Денис Теннің өліміне күдіктілер ізгілендірудің «рахатын» әбден көрген

365

Бүгінде Голландияда түрме жоқ. Өйткені қылмыс, құқықбұзушылық жойылған. Бұл елдегі әлеуметтік жағдайдың ғана емес, құқықтық мәдениеттің де жоғары екенін көрсетеді. Соған қарағанда дамыған елдердің өркениеттілікті түрме тұрғындарының санымен өлшейтіні тегін емес.

Біздің елімізде де түзеу мекемелерінің саны жыл өткен сайын азайып жатыр. Бірақ, Голландияның жағдайына жету қайда? Түрмесі азайғанмен, қылмысы көбейген біздің мемлекеттің өркениет туралы түсінігі де қызық қой. Мысалы Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов соңғы екі жылда жеті түзеу мекемесінің жабылғанын айтты. Ал биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығында тағы төрт түзеу мекемесінің есігіне құлып салынбақ. Яғни, жазасын өтеушілер саны азайған болып тұр ғой. Расында World Prison Brief зерттеу орталығының мәліметінше, Қазақстан түрмелерінде қазір 39 мың адам отыр. 2010 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда қазіргі сотталушылар саны екі есе кем. Бұған қарап осы күнге дейін лық толы болған қапастардың жабылу себебі түсінікті дейік. Алайда, түрме азайғанымен, қылмыс санында өзгерістің болмауы қалай? Сонда қылмыс жасағандарға қандай жаза қолданылып жатыр?

         Статистикалық деректерге қарасақ, Қазақстандағы қылмыс еш кемімеген. Аса ауыр қылмыстар көрсеткішінде аздаған ауытқу болғанымен, жеңілдігі орташа қылмыстар керісінше өскен. Тек заңдарды ізгілендірудің нәтижесінде мұндай қылмыс жасағандардың басым бөлігі қарсы тараппен татуласып, бітімгершілікке келген. Немесе бас бостандығынан шектелген. Биылғы жылы 37 мыңға жуық жазасын өтеушіге жеңілдік жасалып, бостандығынан шектеу жазасы қолданылыпты. Егер бұрынғы қатал заң шеңберіне салатын болсақ, мұндай қылмыскерлердің алды 3-4, соңы 1-2 жыл түрме ботқасының дәмін татып келер еді.

         Жарайды, «Алдыңа келсе атаңның құнын кеш». Қателігін түсініп, өкініп жатса түрмеге қамап, жастардың өмірін өзгертудің керегі де бола қоймас. Мысалы қазір қылмысының жеңіл-ауырлығына қарай айыппұл салу, қоғамдық жұмыстарға тарту секілді бас бостандығынан айырумен байланысты емес жазалар көбірек тағайындалады. Түрмедегілер санының кемуіне негізгі себептің бірі де осын. Сосын бұрын жемқорлықпен ұсталғандардың қолына бірден кісен салынса, қазір еселенген айыппұл төлегендер бостандыққа шығады. Алайда, сол мемлекеттің жасаған жақсылығын түсінбей, қылмысын қайталағандарды не істемекпіз? Олай дейтініміз, ұялы телефон, көрсеқызарлықпен ұсақ-түйек зат ұрлағандарды түрмеге тоғытқаннан мемлекетке пайда жоқ. Оларды қапаста ұстауға кеткен қаржы көлемі келтірген шығыннан бірнеше есе өсіп кетуі мүмкін. Сондықтан, мұндай айыптыларға жәбірленуші кешірімін алып, залалдың орнын толтыртқан әлдеқайда тиімді. Бірақ, бұл әдетке айналмауы керек. Жазасы шектелгендердің тәртібін қадағалау бүгінде пробациялық қызмет құзырында. Алайда, заңдардың ізгіленуінен кейін саны күрт өскен «шектеулі» азаматтарды бақылауға енді ғана құрылып, жұмысын жаңа жүйелеп жатқан пробация құрылымдарының әл-ауқаты жетер ме? Жетпейді, әрине! Оның үстіне, Бас прокуратураның дерегінше тек былтырғы жылы 11 мыңнан аса сотталушының жазасы неғұрлым жеңіл жазаға өзгертіліп, біразы жедел шартты жазамен босатылған. Осы жеңілдікке ие болғандардың барлығы Пробациялық бақылауға қойылады. Ал әлі материалдық жағдайы толық қамтылмаған, штаттық саны тым аз бұл қызметтің осыншама жүктемені игеруі, жазасын өтеушілерді жан-жақты бақылауы мүмкін емес. Сондықтан, жазаны жеңілдеткенімізге өкініп қалмас үшін пробациялық бақылаудың әлеуетін арттырып, құзыретін кеңейтуіміз керек.

         Дегенмен, Ішкі істер министрлігі қанша жақтағанымен, жазаны ізгілендірудің кері салдары бар екені қазіргі кезде байқалып та үлгерді. Әріден қазбаламай-ақ, байрақты ұлымыз Денис Тенді өлтірген Нұралы Қиясов пен Арман Құдайбергеновті алайық. Екеуі де ізгілендірудің «рахатын» көргендер. Бұған дейін екеуі де көліктің қосалқы бөлшектерін ұрлағаны үшін үш рет құзырлы орындар қолына түскен. Сонысына қарамастан жеңіл жазаланып, бостандықтан айырылмаған. Егер тым жалпақшешейлік танытып, қылмыстың қайталануына көз жұма қарамасақ, екі сотталушы да өз жазасын алып, чемпион өміріне қол сұғылмас па еді? Кім білсін!

         Гүлназ Әсенғазы, arasha.kz