Ортақ валюта: “Бұл Қазақстанда үлкен наразылық туғызады, тәуелсіздігінен айырылады”

416

Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдер арасында ортақ валюта болуы мүмкін деген ақпараттар соңғы уақытта жиіледі. Ортақ валютаны енгізу бастамасын ұлттық төлем кеңесі ұсынып, оны Ресей қаржы министрлігі қолдап отыр. Ұлттық төлем кеңесінің басқарма басшысы Алма Обаева валюта тек қана электронды ақша болады  деп айтқан еді.

Бұл мәселе Қазақстан баспасөзінде де жиі жазылып, айтылып келеді. Мәселен, dalanews.kz сайтында жарық көрген экономист Рахым Ошақбаевтың еуразиялық экономикалық одағы хақындағы көлемді сұхбатында ортақ валюта туралы да айтылған. Сұхбат алушы – журналист Жанар Төлендинованың “– Ортақ валюта туралы айтпадыңыз ғой. Әсіресе, бұл Ресей сарапшылардың жақсы көретін әрі жиі айтатын тақырыбы…” деген сауалына экономист:

Бірыңғай валюта Қазақстан үшін жат нәрсе. Бұл ешқашан болмайтын нәрсе, өйткен жағдайда Қазақстан ең құнды құндылығы – өз тәуелсіздігінен айырылады.

Сондықтан бәріне ескертіп, өтініш жасаймын, бұл тақырыпты қозғамаңыздар. Әсіресе, Петр Владимирович Своик пен бүйректен сирақ шығарып, болжам жасауды жақсы көретін кейбір қазақстандық «футуролог» мырзаларға айтамын мұны – Қойыңыздар!

Бірыңғай валюта құру туралы кез келген әңгімеге тыйым саламын. Мұның бәрі, негізі, посткеңестік кеңістікті қайтадан кеңестендіруді армандайтын жекелеген сарапшы мен маригинал саясаткерлердің құрғақ қиялы.

ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің ешқайсысы өзінің егемендігінен оңайшылықпен бас тартпайды. Егер қандай да бір саясаткер осындай шешім қабылдаңдар деп белден басатын болса, онда бұл Қазақстанда үлкен наразылық туғызады, – деп өз ойын айтқан.