Түркістанда Ясауи кесенесі төңірегіндегі құрылыс жұмыстары шектеледі.

24 желтоқсан, 2024 / Arasha.kz

Мәжіліс «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» заң мен оған ілеспе түзетулерді екінші оқылымда қабылдады. Заңды Мемлекет басшысының тиісті тапсырмасын орындау мақсатымен Ұлттық экономика министрлігі әзірледі.

Мақсаты – Түркістанды Қазақстанның рухани-мәдени, тарихи және туристік орталығы ретінде қалыптастыру, тарихи-мәдени мұраны қорғау және рухани нысандардың бірегейлігін сақтау.

Заң аясында Қожа Ахмет Ясауи кесенесі қорғау аймағының шекарасынан 100 метр қашықтықта биіктігі жеті метрден асатын, сондай-ақ тарихи ескерткіштермен ауқымы, түсі және құрылыс материалдары бойынша үйлеспейтін нысандардың құрылысына тыйым салынады.

Сондай-ақ қолөнершілер шығындарының бір бөлігі – 10%-нан 25%-на дейінгі аралықта жергілікті бюджет есебінен өтеу қарастырылған. 

Түркістан қаласы әкімдігіне 27 қосымша өкілеттік, ал мәслихатқа 7 өкілеттік беріледі.

Ілеспе түзетулер аясында Қазақстан Республикасының Жер кодексіне, «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы», «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы», «Қазақстан Республикасындағы туристік қызмет туралы» заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі.