Америкалық Public Radio International (PRI) осындай сұрақ қоюда. Мақалада полигон кесірінен әлі күнге дейін зардап шегіп жүрген жандар туралы айтылады. Мысалы, туғаннан жүйке жүйесі әлсіз 29 жасар Әсия мүгедектер арбасына таңылып, басқа адамдардың үнемі қадағалауымен күй кешіп жатыр.

АҚШ еліне қарсы ядролық қару жарысында бұрынғы Кеңес Одағы 1949 жылдан бастап 1989 жылға дейін “Семей сынақ алаңы” немесе Полигон деп аталатын аймақта 450-ден астам ядролық сынақ өткізді. Сынақ алаңының өзінде адамдар өмір сүрмегенімен, ядролық шөгінділер мен радиоактивті шаң жел арқылы көрші елді-мекендерге тарап, бес жүз мыңнан бір миллион адамға дейін зардабын тигізді.

Ұқсас мақала:

Үнсіз бомбалар: Қазақстан полигонының мұрасы

Кейбіреулері ядролық сынақтардың салдарынан дереу қайтыс болды, алайда нақты саны белгісіз. Бала тууға қабілетті әйелдер физикалық деформациялары және басқа да неврологиялық ақаулары бар балаларды дүниеге әкелді. Ересектерде өлімге әкелетін бірқатар қатерлі ісік аурулары пайда болды.

Қазақстан бұрынғы Кеңес Одағынан тәуелсіздік алған 1991 жылы Полигон да жабылды. Сол кезден бергі Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев елді ядролық тарихтан алыстатуға тырысқандай болды. Ол полигонды түбегейлі жабуға шешім шығарып, аймақты тазалау және жөндеу жұмыстарын жоспарлау үшін оннан астам азаматтық және әскери сарапшылар сұратты.

Келесі 1992 жылы, мемлекет полигон сынақтарына ұшыраған отбасыларға көмектесуге тырысты. Үкімет өкілдері сынақ орындарына жақын ауылдарға барып, «радиациялық паспорттар» таратты.

Паспорттың алдыңғы беті көгілдір-қызғылт саңырауқұлақ бұлтпен безендірген. Кішкентай, сары түсті құжаттар ауыл тұрғындарының тұрғылықты жеріне негізделіп берілді. Әсем Сүлейменова, сол кезде басқа адамдармен бірге, осындай құжат алды.

Үкімет бұл ядролық сынақтардың залалы тиген 1 323 000 адамды ресми түрде мойындады, бірақ тек 1,057,000 адам радиациялық паспорт алды. Заң бойынша, осындай құжаттары бар адамдар өтемақы және басқа да әлеуметтік төлемдерге – жоғары зейнетақы мен қосымша ақылы демалыстар алуға; 18 жасқа дейінгі балалар өздерінің жеке денсаулығына негізделген тегін медициналық көмек алуға құқылы.

Радиациялық паспорттары бар 700 мыңнан астам адамға 2003 жылдан 2017 жылға дейін шамамен 30,5 миллион доллар төленді. Бұл шамамен жылына 40 доллар мөлшерінде дейді көп адамдар.

Полигоннан аман қалғандардың бірінші ұрпағы басында заң пайдалы жұмыс істегенін айтты. Бірақ Қазақстан өзінің ядролық тарихынан алыстаған сайын, сынақтан аман қалғандар мен олардың ұрпақтары “үкімет бізді ұмытып кетті ме?” деген сұрақ қоюда.

Нан зауытында күзетші болып істейтін Айгүл  мүгедек қызына ғана емес, сонымен қатар полигон сынақтары кесірінен сүт безі қатерлі ісігіне шалдыққан анасына да қамқорлық етуде.

Ал, жарылыстарды көзімен көрген 67 жасар Сәкен Сейсенұлы қазір айына 270 долларға үш үлкен Ziploc қабымен дәрі-дәрмек сатып алуда. Оған қалыпты өмір сүруі үшін ұлы мен келіні көмектесіп жатыр екен. «Мұнда біз қоршаған ортаның [ядролық сынақтардың] тигізетін зардабы үшін айына 3000 теңге (10 АҚШ долларынан аз) қосымша төлем аламыз», – дейді ол. «Бұл түкке тұрғысыз».

Ядролық радиация ДНҚ-ға, гендердің құрылыстық блоктарына зиян келтіреді – зерттеушілердің пікірінше, ядролық сынақтардың нәтижесінде туындаған кейбір денсаулық ақаулықтары бір ұрпақтан екіншісіне ауысуы мүмкін.

Мемлекеттен әлеуметтік қолдау алу үшін радиациялық паспорт болуы керек. Бірақ 1992 жылдан кейін үкімет радиациялық төлқұжаттарды шығаруды тоқтатты, демек паспорттық бағдарлама осы уақытқа дейін зардап шеккен отбасыларда дүниеге келген сәбилерді есепке алмайды.

«Ядролық сынақтардан зардап шеккен кейбір отбасыларда бесінші ұрпақ келуде»,-  дейді Радиациялық медицина және экология институтының ғылым және зерттеу жөніндегі директордың орынбасары Талғат Молдағалиев. «Қазір бұл зерттеулер баяу дамып келеді, кейбір денсаулық жағдайлары генетикалық тұрғыдан негізделетіні дәлелденуде. Біз осы ядролық сынақтардан зардап шеккен адамдардың барлық ұрпақтарына әлеуметтік қолдауды жақсарту үшін әлеуметтік қорғау туралы заңдардың қайта қаралуы және толықтырылуын күтеміз. – дейді Молдағалиев.

Айгүл тәрізді ядролық сынақтан зардап шеккендердің  өміріне үкіметтің кез келген көмегі айтарлықтай жеңілдік әкеледі. «Біз әр таңымызды бақытты әрі ауырмай өмір сүруге үмітпен оянамыз», – дейді ол.