Атырау вагон жасау зауытының жұмысшыларының айтуынша, зауыттағы қызметкерлердің 90 пайыздан астамы – Қазақстан азаматтары. Алайда басшылық құрамның көпшілігі мемлекеттік тілді білмейді, бұл өзара түсіністікке кедергі келтіреді.
«Мемлекеттік тілді және екі тілді меңгерген азаматтар әкімшілік қызметтерге тартылса дейміз. Бұл – тілдік теңдік пен кәсіби әділеттіліктің көрінісі», – делінген хатта.
Сонымен қатар, діни еркіндік мәселесі де көтерілген.
Жұмысшылардың айтуынша, Құрбан айт мерекесімен оларды ешкім құттықтамаған, ал жұма намаз оқу туралы өтініштері жұмысынан айырылу қаупіне әкелген:
«Бір сағат та уақыт бермейді. Сұрағандар салдарынан қорқады».
Олар жұма намазын оқуға рұқсат беріп, кішігірім бөлме бөлуді сұрайды.
«Бұл өндіріс процесіне кедергі келтірмейді, бірақ рухани тыныштық пен адал еңбекке әсер етеді», – делінген үндеуде.
Жұмысшылар бұл үндеуді шағым емес, «татулық пен құрметке шақырған үн» деп атап өткен.
Атырау вагон жасау зауыты — 2023 жылы Texol компаниялар тобы іске қосқан өндірістік жоба.
Зауыт жүк вагондары, платформалар мен цистерналар шығарады. Жүздеген жұмыс орны құрылып, жылына 8 мың вагон шығару жоспарланған.
Кәсіпорын өңірді индустрияландыру мен импортты алмастыру бағдарламасында маңызды рөл атқарады.
Аталған жағдайға қатысты зауыт түсініктеме берді:
«2025 жылғы 16 маусымда “Атырау вагон жасау зауытында” қызметкерлер тобы жұмысты 9 сағатқа тоқтатып, бірнеше талап қойды: орыс тілді цех басшысын жұмыстан шығару және еңбек өнімділігін төмендетіп, жалақыны сол деңгейде қалдыру.
Біз бұл әрекетті қысым көрсету және манипуляция жасау деп бағалаймыз. Цех басшысы – білікті маман. Кейін оқиғаға қатысқандардың басым бөлігі жұмысқа қайта оралып, жаңсақ түсінікке ұрынғанын айтты.
Жұмыс беруші құқық қорғау органдарына және сотқа жүгінді. Тексеріс жүргізілді — ешқандай заңбұзушылық анықталған жоқ.
Атырау вагон жасау зауыты — Texol тобының бір бөлігі. Топ өңірде 25 жылдан астам уақыт бойы жұмыс істеп келеді. Ұжым — көпұлтты, барлық ресми құжаттар қазақ және орыс тілдерінде жүргізіледі. Қызметкерлер еңбек шарттарымен және жұмыс кестесімен алдын ала танысқан.
Өндірісте діни рәсімдерге жол берілмейді — бұл заңмен тікелей реттелген.
TEXOL еңбек тәртібін, заңдылықты және ұлтаралық келісімді қолдайды. Біз этникалық немесе діни алауыздық туғызуға бағытталған кез келген әрекетке қарсымыз».