Стати ісі: Қазақстанның Қашағандағы үлесін, Ұлттық қор қаржысының бір бөлігін бұғаттау процесі жүріп жатыр. Кепіл қоюдың қажеті жоқ

60

Қазақстан билігі АҚШ-та Колумбия округтік сотының молдовалық бизнесмен Анатол Стати тобының шағымы бойынша шыққан арбитраж үкімін орындату туралы шешіміне қарсы шағымданып жатыр.

Бұл туралы әділет министрі Марат Бекетаев 16 қарашада Астанада өткен Қазақстандағы судьяларды іріктеу жүйесін жаңғырту жөніндегі жиын арасында журналистерге хабарлады.

Әділет министрінің сөзінше, биыл 23 наурызда Колумбия округтік соты Статидің шағымы бойынша арбитраж сотының шешімін заңды деп таныған. Қазақстан үкіметі бұған дейін Англия соты Анатол Статидің сот шешімін орындату жөнінде түсірген шағымы бойынша процесте Қазақстанның пайдасына шешім шығарғанын айтып, Колумбия сотының шешіміне апелляциялық шағым түсірген. Министрдің айтуынша, Стати тарабы алғашқы арбитраж сотының шешіміне “алаяқтық жолмен қол жеткізгендіктен” АҚШ аумағында оны мойындауға болмайды.

Әділет министрлігінің хабарлауынша, Қазақстан тарабының апелляциялық шағымы бойынша сот шешімі 28 қарашаға белгіленген.

Министр Бекетаев апелляциялық шағым сот шешімін мәжбүрлі түрде орындау процедурасын тоқтатпайтынын, сондықтан, Қазақстан бұл процедураны тоқтатуды сұрап өтініш білдіргенін айтады. “Сот шешімін мәжбүрлеп орындау процесі барысында екі өтініш жасалды. Біз тоқтату (сот сот шешімін мәжбүрлеп орындауды – ред.) туралы өтініш түсірдік, ал Стати Вашингтон округтік сотының шешімін басқа штатта тіркеп, сол штатта мәжбүрлі түрде орындау процесін бастауды сұрады. Сот біздің өтінішімізді орындаудан бас тартты. Себебі, заң бойынша сот шешімін мәжбүрлі түрде орындауды тоқтату үшін, кепіл қою керек. Яғни, Қазақстан Вашингтон сотының арнайы есепшотына 530 миллион доллар салса, сот шешімін мәжбүрлеп орындау тоқтатылып, апелляциялық сот шешімін күтетін едік. Бірақ біз олай істеуден бас тарттық. Өйткені, Еуропаның бірнеше елінде Қазақстанның Қашағандағы үлесін, Ұлттық қоры қаржысының бір бөлігін бұғаттау процесі жүріп жатыр. Бізге кепіл қоюдың қажеті жоғын айттық” деді Марат Бекетаев.

Ол Колумбия округтік соты Статидің өтінішін де қанағаттандырудан бас тартқанын айтты.

Былтыр желтоқсанда New York Mellon банкі молдовалық бизнесмен Анатол Статидің Қазақстан үкіметіне қарсы арызы бойынша Қазақстан Ұлттық қорының 22 миллиард доллар қаржысын бұғаттаған.

Қазақстанның мұнай-газ саласына инвестиция салған Стати мемлекеттік органдар өзін “инвестициясын тым арзанға сатуға мәжбүрлеу үшін қыспаққа алғанын” айтады. Астана бұл айыптауды терістеп, Статиді “алаяқтық жасады” деп айыптайды.

azattyq.org