ҮМІТТЕР МЕН КҮДІКТЕР

254

Демократияның жаны…

Конституцияға енгізілген сонғы өзгерістерге қарасақ, еліміз Батыс елдері қызығын көріп отырған партиялық демократия жүйесіне өтіп жатқандай әсер аламыз. Ал партиялық демократия дегеніміз не? Ол – саясаттың жоғарыдан әзірленіп (президент әкімшілігінде), оны үкіметтің, парламенттің, жер-жердегі әкімдердің орындауы емес, керісінше, партиялардың өз бағдарламасын әділ сайлау арқылы, қайталап айту керек шығар, әділ сұрыптау, халықгың сенім артуы арқылы жоғарғы үкіметке арқалап шығуы. Және жеңіске жеткен партияның үкіметке келгеннен кейінгі өзінің саяси бағдарламасының озықтығын 4-5 жыл ішінде дәлелдеуі. Дәлелдей алмаса, бәсеке сайлау сайын қыза береді. Басқа да партиялар халыққа өз қызметін ұсынады. Қысқаша айтқанда, саясат сапасы, оның әзірлену, іске асу бағыты «төменнен жоғарыға» өзгеруі тиіс, яғни саясат халықтан бастау алуы керек. Демократия деп жүргеніміздің қарапайым мақсаты осы ғана. Бұл механизм орнамаса, қанша жерден демократияның декорациясын жасап, конституциясын «сәндеп» қойсаңыз да, саяси жүйеңізге жан кірмейді. Бұл – «екі жерде екі – төрт» сияқты қарапайым ақиқат. Саясатта осы «екі жерде екіңіз – төрт болып» дұрыс шығуы керек. Біз, керісінше, шектен тыс шығармашылықтан, өзімізге тән тапқырлықтарымыздан зардап шегіп отырмыз. Заң, әділдік, саяси даму деген кезде адамзатқа ортақ жүлгелердің бар екенін де ұмытпауға тиіспіз. Ал Конституцияға енгізілген соңғы өзгерістерге қарасаңыз, біз демократияға жан бергелі жатырмыз ба, әлде жөргегінде тұншықтырғалы жатырмыз ба, біле алмай екіұдай күйге түсесіз. Әсіресе, негізгі заңның жаңарған 63-бабын оқығанда, күмәніңіз молая түседі.

Елімізде, шынтуайтына келгенде, демократия о баста өлі туды. Бәріңіз білесіздер, елімізде үкіметіңіз, халық мандатын алып отырған қалаулы парламентіңіз өздігінен қаңдай да бір саяси қадам жасай алмайды. Жылда көріп жүргеніміздей, президенттің жолдауын күтіп отырады. Егер парламенттің орнына заңгерлер департаменті болса, үкіметті таратып жіберіп, президент әкімшілігі ғана қалса, мұнайдың, басқа да шикізаттың арқасында кәсіпкерлердің өгіз қара күшінің есебінен экономикамызда дәл бүгінгідей ақша көбейе беретін еді. Саясатыңыз да, идеологияңыз да қазіргі түрінен көп өзгермейді. «Қазақстан-2030», «Қазақстандық ұлт» сияқты бағыттар ғана мойыңдалып, балама жобалар қазіргідей талқыланбай қала беретін еді. Біз бұл бағдарламалардың мазмұны туралы айтып отырған жоқпыз, ішкі саясаттың жоғарыдан әзірленіп, төменге түсірілетінін, директивалық-әміршіл сипатын ғана айтып отырмыз. Қалай десеңіз де, көзі ашық, сауатты қоғам үшін саны шектеулі адамдардың, жер-жердегі бір ғана әкімнің басына келген қиялдарымен, жарты өміріңізге жететін баламасыз бағдарламалармен өмір сүру – аянышты тағдыр.

Жаңа дәуірдегі «орта ғасырлар»

Сондықтан біз ел болып, қоғам больш, соңғы конституциялық өзгерістерге дейінгі кезеңге әділ бағасын беріп, кемшіліктерін мойындауымыз керек. Біріншіден, бізде сайлау кезіндегі атқарушы биліктің бейтараптығы болған жоқ. Сайлау уакытындағы әкімдердің «қаршығадай жұтынған» колоритті образын сомдап кино түсірсеңіз, әлгі Бораттың мән-мағынасыз комедиясынан еш кем соқпайтын «блокбастер» шығьш тұр. Екіншіден, мемлекеттік органдардың жұмысы жария емес. Тендерлер қалай ұйымдастырылып, әкімшіліктегі әлеуметтік жобалар қалай орындалатыны жалпақ жұртқа, қоғамдық ұйымдарға белгісіз. Еліміздің жер асты байлығын сатудан түсетін қыруар каражат қалай бөлінетінін, бюджетке қандай компаниялар қанша құятынын жұрт біле алмайды. Ұлттық қордың қалай жұмыс істейтіні қара бұқара түгілі, парламентке беймәлім. Кәсіпкер «тағы қай жағымнан қандай сұмдық келеді?» деп қылпылдап жүр. Бізге жертәңірдей көрінетін олардың өзіне Заң, Конституция, азаматгық қоғам қорған бола алмайды. 1 маусымда Н.Субханбердин, М.Әбіләзов, М.Сейсенбаев бастаған оншақты ірі кәсіпкер «біздің қайсымыз болсақ та, Ж.Темірәлиев сияқты жоғалып кетуіміз мүмкін екен» деп жұртшылыққа үндеу жоддап, президенттен пана тіледі. Оппозициядағы саясаткерлер де А.Сәрсенбайұлының, З.Нұрқаділовтың өлімінен кейін, ерікті-еріксіз, қай бұрыштан кім сығалап тұр екен деп қатер сезінеді. Ал осы саяси жүйенің, әлеуметтік институттардың, шенеуніктер жұмысының жариялылығы, біреулер айтқандай, «мөлдірлігі», қоғам (парламент, сот, БАҚ) бақылауының астында тұруы – өркениетті қоғамның басты өлшемі. Сондықтан біз, құрметті оқырман, өркениетті елде өмір сүріп отырған жоқпыз. Біздің өмір сүріп отырған «уақытымыз» белгісіз. XVIII ғасырдағы қазақтың күні бұдан көш ілгері екен. Өзін қанжармен жарып өлген Ботақан үшін Абылай арқадағы хан ордасын тастап, қиырдағы Түркістанға жылыстап барды. Сол жақта аз әскермен өзбекпен соғысты, бармағын шайнап өлді.

Үшіншіден, елде саяси партиялардың, осы партиялар күресінен шығатын саяси бағдарламалардың, идеологиялық ағымдардың шын бәсекесі болған емес. Президент және оның әкімшілігі бұл саяси-идеологиялық бағдарламалар біздің саяси жүйе жағдайында еліміздің бірден-бір бағыты болғаны рас. Және осы баламасыз бағдарламалар бізді бүгінгі жағдайымызға жеткізді. Бұл жерде біздің тоқталатынымыз – елдегі саясаттың әзірлену, іске асу принципі. Билік өзінің осы монополиясымен-ақ еліміздегі ішкі саясатқа әміршіл-әкімшіл сипат берді.

Билік пирамидасының құрбандары

Мұның бәрі конституциялық өзгерістерге дейінгі кезеңнің кемшіліктері дедік. Осы ретте бір оқшау пікір төбе көрсетеді. Біздің қазақ жерінде мемлекет орнап, ұлт қалыптасып болды ма? Біздіңше, мемлекеттің әлеуметтік саясат саласында нышандары қалыптасып жатыр деуге болады. Нақтырақ айтсақ, мемлекеттің белгілері бар билік құрылымы орнады. Өйткені, мемлекет дегеніңіз – халық егемендігінің жемісі. Ондай республикада халық ішінен қайнап шыққан саяси күштердің, мүдделердін барлығы ескерілуі керек. Яғни әлеуметтік топтар, қоғамдық ұйымдар, әсіресе оппозициялық партиялар билікке, тым кұрығанда, заң шығарушы билікке толық араласып, ел болашағына әсер ететін барлық маңызды заңдар мен шешімдерді қабылдауга тікелей қатысады. Ал бізде осы уақытқа дейін бірде-бір рет үкімет сайлаушылар арқылы, тіпті халықтың жанама әсерімен (парламент арқылы) қалыптасып көрді ме? Сол сияқты, саяси партиялардың бірігуі де жоғары жақтан түскен «өктем өтінішпен» іске асып жатқаны жүртқа белгілі жайт. Енді біздің билік, елдің бәрі естіп, құлақтанып болған шаруа – «Қазақстан ұлтын» дүниеге әкелмекші. Мақаш Тәтімов айткандай (алғаш бұл пікірді айтқан А.Сәрсенбайұлы болатын), бірнеше жүз жылды қамтитын біртұтас мәдениеттің қалыптасу процесін жоғарыдан түсірілетін декреттер арқылы «аттап» өтпекшіміз. Бұл әлгі «коммунизмге барлық формацияларды аттап өтіп барамыз» деп кіжінетін тоталитаризмнің тәртібіне ұқсайды. Біздің билік халық, ұлт түгілі, уақыттың, ұлы мәртебелі тарихтың үстінен әмірін жүргізбек. Ешқандай жазадан, халық наласынан қорықпайтын жемқор бюрократияның кұқайын күнделікті құжат жасау кезінде көріп-ақ жүрсіз. Сондықтан біздің елде өлі мемлекет қалыптасқан жоқ деуге толық қақымыз бар. Қазақ этносы да әлі ұлт дәрежесіне көтерілген жоқ. Бір ғана топтың, бір тұлғаның (ол өз жұмысына берілген тұлға болуы да, бірақ елдегі барлық жағдайды бақылауға үлгермей отыруы да ғажап емес) басына тағы қандай ойлар, теориялар келеді деп күтіп отыратын, бюрократияның қыспағында тілін, дәстүрін, музыкасын сақтайтын кіріптар этнос болуы мүмкін. Бірақ ұлт, өркениетті мемлекет бюрократия қанжығасында кетпейді. Ұлт (мемлекет) деп адам құқы бюрократияның «қателіктерінен» қорғалатын, азаматтардың саяси бостандықтары берік орнаған, жоғарғы билігі тағайындау емес, толығымен тікелей немесе жанама сайлау арқылы қалыптасатын халықты айтады.

Енді конституциялық өзгерістерден кейінгі кезеңге келейік. Біз теориялық тұрғыда партиялық демократияның пропорционалды жүйесіне көшкелі отырмыз. Бірақ мәселе біздің бұл жүйеге қағаз жүзінде көшкенімізде емес, мәселе нақты, бүгінгі саясат практикасында қалыптасып, қанға сіңіп бара жатқан саяси дәстүрлерде.

Мәселен, егер біз партиялық демократияның толық қисынын, табиғатын сақтай отырып көшсек, әуелі жыл сайынғы президенттік жолдаулар дәуірі аяқталуы керек. Пропорционалды парламент пен парламенттік үкімет жүйесіне көшкен елде үкіметке келген партия немесе екі партияның одағы өз бағдарламаларын жалпыхалықтық сайлаудағы бәсекеден алып өтеді. Мұндай жүйеге Еуропа елдері тек партиялардан ғана тұратын парламент сол парламент жасақтайтын үкіметке, осылайша халық мандатын, халық қолдауын алған мемлекеттік саясатқа қол жеткізу мақсатында ғана көшкен. Бұлай болмаған жағдайда не үшін партиялық тізім жасалады? Не үшін ол партиялар құйын-перен болып бағдарлама жасайды? Не үшін олар сол бағдарламаларын ту етіп көтеріп, сайлауға түседі? Және не үшін парламентке өткен партиялардың ішінде ең  көп дауыс алғандары ғана үкіметті жасақтауы керек? Әрине, халық сенім артқан партияның бағдарламасы орындалу үшін. Бұлай болмай, партиялық үкімет тек жоғарыдан келген нұсқауларды ғана орындайтын болса, саяси жүйемізде құқықтық казус, жүйелік қайшылық орын алады. Бірақ біз осындай қайшылықтардың елі екенімізді де ұмытпаңыз. Елбасы өзінің ең мықты жарнамасына айналған жыл сайынғы жолдауларын, сол жолдаулар аркылы үкіметке жыл кестесін сызып беруін жалғастыра береді. Осының нәтижесінде конституциялық өзгерістердің ең негізгі көздеген мақсаты – үкіметтің саяси орган болуы қол жетпес арман күйінде қалуы мүмкін. Үкімет саяси партиялардың коалициясынан тұратын, сол партиялардың бағдарламаларын жинақтаған дербес саяси орган емес, орындаушы әкімшілік орган болып әлі ұзақ уақыт тұра береді. Осы ретте бүкіл өмірін демократияның даму заңдылықтарын зерттеуге арнаған француз ғалымы М.Дюверженің (1917 жылы туған, қарттың көзі тірі) «Демократиялық қағидаларды жариялайтын кез келген конституцияның аясында әр түрлі (диктатуралық, авторитарлық, әскери, олигархиялык немесе либерал-демократиялық) режимдер еркін өмір сүре береді» деген пайғамбарлық қорытындысы еске түседі. Сондықтан соңғы конституциялық өзгерістердің шынайы жеміс беруі Н.Ә.Назарбаевтың және президент әкімшілігінің қаншалықты саяси ұстамдылық пен ынта танытатынына тәуелді болып қала бермек.

«Сұр кардиналдар» және сайлау жүйесі

Ал енді партиялық демократияның тағы бір қасиеті –  саясат сахнасында заң шеңберінде жұмыс істейтін саяси партияларға ғана орын берілетіндігі. Мұндай жағдайда етжақын адамдар мен «сұр кардиналдарға» қимыл-әрекет алаңы тарылуы керек. Бізде, өзіңіз білесіз, саяси партияларға еш қатысы жоқ «бойдақ депутаттар», ықпалды олигархиялық кландар, туысқандар, партиялық фракцияларға еш қатысы жок министрлер шамадан тыс көп болып келді. Осы жолғы конституцияға енгізілген өзгертулерден кейін бұл жағдай өзгеріп, елімізде шынайы көппартиялық жүйе орнай ма? Біздіңше, ондай батпан құйрықтың қолға түсе қалуы екіталай. Шынайы көппартиялық жүйе орнау үшін президент әкімшілігі, жергілікті әкімдер сайлау науқаны мен дауыс беру нәтижесін анықтау кезінде атқарушы биліктің толық бейтараптығын қамтамасыз етуі керек. Біздегі «Сайлау туралы» Заң бойынша сайлау өткізу ісінде атқарушы билікке көп міндет жүктеледі. Осының өзі – сайлаудың таза қоғамдық негізде өтпейтінінің дәлелі. Сондықтан парламентке ыңғайлы, көнбіс, жұртқа беймәлім адамдар өтіп, үлкен фракция құрады. Олар депугат болғанына шүкір айтып, жаңағы «сұр кардиналдардың» айтқанын істеп отыра береді. Сондықтан, әлі біршама жылдар бойы, бәлкім, мәңгілік «Сайлау туралы» Занды жетілдіру туралы ұсыныстар парламентте үлкен фракцияның қолдауын таппауы мүмкін. «Аға» фракцияны қай партия құрайтынын қазірдің өзінде елдің бәрі айтып жатыр. Ол – «Нұр Отан». Халықтың ежелден құрбан болғандарға, тұтқында, оппозицияда жүргендерге жақ болатынына қарамастан.

Ал енді пропорционалды сайлау жүйесінің бүкіл әлем мойындаған мына бір заңдылығына назар аударыңыз. Пропорционалды сайлау жүйесі, егер «Сайлау туралы» Заң жетік болса, көппартиялық парламентті дүниеге әкеледі. Ол тіпті қоспартиялы жүйені де (Ұлыбритания, АҚШ) орнатпайды. Оның беретін жемісі – сайлаушыға ықпалы жағынан теңдес 5-6 партия мен осылардың одағынан туатын парламенттегі 3-4 фракция. Сондықтан Ресейде «Единая Россияның» Думадағы 50-55 пайыздық басымдығын сақтау үшін Кремль депутаттардың жартысын ғана пропорционалды сайлау жүйесімен таңдауға келісіп отыр. Депутаттың қалған жартысы мандатын мажоритарлық сайлау жүйесі арқылы алады. 2003 жылы «Единая Россия» пропорционалды сайлау жүйесімен 37 пайыз ғана дауыс жинады. Үлкен фракцияның қалғанын В.Путин мажоритарлы сайлау округтері арқылы өткізіп алды. Сондықтан сайлау жүйесін түгелімен пропорционалды тәсілге көшіруге Ресей билігі үзілді-кесілді қарсы болып отыр. Өйткені, халықтың 7-8 саяси партияның ішінен 1 ғана партияға 60-65 пайыз дауыс беруі соғыс жағдайында немесе сайлау нәтижесін бұрмалаған кезде ғана мүмкін болады. Бүгінгідей мамыражай күнде пропорционалды сайлау жүйесінің парламент қабырғасынан бір партияға әперетін басымдығы шірегенде – 35-37 пайыз, ал орта есеппен – 25-35 пайыз орын. Мұны Германияның пропорционалды сайлау жүйесінің тарихынан да білуге болады. 1970 жылдары канцлер Вилли Брандт партиялық коалиция құрып барып (ГСДП мен ХДО), үкіметке келді. 1980 жылы оның орнына тағы да партиялық коалицияның (ГСДП мен Бостандық партиясы) арқасында Гельмут Шмидт канцлер болып сайланды. Алайда Г.Шмидт екі партияның альянсын сақтай алмай, өз партиясын бұл альянстан шығарып алған Гельмут Кольге орын берді. Бүл 1982 жыл еді. Г.Коль парламент ішінде оппозициялық партиямен одаққа барып, үлкен фракцияны басқаша құрған болатын (Бостандық партиясы мен ХДО). 1998 жылы билік басына келген Герхард Шредер де (ГСДП) «жасылдар» партиясымен одақ құрып барып қана 53 пайыздық үлкен фракцияға қол жеткізген. Қазіргі Ангела Меркельдің «үлкен коалициясын» (ГСДП мен ХДО) осыдан бірер жыл бұрын ғана тамашаладық. Ұлыбританиядан да мысал келтірейік. Лондон «егер пропорционалды сайлау жүйесіне көшсек, біз бірнеше ғасыр бойы қалыптасқан екі партиялық жүйемізден айырылып қаламыз» деп қашқақтап отыр. Сондықтан ертең біздің Қазақстанда бір ғана партия 60-65 пайыз басымдық алып шыға келсе, бұл кұбылысты толығымен нонсенс деп санауыңызға болады. Нонсенстің авторы атқарушы биліктің құшағында отырған сайлау комиссиясы болмақ. Өйткені, «Нұр Отанның» Қазақстан халқына өтіп кеткен ештеңесі жок. Бұл елде барлық саясат тек президенттің рұқсатымен, пәрменімен ғана іске асады. Осы ретте «Нұр Отанның» арамтамақ демесек те, еңбегі сіңе қоймаған желқабыз партия екенін жұрттың бәрі біледі. Сондықтан бұл нонсенсті дүниеге әкелу үшін ОСК-ға барып тұрған көлгір болуға тура келеді.

Екінің бірі: бірпартиялық бюрократия немесе әділ сайлау

Сіз Ресейдегі саяси жүйе жұмысының жариялылығы туралы нақты айта алмасаңыз да, Германия мен Ұлыбритания қоғамындағы мемлекеттік органдардың, бизнестің, партиялардың ішкі процедураларының жариялылығы әлдеқайда жоғары екенін білесіз. Ол «мөлдірлік» бұл елдердегі сайлау жүйесінің демократиялық (ЕҚЫҰ) стандарттарға толық сәйкестігінен бастау алады. Яғни сайлауда жеңген партиялар билікке нақты араласып, бәсекенің әділдігіне көздері жетсе, араларындағы бақталастық күшейеді. Қоғам алдында өз ұпайын көбейту үшін партиялар бір-бірінің, министрлердің, әкімдер мен шенеуніктердің, мемлекеттік органдардың жұмысын аңдуға көшеді. Аңдып, сығалап, жазып, көрсетіп отырған соң мемлекеттік органдардың жұмысы да жария жүре бастайды. Ал егер бәсеке дұрыс жолға қойылмаса, сайлау жүйесінің құлағын ұстап отырғандардың ым-жымы бірігеді де, қоғам бірпартиялық бюрократияның, олигархияның кұрбанына айналады. Ал еліміздегі саяси дәстүрдің қарқынды инерциясы бізді, Конституцияға енгізілген өзгерістерге қарамастан, осы сценарийге әлі де итермелеп, сырғанатып отырмақ.

Болашақтағы ондаған, жүздеген президенттер…

Егер президент партиялық демократияның толық табиғатын сақтаймын десе, «ағымдағы» күнделікті саясаттан (оң тізгінді көліктер мәселесі сияқты), үкіметтің жылдық жоспарын жасап беруден арылып, билік бұтақтары арасындағы Бас төрешіге айналуы керек. Яғни парламенттік үкіметке дербестік сыйлауға тиіс. Егер оппозицияның көктен тілегені жерден табылып, президент шын мәніндегі Бас төрешіге айналып жатса, онда билікшіл партиялармен қоса, оппозициядағы барлық партиялардың ұзақ уақыт қолдауына ие болатыны сөзсіз. Бірақ бұл болжамның орындалуы президенттің ғана қолында. Сондықтан да өркениетті мемлекеттің, егемен ұлттың дүниеге келуі, соңғы конституциялық өзгерістердің іске асуы Елбасының көкірегінде жүріп жатқан жігер мен ой козғалысына ғана тәуелді. Президент елімізді болашақта билікке келетін ондаған, жүздеген президенттердің волюнтаризмінен, жеке дара билеп төстеуінен құтқарып кетуі тиіс. Сол кезде ғана Конституциямызда жарияланған демократиялық қағидалар жұмыс істейді. Ал әзірге конституцияға енгізілген өзгерістерге қатысты марапат, мақтау даурықпасына салқын, белгілі бір дәрежеде сақтықпен қараған жөн сияқты. Шынайы өмірдің әні – өзгеше. Бір жақсы ағамыз айтқандай: Жаратқан жаңылыстыра көрсін бізді..

Рахат Мамырбек, саясаттанушы, журналист

Мақала туралы анықтама: «Жас қазақ», 22 маусым, 2007 жыл. Қазақстандағы билік жүйесінің ерекшелігі, өркениетті елдер мен көрші Ресейдегі биліктің қалыптасу жолдары, одан Қазақстан билігі алып отырған үлгі немесе ескермей отырған ерекшеліктері жайлы танымдық-ойлы материал.