Шәмші Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияның директоры Ғалымжан Ерназаров әнші Наркенже Серікбаева арасындағы дауға қатысты мәлімдеме жасады. Бұл мәлімдеме дәстүрлі әнші Наркенже Серікбаеваның кеше жариялаған бейнежазбасынан кейін айтылды. Онда әнші филармония басшылығынан қысым көріп жатқанын айтып, облыс әкімінен араша сұраған болатын.
Наркенже Серікбаева өз сөзінде филармония басшылығы тарапынан орынсыз мінез-құлық пен қырындау әрекеттері болғанын, ал қарсылық білдіргеннен кейін концерттерден шеттетілгенін мәлімдеген еді.
Алайда бүгін Ғалымжан Ерназаров бұл айыптауларды жоққа шығарды.
«Мен отбасылы азаматпын. Анам бар, қыздарым бар. Маған қара күйе жағылып отыр. Бұл жала. Мен де заңмен қорғалуға құқылымын. Қазірдің өзінде сотқа шағым түсірілді. Сот шешімін күтейік, сосын толық ақпарат береміз», – деді ол.
Сонымен қатар, ол Наркенже Серікбаеваның «жұмыстан шеттетілдім» деген сөзіне қарсы пікір білдіріп, әншінің жұмысқа жиі келмейтінін, көбінесе той-томалақтарда жүретінін айтты.
«Ол бірде Жезқазғанда, бірде Қызылордада жүр. Ең бастысы, филармонияға мүлде келмейді. Ал біз оған түсіністікпен қарап, жұмыстан босатқан жоқпыз – қателігіміз сол болды», – деді Ерназаров.
Филармония директоры өзі атқарып отырған қызметке біліктілігі сәйкес екенін де атап өтті. Сондай-ақ жақында барған шетелдік іссапары Астана күнін атап өтуге байланысты болғанын, бұл ресми келісімдер аясында (елшіліктің хаты, басқарманың рұқсаты) жүзеге асқанын нақтылады.
Бұл мәселеге қатысты тергеу жүргізілетіні белгілі. Қоғам назары соттың шешіміне ауып отыр.