Террорлық акт жасауға дайындалды деген күдікпен бірнеше адам ұсталды

164

Қазақстанның ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) 14 қаңтарда Орталық Азия елінен шыққан бірнеше азаматты террорлық акт жасауға дайындалды деген күдікпен ұстағанын хабарлады. ҰҚК ақпаратына қарағанда, күдіктілерді ұстау операциясы 10 қаңтар күні өткен. Күдіктілер уақытша тұрып жатқан орындарды тінту кезінде “қуатты жарылғыш заттар жасауға арналған құрылғылар, қару-жарақ пен оқ-дәрілер тәркіленген”.

ҰҚК қанша күдікті ұсталғанын айтпағанымен, баспасөз қызметі қолдары артына қайырылып, бет-әлпеті жасырылған алты адамның суретін таратты. Ұсталғандардың нақты қай елдің азаматтары екені айтылмайды.

Арнайы қызметтің болжамынша, ұсталғандар “жарылғыш заттар мен атыс қаруларын қолдану арқылы Алматыда халық көп шоғырланатын орындарда шабуыл жасауға ниеттенген”.

ҰҚК ұсталғандар “шетелдегі ДАИШ [Қазақстанда тыйым салынған “Ислам мемлекеті” экстремистік тобының араб тіліндегі атауының қысқартылған нұсқасы – ред.] содырларының нұсқауымен әрекет еткенін” айтады.

Дереккөз: Azattyq.org