Алматыда Денис Теннің өліміне қатысты іс бойынша басты сот талқылауы жалғасуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі сот залынан.

Арман Құдайбергеновке ҚР ҚК 192-бабының 2-бөлімі, ҚР ҚК 188-бабы, ҚР ҚК 99-бабының 2-бөлімі бойынша айып тағылғанын мемлекеттік айыптаушы айтты.

Ал Қиясовқа ҚР ҚК 192-бабының 2-бөлімі, ҚР ҚК 2-бөлімі, 7-8 тармағы бойынша айып тағылды. Прокурор  айыпталушы Жанар Толыбаеваға ҚР ҚК 188-бабы мен ҚР ҚК 434-бабы негізінде айып тағылғанын жеткізді.

Сот залында Арман Құдайбергенов өзіне тағылған адам өлтіру айыбымен келіспейтіндігін айтты.

«Мен ұрлық жасағанымды мойындаймын. Қарақшылық пен адам өлтіру қылмысын жасау ойымда болған жоқ. Жаңқабаев пен Шəмшиевтің, Теннің айнасын алғанымды мойындаймын»,- деді Құдайбергенов.

Қиясов та өз қылмысын мойындаған жоқ.

Сотталушы Жанар Толыбаева ҚР ҚК 188-бабын 30-бапқа ауыстыруды өтінді. Оның айтуынша, ол қылмысқа бара жатқанын білмеген. «434-бапты да мойындамаймын. Себебі, мен пышақ салып жатқанын көрген жоқпын»,- деді Жанар Толыбаева.