Қазақстан ішкі істер министрлігі (ІІМ) кәмелет жасына толмағандар ісі бойынша ведомствоаралық комиссияның шұғыл жиынын өткізуге шақырды. Бұл туралы ІІМ баспасөз хатшысы Алмас Садубаевқа сілтеме жасаған жергілікті агенттіктер хабарлады, деп жазады azattyq.org.

Садубаевтың айтуынша, министрлік Түркістан, Қызылорда, Қарағанды және Ақтөбе облыстарындағы жасөспірімдерге қатысты оқиғаларды талқылау үшін үкімет жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі ведомствоаралық комиссияның шұғыл отырысын өткізуді ұсынды.

Садубаев бұған қоса оқушылар мен ата-аналарды кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың алдын алу үшін оқушыларға қылмыстық жауапкершілік арқалайтын жасқа жеткенін ескертіп, әбес қылықтан сақтандыруға шақырды.

Бұған дейін интернетте ТүркістанҚызылорда қалалары мен Қарағандыда жасөспірімдер арасындағы әлімжеттік туралы бірнеше видео таралған. ІІМ Түркістан қаласындағы жасөспірімдер арасындағы екі оқиға мен Қызылорда қаласындағы дәретханада болған әлімжеттік видеосын тексеріп жатқанын хабарлаған. Қарағандыда 26 қаңтар күні көшеде “топ баланың бір баланы соққыға жыққаны” туралы видео жарияланған.