Кеше, 23 маусымда, Бөкей ордасы ауданына қарасты Сайхин ауылындағы теміржол өткелінде Shacman жүк көлігі мен құрамында 90-нан астам вагоны бар тепловоз соқтығысты. Вагондардың бір бөлігінде сұйытылған газ тасымалдайтын цистерналар болған.
Жол-көлік оқиғасынан кейін әлеуметтік желілерде пойыз құрамасында химиялық заттар болғаны туралы ақпарат тарады. Бұл көршілес ауыл тұрғындарының экологияға байланысты алаңдаушылығын туғызды.
Алайда БҚО Төтенше жағдайлар департаменті мұндай қауіптің жоқ екенін мәлімдеді.
Оқиғаға Shacman көлігінің жүргізушісі пойызды өткізіп жібермей, теміржолда тоқтамай өтуі себеп болған. Соқтығысудан кейін тепловоз тұтанып, 67 жастағы жүк көлігінің жүргізушісі қаза тапты.
«Алдын ала мәлімет бойынша, сұйытылған газдың төгілуі тіркелген жоқ. Бұл – экологиялық және техногендік қауіптің алдын алуға мүмкіндік берді», – деді БҚО ТЖД өкілдері.