Досқалиев: Қайтыс болған адам органдарын трансплантациялау күрт азайды

10
6 желтоқсан күні Ақтөбедегі медицина орталығында мәйіттің ішкі органдарын трансплантациялау мен оған қатысты проблемаларға арналған аймақтық жиын өтті. 

Ұлттық трансплантация орталығының директоры Жақсылық Досқалиевтің айтуынша, Қазақстанда биыл мәйіттің ішкі органдарын трансплантациялау күрт азайып кеткен. 2017 жылы Қазақстан бойынша 24 мәйіттің органдары науқас адамдарға трансплантацияланса, биыл 9 адамның ішкі органдары алынған. 

– Қазақстанда 2250 науқастың бүйрегін, 450 науқастың бауырын, 150 науқастың жүрегін және 10 адамның өкпесін ауыстыру керек. Науқастардың көпшілігі донор ағзаларына қол жеткізе алмаған күйі өліп кетіп жатады. Донор табылған күннің өзінде олардың 70 пайызының бойынан түрлі инфекциялар табылады. Яғни, бойында инфекциясы бар мәйіттің органы трансплантацияға жарамсыз. Оның үстіне, қазақстандықтардың трансплантацияға деген көзқарасының нашарлығы да жағдайды қиындатып отыр. Әсіресе, елдің оңтүстігіндегі Түркістан облысы, Тараз қаласы мен батысындағы Маңғыстау облысында мәйіттің ішкі ағзаларын алуға қарсылық білдірушілер өте көп, – дейді Жақсылық Досқалиев. 

Ұлттық трансплантация орталығының Қазақстанның батысындағы үйлестірушісі Валентина Арыстанованың сөзіне қарағанда, Ақтөбеде биылдыққа бір адамның ғана туыстары оның органдарын трансплантациялауға келісім берген. 

– 2017 жылғы 4 маусым күні ауыр ми жарақатынан қайтыс болған Серікболсын Көшербайдың туыстары “марқұмның ішкі органдары туыстарының рұқсатынсыз трансплантациялады” деп жергілікті дәрігерлермен соттасқанын білесіздер. Осыдан кейін облыста мәйіттің ішкі органдарын трансплантациялау күрт азайып кетті. Біз донорлықты ұсынатын пациенттердің 80 пайызының туыстары түбегейлі қарсылық білдіреді, – дейді Валентина Арыстанова.

Оқи отырыңыз: Трансплантация дауында қарсы тараптар түрлі кодекстерге сүйенеді

Ресми дерек бойынша, қазір Ақтөбе облысында бүйрегін ауыстыруды қажет ететін 137 науқас бар. 37 адамның бауырын, төрт адамның жүрегін және бір адамның өкпесін трансплантациялау қажет.

Azattyq.org