше рет қайталап ойнайтын ролдерімді әр шыққан сайын жетілдіріп, өзгертіп, құбылтып отырамын. Кейіпкерімнің жүріс-тұрысына, мимикасына, сөзіне титтей де болса, жаңалық қосамын. Оны көрермен көреді. Бір жағынан өнерің де ұшталады. Оның үстіне бір ролді өзгеріс енгізбей қайталап ойнай берсең, одан өзің де жалығасың.

Актерлік өнер – тірі өнер. Мұндағы басты нәрсенің бірі – көрермен сенің сомдап жатқан кейіпкеріңді толық терең түсіне отырып, актрисаның ойнынан кейіпкерді ашып жеткізудегі шеберлігіне тәнті болып әрі актирсаның ойынындағы сиқырға арбалып, келесі жолы театрға сол түсініксіз энергетиканы іздеп қайта келеді. Бұл – өнердің құдіреті.

— Өзіңіз жұмыс істеп келе жатқан жылдар ішінде театр өнері қаншалықты өзгерді, өсті деп ойлайсыз?

Театр өзгерістерге толы. Сырттан келіп, спектакль қойған режиссерлер және театрдың режиссерлері мен актерлер құрамы да жаңалық енгізуден, қазіргі заман тұрғысынан, қазіргі көрермен деңгейіне, қабылдауына қарай түрлі жаңалықтар енгізуден шет емес. Сондықтанда театрда өсу бар деп айтуға болады. Оның үстіне қазіргі көрерменнің қалауы да күшті. Өйткені, ақпараттық заманда өмір сүріп жатқандықтан қалаған адам өзге елдің театр өнерінен хабардар болып, олардың қойылымдарын көруге мүмкіндік туды. Бұл өз кезегінде көрерменнің театрға деген талғамын, қалауын өсіреді, өзгертеді.

— Неден қорқасыз?

Бос уақыттан қорқамын. Себебі, бос уақытым бола қалса, ішкі жалғыздығымды жаныммен сезініп, құлазып қаламын…

— Ішкі күйіңіздің осындай халі Сіз өміріңіздің жаңа бір кезеңіне өткелі тұрғаныңызды меңзейтіндей…

Өзім де сол жаңа кезеңнің алдында тұрғандай сезімде жүрмін. Тек өзім үшін өмір сүріп, уақытымды өзіме арнағым келеді.

— Солай болуына тілектеспіз! Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан – Өміржан Әбдіхалықұлы