Сенат Каспийдегі “Құрманғазы” кенішін ары қарай барлауды мақұлдады

8
Қазақстан парламентінің сенаты желтоқсанның 6-сы күні Каспий теңізінің қазақстандық секторындағы “Құрманғазы” мұнай кенішін Ресеймен бірлескен жоба аясында әрі қарай барлауды мақұлдады.

Жалпы отырыста сенат депутаттары “Қазақстан мен Ресей арасында Каспий теңізінің солтүстік бөлігінің қайраңын пайдалану мақсатында бөлу туралы” 1998 жылдың 6 шілдесінде қабылданған хаттамаға қосымша хаттаманы бекітті.

Қараша айында Қазақстанның энергетика министрі Қанат Бозымбаев “ҚазМұнайГаз” ұлттық компаниясы мен Ресейдің “Роснефть” компаниясы Каспий теңізінде “Құрманғазы” кенішін зерттеуге кем дегенде 30 миллион доллар бөлетінін журналистерге хабарлаған. “Құрманғазы” жобасы 2005 жылы шілдеде жасалған өнімді бөлу туралы келісім аясында жүзеге асырылады.

Болжам бойынша, “Құрманғазы” кенінде шамамен бір миллиард тонна көмірсутегі ресурсын өндіруге болады. 2017 жылы қарашада Қазақстан мен Ресей Каспий теңізінің солтүстік бөлігін бөлу туралы мемлекетаралық келісімге қосымша хаттама қабылдаған.

Сенат бекіткен қосымша хаттама барлау жұмыстарына жүргізуге қосымша алты жыл беруді, одан соң тағы төрт жылға ұзартуды қарастырады.

Azattyq.org