Президент мақаласы: Құлдық санадан құтылудың жолы

93

Президент Назарбаевтің «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы Анкарада талқыланды. Мақала жарияланған 21 қараша күні Түркия астанасында білім алып жүрген отыздан аса қазақстандық студент саясаттанушы, тарихшы ғалым Берік Әбдіғалиұлымен кездесу өткізді.

Елден жырақта жүрсе де елдегі саяси оқиғаларға бейжай қарамай, әр салада жүрген студенттер таңертең ғана жарияланған Елбасы мақаласымен толықтай танысқан. Түрік елінде тәлім үйреніп жүрген жастар «Түркі конгресі» сияқты бастамаларды бірауыздан қолдайды. Ғұн, сақ дәуірінен Алаш Ордаға дейін, Тәуелсіз Қазақстан тағдырына дейінгі тарихты қамтыған кеш 4 сағатқа созылды. Қазақ жеріндегі тарихи қалыптасу мен мәдени, саяси өмірі туралы қызу талқы өрбіді. Берік Әбдіғалиұлына жастар белсенді сұрақ қойып, ашық дискуссия жасап, пайым-пікірлерімен бөлісті.

Журналистика, тарих, компьютер инженериясы, дінтану сияқты түрлі мамандықтарда магистрлық, докторлық оқып жүрген студенттер президент Назарбаевтің мақаласын жылы қабылдағанын, қойылған міндет-мақсаттардың қажеттілігін бірауыздан атап өтті.

Анкара Хажы Байрам Вели университетiнiң докторанты Мырзахан Байжанұлы кешке модераторлық етті. «Көк Ту» Қазақ мәдениетi қауымдастығы Төрайымы Ләззат Мүләзiмоғлу мен негiзiн қалаушы мүшесi Асел Лахаева студенттер өмірі туралы сөз сөйледі. Кония қаласынан келген филолог Елдос Сүлеймен «Архив-2025» бағдарламасын көп үміт артып, Қытайда ашылмай жатқан деректің көп екендігіне назар аудартты. Ал, домбырашы Ержан Арқабай Анкарада өзі ашқан домбыра курсына қызығушылардың көп екендігін, ортақ мәдениет пен музыканың, әдебиет пен философияның түркі әлемі үшін маңызын айтып өтті.

Кездесу барысында сонымен қатар Кенесары ханнан бері қарайғы отарлыққа қарсы күрестер мен Алаш қайраткерлерінің мемлекет құруға талпынысы, желтоқсан көтерілісінің мемлекет тәуелсіздігіндегі алар орны айрықша атап өтілді.

Жастарды тыңдаған Берік Әбдіғалиұлы «Рухани жаңғыру» идеясының мән-мағынасы мен миссиясы турасында кең түсінік берді.

 

Берік Әбдіғалиұлы. Мемлекеттік санамызды көтеріп, рухты биіктетін тарихтағы есімі ұлы тұлғалғар, батырлар, ерлік дастандары

«Мақала шынында да біздің рухымызды көтереді. Аталарымыздың атты әлемде алғаш қолға үйретіп бізге мақтаныш сезімін сыйлайды. Бұрын да білетінбіз, бұны Елбасының айтқаны бөлек. Өйткені бізге шын мәнінде мақтаныш сезімі керек. Бұл құр мақтаншақтық деп ойламаңыз, мақтаныш сезімі рухтандырады Рух дегеніміз ұлттық код, қазақша айтқанда тектілік. Ол кетпейді, өзін іздейді. Жапон да, неміс те инновациямен, жасампаздықпен әлем алдында өздерін қайта мойындатты. 

Мемлекеттік сананы көтеріп, рухты биіктетін тарихтағы есімі ұлы тұлғалғар, батырлар, ерлік дастандары. Монғолдар Шыңғысхан қолбасшылық даңқымен мақтанады, өзбектер Шыңғысханнан кейінгі жарты әлемді жаулаған Әмір-Темірдің есімін ту етсе, қырғыздарды Манас жыры барша әлемге танытты. Ататүрік болса түрік ұғымы төңірегінде топтастырып, ұлттық қозғалыс ұйымдастырып, Түркияны құрды. Елбасының мақаласында тұлғалар арқылы рухымызды тіктеу ерекше сөз болып отыр. Біз өкінішке орай соншама жыл бодандықта болып азат рухымызды түсіріп алдық. Кейін қалғандай сезінетін комплекс пайда болды. Біз дұрыс мақтана білмейміз.

Біз ұлтты біріктіретін тұлға таба алмай жатамыз. Абылайханды білуіміз мүмкін. Көптеген хандарымыздың тұлғалық, қайраткерлік болмысын тани алмадық. Хандарға ескерткіш жоқ. Көп тарихымызды ұмытып қалдық. Мысалы Қасым ханның, Бұрындық ханның, Хақназар ханның еңбегі. Білетініміздей Кенесары ханның образы Ресейдің империялық саясатына қарсы күрестің символы. Оны біздің насихаттайтынымыз бізге сол рух жетіспейді. Қасиетті, киелі жерлер деп біз көбіне сол батырлар жатқан жерлерге мән бердік. Батырлық рухты оятуды мақсат еттік.

Қазақта XIX ғасырда екі таңдау болды. Біріншісі орысқа бодан болу, екіншісі қарсы соғысу. Кенсары мен Жәңгірхан қарсы образдар. Жәңгірхан батыста орыспен дос болайын, елімді дамытайын, балаларды оқытайын, жерімді түгендеп алайын, территориямды кеңейтейін деп орысқа бодан болды. Махамбет, Исатайлар оған қарсы шықты. Кімдікі дұрыс? Сол Жәңгірханның арқасында Бөкей орданы, бүгінгі Оралды, Атырау мен Жайықты сақтап қалдық. Елге жасаған пайдасы өте зор.  Жәңгірхан қаншама қазақ баласын оқытып, мектеп ашты. Қаншама зиялылар шықты. Торғайда Ыбырай Алтынсаринның мектептерінде оқығандарда қазақ даласына екінші рет дүмпу туғызды. Алаш арыстары шықты.  Сол сияқты Мұса Шорманов Арқадағы үлкен тұлға. Аға сұлтан болып Кенесарыны қолдамады. Бірақ сол кісінің ықпалымен ашылған интернатта жастар білім алды. Байларды баласын оқытуға мәжбүрледі. Қазақ оқығандарының үшінші дүмпуі солар болды. Орыстың білімін алды да жолы ашылды. XX ғасырдың басында үлкен зиялы қауым болды. Бір қарасаң бәрі дұрыс. Бірақ, Кенесары да болды ғой қастарында. Олар біріккен жоқ. Жәңгірхан, Мұса Шормановтар, басқаларда қарсы шықты. Біз орысты жеңе алмаймыз, білекпен күрескенше біліммен күресейік, ғылыммен қарсылық жасайық деді. Кенесары керісінше күресті, тұтқынға түсті, қарсылықтан қаны төгілді, жаны қиылды. Мен салыстырмалы түрде бірнеше тұлғаның образын қарап отырмын. Бізде мұндай мысал көп. Кенесарыға халықтың бәрі ерсе қырылып қалуы мүмкін ба еді? Бірақ олар азат кетті, мойын имей, рухы биік, бодан болмай, құл болмаймын деп кетті. Соны біз аңсаймыз. Өйткені бізде батырлық жоғалып, соны қалпына келтіре алмай жатырмыз.

Құлдан ақыл сұрама дейді. Біз әлі күнге дейін құлдық санадан құтыла алмай жалтақтап келеміз. Керісінше бір-бірімізге тиіскіміз келіп тұрады. Тіпті бізде ашаршылық туралы материал жоқ. Санамызға үрей сіңіп кеткен. Созақта 1931 жылы аштық кезінде көтеріліс болған. Соған қатысқан 300 шақты кісі әлі ақталмаған. Оларды ақтауға ҰҚК «Олар репрессияның құрбаны емес қылмыскер болды ғой, Қызыл әскерге қарсы соғысты, адам өлтірді» дейді. Ондай көтерліс Абыралыда, Маңғыстауда, Шұбартауда, Ақсуда да болды. Бірақ соның саяси себебін қарағысы келмейді. Біз осылай 200 жылдан бері жаншылып кеткен өзіміздің азаттық аңсаған, батырлық рухымызды қалпына келтіре алмай жатырмыз. Аштықтан, репрессиядан ұлттық кодымыз бәсеңсіп қалды. Сондықтан, Ұлттық рухымызды тірілтуге, мемлекеттік санамыз бен ұлттық тұтастығымызды қалыптастыруға, кеудесін мақтаныш кернеген халық болуымызға, тұтас тарихи сана-сезімді қалыптастыруға Елбасы мақаласының маңызы зор.

Елбасының жазғаны мақала. Бұйырық емес, бағдарлама емес. Ал, осы мақала аясында ғалымдарға үлкен жүк артылып отыр. Арғы тегімізді зерттеп, ұлы халықтың мұрагері екенімізді дәлелдеу, деректерді ғылыми айналымға енгізу ғалымдардың жұмысы.»

Таяу Шығыс техникалық университеті түлегі, Анкарадағы АНКАСАМ зерттеу орталығы Еуразия бөлімінің басшысы, PhD доктор Дінмұхаммед Әметбек Елбасы мақаласын тарихпен сабақтастыра талдады.

Дінмұхамед Әметбек. Түркі өркениетінің XXI ғасырда жаңа бір белеске жетуі негізінен Қазақстанға байланысты

 

 

«Елбасының мақаласын Түркияның мәдениет пен бірегейлік мәселелерінде басынан өткізген тәжірибесін ескере отырып талдасақ, түсінірек болады. Екі елдің салыстыратын болсақ, Османлы патшалығында түріктер екінші сорттағы адамдар болып саналатын. Балқан түбегіндегі христиандардың балалырының мұсылманша тәрбиеден өтуі арқылы қалыптасқан Османлы элитасы түрік шаруаларды «надан, санасыз, жабайы түрік (Etrak-ı bi İdrak)» деп атайтын.  Алайда Османлы мемлекеті ыдыраған тұста арабтар, албандар, балқандықтар бөлек-бөлек мемлекет болып кетті де, елге ие болып түріктер қалды. Мұстафа Кемал паша мен серіктерстері билікке келіп жаңа республика құрғанда бұл мемлекетке жаңа бір біріктіруші идеология қажет болды. Осылайша «түркілік болмыс, түркі бірегейлік» күнтәртібіне келді. Олар сөйтіп жаңа мемлекетке «Түркия» деген атау береді. Оған дейін «түрік» сөзі көп қолданылмайтын. Басқалар, әсіресе еуропалықтар оларды «түрік» деп атаса да, түріктер өзін османлы деп келді. Ататүрік екінші сорт саналып келген халықтың рухын көтеру үшін «Түрік болу қандай бақыт!» дейтін сөзді жалпыхалықтық ұранға айналдырды.

Қазақстанда, ашығын айту керек, Кеңес үкіметінде қазақтар екінші сорттағы адамдар сияқты еді. 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі осындай теңсіздікке қарсылықтан туды. Біз тәуелсіздік алып, дербес мемлекет болдық. Бірақ бастапқыда Елбасының басымдылықтарында ұлттық идеология болған жоқ. Басымдылық экономиканы көтеру болды. Екінші жағынан,  Қазақстанның демографиялық жағдайы да мұндай саясатқа мүмкіншілік бермеді. Қазақстанда реформалар «Алдымен экономика, сосын саясат» моделінде жүрді. Ішкі саясатымызда да, сыртқы саясатымызда да осылай болды.

Арадан ширек ғасыр өтіп, қазақтар демографиялық жағынан да, экономикалық жағынан да есін жиғаннан кейін бізге жаңа бір рух беретін, біріктіруші идея қажет болды. Білесіздер, осы мақсатта бір жарым жылдан бері «Рухани жаңғыру» жүріп жатыр. Түркия мен Қазақстанды салыстыруды жалғастырсақ, Түркия түрікшілдік идеологиясын қалыптастыру үшін арнайы ғылыми зерттеу жасады. Түрік тілі инститиутын құрып, бүгін қолданып жүрген «Ыстамбұл түрікшесін» қалыптастырды. «Қалыптастырды» дегенде, тілді қайдан алады? Әрине Түркістаннан. Қазақ тілінен, қырғыз тілінен алады. Әсіресе мемлекетті басқаруға қатысты «ұлыс», «құрылтай», «егемен» деген сияқты сөздер. Екіншіден, тарихи сананы жандандыру үшін Түрік тарих институтын құрады. Сонау ғұн дәуірінен бастап бүкіл түркі тарихын түрік тарихы деп жазады. Қызық дерек, Түркияның қарулы күштерінің құрлық әскерлерінің құрылу датасы біздің дәуірімізден бұрынғы 220 жыл. Бұл ғұн әскері құрылған жыл. Мүмкін болғанша арыға, ескіге сүйрейді. Осылайша Ататүрік бұл реформаларды жүзеге асырды. Бірақ бұл оңай болған жоқ. Өйткені Түркия ислам әлемі идеологиясы бар Халифат болып саналатын Османлы империясының мұрагері еді. Оның үстіне елдің Еуропалық болмысы да бар еді. Осман империясы құрылғанда Византияның мұрасын алған еді ғой. Сонымен Түркия құрылғанда «түрік» атауын иемденді. Түрік өркениетіне ие болды. Бірақ уақыт өткен сайын қоғамдағы түрлі топтар әр жаққа тарта бастады. Түркияның түркілік болмысына қарағанда, исламдық және еуропалық болмысы ауыр баса бастады.

Ал Қазақстандағы қазақ ұлтының ұтып тұрған жағы мынау қазақтар атам заманнан бері аталарының ғасырлар бері өмір сүріп жатқан жерін мекен етеді. Бүгін президент мақаласында айтылғандай, қазақтың ру аттары қазақ атауынан да ескі. Қазақтың рухын көтеру үшін осы рулардың тамыры тереңде екенін көрсету керек. Мақалада айтылғандай біреуді кемсіту мақсатымыз жоқ, бірақ қазақтар ата-бабасын тануы, солармен мақтануы керек. Мысалға ұлы жүздің ішіндегі қаңлы руы. Бұл рудың тарихын зерттесеңіз анау ғұн дәуірінен бірақ шығады. Қытай деректерінде «Сырдың бойында қаңлы деген ел өмір сүреді, олар тамақтан бұрын және кейін қолдарын жуады» дейді. Дулат руын қарайық, Болғарияның хандар шежіресінде барлығы дулат болатынын жазады, Аспарух дулат деген сияқты. Қоңырат руын алайық, Молдавада Гагаузия деген автономия бар. Оның астанасы Комрат, бұл негізінде қоңырат, Ноғай бидің қарамағындағы қоңыраттардың салған қаласы. Жалайыр руы бір кезде Бағдатты жүз жыл билеген. Тарихшы Есенбике Тоғанның зерттеуіне қарағанда, Қырым хандары Гирай әулеті керей ханы Тоғырылдың ұрпақтары еді. Осылай зерттей берсек дерек көп, тарихымызға терең енген сайын біздің рухымыз көтеріледі.

Президентіміз «Ұлы даланың жеті қыры» деп жеті құндылығымызды санаған. Атқа міну, ежелгі металлургия, аң стилі, алтын адам, түркі әлемі бесігі, ұлы Жібек жолы  және алма мен қызғалдақтың отаны. Бұл жерде Қазақстанның түркілік болмысы маңызды болып табылады. Мағжан Жұмабаев Түркістан өлеңінің соңында

«Тұранда түрік ойнаған ұқсап отқа,

Түріктен басқа от боп жан туып па?

Көп түрік енші алып тарасқанда,

Қазақта қара шаңырақ қалған жоқ па?!» дейді. Президент те мақаласында «Қазақ елі түркі әлемінің қара шаңырағы» деді. Қара шаңырақ мәселесін қазақ шежіресіне қарайтын болсақ, «Түркімен төр ағам, Өзбек өз ағам» дейтін мақал бар. Осы мақалды Мәшһүр Жүсіп Көпеев былай талдайды: «Түркиядағы түркімендер (түріктер) қазақтардан бес ата үлкен, өзбектер үш ата үлкен» дейді. «Олар еншісін алып кеткен кезде қазаққа қара шаңырақ қалды» дейді. Расында да географиялық және геомәдени ерекшелігіне қарасаңыз, Қазақстан түркі әлемінің дәл ортасында орналасқан. Ұлы дала еліміз дейміз ғой, осы жалпақ дала Қазақстанда анау сақ, ғұндардан бастап, көк түріктер, Алтын орда боп жалғасып келе жатқан сабақтастықтың үзілмеуіне мүмкіндік жасады. Бұның нақты үлгісі «төре» ұғымы. Өкінішке орай қазақтардан басқа түркі тектес елдерде шежіре ұғымы, төрелер, рулар ұмытылып бара жатыр.

Төре – Шыңғысханның тұқымы ғой. Төрелерді құрметтейміз. Олар неге төре деп аталды десек, «төре» деген сөз «заң» деген мағынаны білдіреді. Осыдан келіп, төрелер заңдылық пен мемлекеттілікті ұстап тұрған адамдар деген мағына шығады. Бәлкім «төрік» яғни «түрік» деген атау да осы «төре» сөзімен мағыналас шығар. Осы ұғымдарды сақтап қалғаны үшін Қазақстан геомәдени жағдайда түркі әлемінің орталығы болып тұр. Бұл бір жағынан қазақтарға белгілі бір жауапкерлішік артады. Мысалға, Елбасының «Бүгінде төл тарихымызға оң көзқарас керек. Бірақ қандай да бір тарихи оқиғаны таңдамалы және конъюктуралық тұрғыдан ғана сипаттаумен шектелуге болмайды.» деген түсінік Қазақстан тарихын тұтас тарих деп қабылдауды қажет етеді. Осыны, мысалға, Өзбекстан тарихы түсінігімен салыстыратын болсақ, Өзбекстан ресми тарихы Әмір Темір империясын иемденеді де, одан бұрынғы Шағатай ұлысын мемлекеттілігінің бір бөлігі деп қабылдамайды. Екіншіден, Өзбекстанға «өзбек» атауын алып барған Шайбани мемлекетіне де мән бермейді. Оны да қабылдамайды. Осы тұрғыдан Қазақстанға түсіп тұрған жауапкершілік  түркі мемлекеттері арасындағы сабақтастықты жалғастыру. Қуанышқа орай, қазақтар сақтардан бастап Алтын ордаға дейінгі барлық мемлекеттерді арғы тегіміз деп айта алады. Өйткені барлығын біздің аталарымыз құрған.

Орхон тасжазбаларынды «Ел» мен «төре» сөздері тіркессөз ретінде көбінесе қатар қолданылса, Махмут Қашқари еңбегінде «Ел қалар, төре қалмас» деген мақалды келтіреді. Бұған былай түсініктеме берсек болады: саяси құрылымдар ескіріп, өткен шақта қалады, жойылып кетеді; ал әдет-ғұрып пен салт-дәстүр ескірмейді. Мемлекет құласа да, жойылса да, сол мемлекетті қалыптастырған «мемлекет түсінігі» жойылмайды. Содан болар «Мәңгі ел» қайта-қайта қалпына келіп отырған. Өйткені Түркілердің мемлекеттері ыдыраса да, ол елдің негізі, рухы – төре, яғни ел болу түсінігі халықтың санасынан шықпаған. Осы сабақтастық жағынан қазақтар Ұлы көшпенділердің тікелей ұрпақтары болып саналады.

Тіл тұрғыснан айтсақ, Махмұт Қашқари  бір сөзінде «Нағыз таза түрік тілін қалаларға келмейтін, Ұлы далада көшіп жүрген түркілер сөйлейді» дейді. Ол көшіп жүргендер қазақтар. Басқаша айтқанда, қазақтар түркі тілінің ең тұнық үлгісін сақтап қалған. Демек түркі тілдерінің болашағы қазақ тіліне байланысты.

Сондай-ақ діни көзқарас тұрғысынан да қазақтардың Яссауи жолына негізделген дүниетанымы да өте өзекті. Яссауидің түркі әлемі үшін маңызды екендігі белгілі. Түркілердің түркілік болмысын сақтап қалуы үшін, арабтанбауы үшін, уахаби-сәлафи ағымдарынан қорғану үшін Яссауи ілімін жандандыру керек. Осы тұрғыдан президенттің Оңтүстік Қазақстан облысын Түркістан облысы деп өзгертуі және облыс орталығын Шымкенттен Түркістанға көшіруі, шынын айтқанда, халықаралық саясат тұрғысынан үлкен ерлік. Өйткені Түркістан атауынан Қытайдың өзі үркіп отыр. Ресей де секемденеді. Иран да қуанбайды. Осындай жағдайда біздің Түркістан атында облыс құруымыз ерлік. Сондықтан Түркістан облысының Қазақстанның Түркі әлемінің қара шаңырағы ролінде маңызы зор. Қысқасы, Яссауидың ілімін, яғни түркілік-ислам түсінігін жандандырып, күшейтуіміз керек.

Қорыта айтқанда, Қазақстан – Түркі өркениетінің бесігі, Түркі әлемінің қара шаңырағы. Егер біз ата-бабаларымыздың бізге қалдырған мұраларын, жыр-дастандарын, ертегілерін, шежіресін, тілін, ділін сақтап қала алсақ рухы биік, мықты елге айналамыз. Сонда ғана алпауыт Қытай мен алып Ресейдің ортасында тең дәрежеде бір мемлекет боламыз. Бір ауызбен айтқанда, Түркі өркениетінің XXI ғасырда жаңа бір белеске жетуі негізінен Қазақстанға байланысты».