Ұялы телефонды тіркетудің артында не тұр?

1083

Кәдімгі қолымыздағы ұялы телефонымыз басында байланыс құралы ретінде ғана пайда болды да, бүгінде оның қосымша мүмкіндіктері жылдан жылға артып-ақ келеді. Қазір оның көмегімен атқаратын шаруаларымыз аз емес. Сөйлесу, сурет пен бейнежазбаға түсуді былай қойғанда қалаған заттарымызға тапсырыс беру, белгілі бір шоттарға өз есебіңнен қаржы аудару және тағы басқа болып кете береді. Түрлі әлеуметтік желілерге де қалаған жерімізден кіріп, түрлі тақырыптарға қатысты пікір білдіруде «тыңнан түрен» салып жатамыз.

         Қай нәрсенің болсын жақсы һәм жаман жақтары күнгей мен көлеңке секілді қатар жүретіні бар. Жоғарыда тізіп өткен дүниелерді ұялы телефонның артықшылығына балай аламыз. Алайда, адамның оған деген тәуелділігі күннен күнге артып бара жатқанын жақсылыққа жори алмасымыз анық.

         Бірақ, бұл да ештеңе емес боп қалатын секілді. Олай дейтініміз, соңғы айларда Қазақстанның әрбір азаматы қолындағы ұялы телефонын тіркетуі керектігі жөнінде жиі айтыла бастады. Бәлкім, Сіз бен Бізге жеңілдік жасағысы келді ме екен (тиісті орталықтарға барып әуре болмасын деген шығар), 6006 нөмірінен смс-хабарламаның келуі жиіледі. Бар болғаны, сол нөмірге жауап ретінде ЖСН-іңізді жібересіз де, автоматты түрде тіркелесіз. Соңынан ЖСН-іңіз оператордың мәліметтер қорына енгізілгені жайлы жауап келеді, алғысын айтып.

         Ішкі істер министрлігі де бұл жайлы оқтын-оқтын ақпарат таратып жатты. Жыл соңына дейін ұялы құрылғыларды тіркету қажеттігін, олай етпеген жағдайда тіркелмегендеріне келер жылдың 1 қаңтарынан бастап қызмет көрсетілмейтінін, сөндірілетінін ескертіп бақты. Мұнысы ескертуден гөрі қорқытуға көбірек келіңкірейтіндей көрінді бізге. Алаң көңілді елді бұл шара азаматтардың мүддесін қорғау үшін деп сендірді. Мәселен, телефон ұрланған жағдайда тіркелген ІМЕІ-код арқылы таба қояды және басқа. Ал, бұл жаңалық емес екенін ескермейтін сынды. Өйткені, қазір де қолды болған ұялыңызды тауып беруге құлық танытса, әлгі код арқылы дегеніне жетуге қауқарлы ғой. Қайталап айта кетейік, құлық танытса. Себебі, не көп, ұрланып жатқан телефон көп. Сондықтан, құқық қорғау органдары ондай шағыммен бара қалсаңыз, тауып беруге құлшына қоймайды.

         Расында, осы тұста сауал туындайды. Бұл не үшін? Шынымен, айтқандарындай, азаматтардың мүддесін қорғау үшін бе әлде мемлекет мүддесінің қамы ма?! Ұялы телефонды тіркетудің артында тың тыңдау жатқан жоқ па деген сұрақ әлеуметтік желі беттерінде көтеріле бастады. «Бақсақ, бақа екен» демекші, тіркету арқылы жеке деректеріміз мәліметтер қорына ғана емес, осы арқылы қазіргі жалпақ тілмен айтқанда «қораға» кіріп кетуіміз де ғажап емес-ау. Өйткені, телефон арқылы тілдескенде, әлеуметтік желіде қозғалған қоғамдық мәселелерге қатысты жазғанда артық айтпай немесе кем жазбай тұрмайтындар кемде-кем.

         Қала берді, жеке өміріңізге байланысты түрлі хат-хабар алмасасыз, сөйлесесіз дегендей. Оның бәрі сіздің жеке ісіңіз, құпияңыз. Ал, бұл құпиялылықтың сақталуына ҚР Конституциясының 18-бабында кепілдік берілген. Ұялы телефондарды тіркеу турасындағы күдігіміз расқа айналып, аталған құқықтарымыздың сақталуына Конституция да кепілдік бола алмай қалып жүрмесе деген қорқыныш біздікі.

Алмас ЖҰМАҒАЛИ, заңгер:

– Бұл жерде әңгіме ІМЕІ-код туралы ғана емес, ұялы телефонның ІМЕІ-кодына жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН) мен абонент нөмірін тіркеу жайлы болып тұр. Бұл үшеуін бір жерге қосақтау адамдардың негізгі құқықтарына нұқсан келтіреді, қауіп төндіреді деп есептеймін. Неге?

Өйткені, ол арқылы телефон ұрлығын табамыз деулері жай ғана желеу. Себебі, қазірдің өзінде телефонды ІМЕІ-коды арқылы табуға болады. Жан-жағыңызға қараңыз, қанша адамның телефоны табылып жатыр?! Қаншама адам хабарласып, алынған затын, ІМЕІ-кодын, бәрін көрсетіп жатыр. Солармен де арнайы бағдарламасы арқылы табуға болады. Бірақ, олар табылып жатқан жоқ. Өйткені, оған олардың уақыты жоқ.

Әлбетте, сол күні табылатын нәрсе, ол ең қауіпті қылмыстар. Мысалы, кісі өлтіруге, саяси мәселелерге байланысты болсын, сол күні тауып береді. Ол жерде кімнің телефоны жазылған, жазылмағаны емес, сол уақытта сол ауданда қандай телефондар болды және кімдермен байланысты, мұның бәрін дәл сол күні-ақ тауып береді. Мәселен, ондаған жыл бұрынғы Алтынбек Сәрсенбайұлының өлімін еске түсірейікші. Онда қалай тауып берді?! Телефон арқылы тапты. Яғни, ІМЕІ-код арқылы, ол кімге тіркелді, ол телефонға қандай чип салынды, оны лақтырып тастап қандай жаңа чип салынды, ол кіммен сөйлесті, осы арқылы аты-шулы өлімге қатыстыларды келесі күні-ақ тапты. Бұл бірнеше жыл бұрын техникалық мүмкіндіктер аз кезінде болған нәрсе. Ал, қазір одан да жоғары техникалық мүмкіндігіміз бар.

Сондықтан, мұны желеу етіп, оның ар жағында басқа бір нәрселер тұрған сияқты. Әлбетте, 18 млн адамды тыңдау мүмкін емес. Дегенмен, қазір сөз бостандығының жалғыз ғана алаңы қалды, ол – әлеуметтік желі. Оның ішінде – Фейсбук. Ал, фэйсбукқа жұрттың бәрі смартфон арқылы қосылады. Ал, оларға мынандай тіркеу жасау адамға психологиялық тұрғыдан жаман әсер етеді. Яғни, адамдар артық сөз айтуға қорқатын болады. Мәселен, көлікті де тіркейді. Алайда, қайда жүріп-тұрғаныңызды, кіммен не сөйлескеніңізді көлік арқылы біле алмайды ғой. Сондықтан, мұны үлкен қауіп деп есептеймін. Дәл қазіргі Қазақстан жағдайында демократияға, сөз бостандығына, адамның жүріп-тұру бостандығына үлкен соққы деп есептеймін.      

Сәкен ОРЫНБАСАРҰЛЫ