Қытайда қысым көріп, қудалауға түскен қазақтарға арналған жиын өтті

169
фото - azattyq.org
фото - azattyq.org

Алматыда қазақстандық белсенділер мен Қытайдан оралған бір топ қазақ жиын өткізіп, Қытайда қамауда отыр деген этникалық қазақтарға қолдау көрсетуге шақырды.

“Рамада” қонақүйінде жиынға саясаткер Расул Жұмалы, журналист Марат Тоқашбаев, режиссер Еркін Рақышев, ақын Қазыбек Иса және Қытайда туысы қамауда отырған бір топ адам қатысты. Баспасөз мәслихатында Қытайдан Қазақстанға қайта алмай отырған, саяси үйрену орталықтарында отырғандар туралы айтылды.

Расул Жұмалы Орталық Азиядағы Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстан сияқты елдердің белсенділері бірігіп, Қытайда қысым көріп жатқан аз ұлт өкілдерін қудалауға қатысты ортақ мәлімдеме жасауы керек деген ұсыныс айтты.

Жиынға қатысқандардың бірі Қайрат Дәуітхан есімді азамат әйелінің екі жылдан бері Қытайдан қайта алмай отырғанын, екі баласының Қазақстан азаматы екенін айтты. Ол сегіз айлық баласының Қытайда әйелімен бірге қалғанын, төрт жастағы баласы өзімен бірге екенін жеткізді. Ол Қазақстан президенті мен Сыртқы істер министрлігіне көмек сұрап бірнеше рет жазғанымен, әйелін Қытайдан әлі қайтара алмай отырғанын айтты.

Қытайдың Шыңжаң өңірінде этникалық азшылыққа, оның ішінде этникалық қазақтарға қысым жасау туралы деректер 2017 жылдың сәуірінен бастап түсіп жатыр. Азаттық Шыңжаңда қамауға алынған, Қазақстанға орала алмай жатқан Қытайдағы қазақтар туралы бірнеше рет жазған.

Былтыр Қазақстан Сыртқы істер министрлігі Қытайда қамауда отырған қазақтардың туыстарынан 915 өтініш түскені, 2018 жылдың басынан бері қытай тарабы екі мыңнан астам қазақтың Қытай аумағынан кетуіне рұқсат бергені, сонымен бірге Қытайда қос азаматтығы үшін күдікті саналып, ұсталған 29 қазақстандықтың 15-і бостандыққа шыққаны туралы хабарлаған.

Azattyq.org