Әулиеатада Алаштың ізі бар

225

Жуырда Жамбыл облысы әкімдігі ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен «Алаш ұстанымы – ұлт мұраты» республикалық ғылыми-тәжірибелік конферециясы өтті. Оған алаштанушы ғалымдар: Мәмбет Қойгелдиев, Сұлтан Хан Жүсіп, Берік Әбдіғалиұлы сында тарихшылар қатысты. Тарихтан мәлім, XX ғасыр басындағы қазақ қайраткерлері Алаш Орда үкіметін жариялаған съезі 1917 жылы 5-13 желтоқсан күндері Орынбор қаласында өткен. Осы тарихи күнге орайластырып, Жамбыл облысында өткен конференциядағы Жамбыл облысы әкімдігі ішкі саясат басқармасының басшысы, «Алаш айтқан асыл сөз» кітабының авторы Берік Уәлидің Алаш туралы айтқан сөзін беріп отырмыз.

Arasha.kz

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында елімізде көптеген іс-шаралар ұйымдасытырылып, ұлт руханиятына сүбелі үлес қосылды. Сондай-ақ Елбасының жуырда ғана жарияланған «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы қазақ тарихын тереңнен танып білуге зор мүмкіндік тудырып отыр. Нақтырақ айтсам, аталған мақаладағы тарихи сананы жаңғыру бағыты қазақтың арғы-бергі тарихын зерттеп, жалпы халыққа таныстыруда таптырмас жол деп білемін.

Тарих туралы сөз қозғалғанда Алаштану туралы айтпай кету әсте мүмкін емес. Өйткені қазақ тарихында алаш арыстарының алар орны ерекше.

Өткен жылы елімізде Алаш орда ұлттық үкіметінің 100 жылдық мерейтойы кең көлемде аталып өтті. Жалпы Алашорда ұлттық үкіметі 1917 жылы құрылғанымен алаш арыстарының ең маңызды саяси шешімдері 1918 жылы қабылданған болатын. Мәселен 1918 жылдың 19 наурыз күні Совет үкіметінің мүшесі, ұлт жұмысын басқарушы комиссар Сталин Мәскеуден Семейдегі Алашорда ұлттық үкіметінің басшылары – Әлихан Бөкейхан мен Халел Ғаббасты телеграфқа шақырады. Осы әңгімеден кейін 2 күн өткен соң Алашорда үкіметі кеңес үкіметін Рсейдегі барлық автономиялы халықтардың кіндік үкіметі деп жариялап, арнайы қаулы қабылдайды. Өкінішке қарай Кеңес үкіметі Алашорда үкіметін мойындамай, уақыт созып жібереді.

Сондықтан да алаш арыстары 1918 жылдың 3 сәуір күні Алашорда үкіметінің атынан Алаш автономиясын жариялау жөнінде РКФСР министрлер кеңесіне жеделхат жіберілді. Алайда Алашорданың талап-тілегіне нақты жауап берілмегеннен кейін осы жылдың 11-12 маусым күндері Алашорданың кеңес үкіметі декреттерінің күшін жойып, уақытша жер пайдалану, әскери кеңес құру, облыстар мен сиездерде Алашорда үкіметінің  кеңестерін құру туралы қаулысы қабылдады. Осы қаулының арқасында 1918 жылы Алаш әскері құрылып, қара халықты қауіп-қатерден аман сақтап қалған болатын.

Бұдан бөлек осы жылдың 5-13 сәуір күндері Омбы қаласында қазақ жастарының тұңғыш құрылтайы өтіп, барлық жастар ұйымы «Жас Азамат» ұйымына топтасты. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлының 2019 жылды жастар жылы деп жариялағанын ескерсек, аталған құрылтай өткен күн назардан тыс қалмауы керек деп есептейміз.

Бір сөзбен айтқанда осыдан жүз жыл бұрын Алаш арыстары қазақтың тарихында айтулы із қалдыратын, қым-қиғаш шешімдер қабылданды. Мұны біз мұқият зерттеп, жалпы халықтың назарына ұсынуымыз керек. Бұл орайда Елбасының «Ұлы даланы жеті қыры» атты мақаласын басшылыққа алып, жұмыс жүргізуге әбден болады деп білемін.

Мысалы «тарихи сананы жаңғырту» деген тарауда Елбасы «Тәуелсіздік жылдарында халқымыздың өткенін зерттеуге қатысты ауқымды жұмыстар атқарылды. Еліміздің тарихи жылнамасындағы ақтаңдақтарды қайта қалпына келтіруге жол ашқан «Мәдени мұра» бағдарламасы табысты іске асырылды. Бірақ, бабаларымыздың өмірі мен олардың ғажап өркениеті жөніндегі көптеген деректі құжаттар, әлі де болса, ғылыми айналымға түскен жоқ. Олар әлемнің бүкіл архивтерінде өз іздеушісі мен зерттеушісін күтіп жатыр. Сондықтан ежелгі дәуірден қазіргі заманға дейінгі кезеңді қамтитын барлық отандық және шетелдік мұрағаттар дүниесіне елеулі іргелі зерттеулер жүргізу үшін «Архив – 2025» жеті жылдық бағдарламасын жасауымыз қажет деп санаймын» деген болатын.

Шыны керек президенттің «АРХИВ – 2025»  бағдарламасы алаш тарихы үшін тамаша мүмкіндік болып отыр. Себебі алаш тарихына қатысты құнды құжаттар Ресей мен Өзбекстан секілді көрші мемлекеттердің мұрағаттарында сақтаулы тұр. Шын мәнісінде мұрағаттағы құнды құжаттарға қол жеткізу үшін арнайы рұқсат алу қиынның қиыны. Рұқсат алғанның өзінде жол жүру, жатын орын және тапқан құжаттарыңды көшіріп елге алып келу сынды шаруалар қыруар қаржыны талап  етеді. Енді осы секілді көптеген кедергілер «АРХИВ – 2025»  бағдарламасы арқылы шешіледі деп ойлаймын.

Елбасы «Ұлы даланың ұлы есімдері» деп аталатын бөлімде
«Ұлы дала Әл-Фараби мен Ясауи, Күлтегін мен Бейбарыс, Әз-Тәуке мен Абылай, Кенесары мен Абай және басқа да көптеген ұлы тұлғалар шоғырын дүниеге әкелді. Сондықтан, біз біріншіден, атақты тарихи тұлғаларымыз бен олардың жетістіктерінің құрметіне ашық аспан астында ескерткіш-мүсіндер қойылатын «Ұлы даланың ұлы есімдері» атты оқу-ағарту энциклопедиялық саябағын ашуымыз керек» деген болатын.

Мемлекет басшысының «көптеген ұлы тұлғалар шоғырына» алаш арыстары да жататыны жасырын емес. Жуырда облысымыздың Ардагерлер кеңесі мен зиялы қауым өкілдері «Тұрар Рысқұлбековтың ескерткіші лайықты жерде тұрған жоқ» деп аймақ басшысы Асқар Исабекұлына ұсыныс айтқан болатын. Зиялы қауым өкілдерінің өтінішінен кейін облыс әкімі Тұрар Рысқұловтың ескерткіші Мамыр саябағына көшіру жөнінде арнайы тапсырма берді.  Саяси қуғын-сүрін құрбандарын еске алуға арналған саябаққа 10-15 алаш арыстарының ескерткіш мүсіндерін орналастыру жоспарланып отыр. Бұл Елбасы айтқандай «атақты тарихи тұлғаларымыз бен олардың жетістіктерінің құрметіне ашық аспан астында ескерткіш-мүсіндер қойылатын «Ұлы даланың ұлы есімдері» атты оқу-ағарту энциклопедиялық саябағы» болмақ. Алдағы уақытта іске асатын жоба Елбасының бастамасымен үндесіп жатыр деп есептейміз.

Нұрсұлтан Әбішұлы «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында «Тарихтың кино өнері мен телевизиядағы көрінісіне» арнайы тоқталғаны өте маңызды болды деп білемін. Себебі қазіргі таңда жастар том-том кітап оқығаннан қарағанда тарихи фильмдерді көргенді қош көреді. Осыны ескерген Елбасы «тез арада Қазақстанның өркениет тарихының үздіксіз дамуын көрсететін деректі-қойылымдық фильмдердің, телевизиялық сериалдар мен толықметражды көркем картиналардың арнайы циклін өндіріске енгізу керек» деп тапсырма берді.

Қазіргі таңда алаш тарихына қатысты көркем және деректі фильмдер мен сериалдар аз да болса түсіріліп жатыр. Мысалы көркем фильм туралы айтатын болсақ Сатыбалды Нарымбетовтың «Аманат» киносы ең бірінші ойға оралады. Ал өткен жылы «Қазақстан» ұлттық телеарнасының тапсырысы бойынша «Тар заман» атты 12 бөлімнен тұратын телесериал көпшілікке ұсынылды. Бұдан бөлек елімізде алаш тарихына қатысты ондаған деректі фильмдер түсірілгені белгілі. Алайда Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласынан кейін алаш арыстарының өмірі мен саяси қызметі жөнінде көптеген көркем фильмдер мен телесериалдар түсірілді деп ойлаймыз.

Негізі Алаш тарихына Әулиеата өңірінің тікелей қатысы бар. Бұл жөнінде жерлесіміз, ардагер журналист Москау Нокрабеков жақсы жазып жүр. Мәселен 1917 жылдың 5-13 желтоқсан күндері Орынбор қаласында жалпы қазақ құрылтайы өтіп, оған Әулиеата өңірінен Әзімхан Кенесарин, Мәулемқұл Байзақов, Мұстафа Бұралқиев, Дінмұхамед (Дінше) Әділев, Имамбек Сарымсақов, Имамберді Ержігітов, Серқұл Алдабергенов  сынды азаматтар қатысқан болатын. Сондай-ақ осы құрылтайдан кейін, яғни 27 желтоқсан күні Тараз қаласында жергілікті қазақ зиялыларының съезі өтіп, Алашорда үкіметінің Әулиеата уездік комитеті құрылады. Құрылтайда Әзімхан Кенесарин комитеттің төрағасы, ал оның орынбасары болып Мұстафа Бұралқиев сайланған болатын. Біз алдағы уақытта Әулиеата құрылтайына қатысқан азаматтарды бұқара халыққа таныстырып, әртүрлі іс-шаралар ұйымдастырсақ деп жоспарлап отырмыз отырмыз. Өйткені жоғарыдағы деректер Әулиеата өңірінің алаш тарихына тікелей қатысы бар екенін айғақтайды.