30-01-19 | 18:25
Батыл шешім қабылдай алмайтын Үкіметтің қажеті қанша?!.
Батыл шешім қабылдай алмайтын Үкіметтің қажеті қанша?!

Астанадағы «ақ жағалыларға» қатысты қандай да бір сын айтылып, жазылса, ол ақпарлар желден жылдам тарап, елең еткізбей қоймайтыны хақ. Ал, енді олардың атына Елбасының өзі сын айтса ше?! Онда қоғам өміріне бейжай қарамайтын кез келген адамның көкейінде ең әуелі «осыдан кейін не болар екен, орнында кім қалып, кім кетеді екен, әлде Үкімет ауыса ма екен» деген сауалдардың «құлағы» қылтияды.

         Немесе, мемлекетіміздегі №1 Басшыдан сын естіген министрлердің мыңқ дей алмай, еріксіз бас шұлғып тұрғанын көріп, кейде айызымыз қанатыны да жасырын емес. Осыдан кейін оңалатын шығар деген шайтан үмітіміз да оянатынын қайтерсің. Қаңтардың 30-ында Елбасының қатысуымен өткен кеңейтілген отырыстан соң бұлай демей көріңіз.

         Президент аталмыш жиында қатқыл сөйледі, ащы шындықты айтты, ашына сөйледі. Қадағалаусыз кеткен қаржы жүйесіне қадалды. Мемлекеттің есебінен аяққа тұрған банктерді өз акционерлері тонап, шетел қашатынын, сосын соңынан қуып жүретінімізді (сіз бен біз емес, мемлекеттік қудалау органдар – мақала авторы) жетер жеріне жеткізіп айтты. Мемлекет компанияларға несие береді, ол аздай артынан субсидия береді. Соңы сиырқұйымшақтанып кетеді. Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышевке бұл келеңсіздіктер тағы қайталанса, басыңмен жауап бересің деді.

         «Сендер үкіметтегілер мен министрлер емессіздер, сіздер қорқақсыздар. Шешім қабылдағанда аяқ-қолдарыңыз дірілдейді. Онда не үшін жұмыс істеп жүрсіздер?», – деп министрлер кабинетін бір сілкіп алды.

         Қош, ендеше батыл шешім қабылдай алмайтын, қорқақ (Елбасының өзі айтқандай) Үкімет, министрлер бізге керек пе?! Жалпы, министрлер кабинеті мен Ұлттық банк басшысы сыннан көз ашпаған осы отырыстан соң не өзгеріс болуы мүмкін?! Айнала дүние технологиялық төңкерістер жасап, Айды зерттеп, Марсқа жер серігін қондырып жатқанда, біздікілердің бөліп берген ақшаны игере алмай, былай айтқанда, шайнап берген нанды жұта алмай жатуын не деп жоритынымызды да білмей қалдық.

         Расул ЖҰМАЛЫ, саясаттанушы:

         – Бұл Үкіметтің осылай өтіп отырған бірінші жиналысы емес. Елбасының Үкіметті, министрлерді, әсіресе қаржы секторына жауаптыларды жылына бір-екі рет жинап, жерден алып, жерге салатын дағдысы бар. Бірақ, меніңше мұның өзі үйреншікті жағдай болып кеткендей. Кейде осы саясатпен 3-4 жылда бізде Үкімет ауысып тұрады, жаңа премьер-министр тағайындалып немесе ескісі орнында қалып жатады. Өкінішке қарай, одан жалпы жағдай өзгергенін аса байқамаймыз. Баяғы жартас бір жартас. Сондықтан, Үкіметтің бұл отырысынан соң бір жүйелі өзгеріс болатынына өз басым сеніңкіремеймін.

         Жекелеген министрлер орнын ауыстыруы мүмкін. Иә, «қорқақсыңдар, жұмыстарыңа батыл жауап бере алмайсыңдар, қаржы саласындағы банкроттық мәселесін шешіңдер, сөйтіп отставкаға кетулерің мүмкін» деген секілді дүниелерді айтты. Нәтижесінде, тіпті жаңа Үкімет құрылып жатса да таңқалмаймын. Бұған дейін де оншақты рет ауысты ғой. Бірақ, қазір басқару жүйесінің дағдарысы елдегі экономикалық, қаржылық дағдарысқа соқтырғаны жасырын емес. Дамудың орнына әлеуметтік жүйе, қаржылық сектор, ауылшаруашылығы, мұнай секторы және басқа салаларда тоқырау, құлдырау үрдістері көбірек байқалады. Мұның бәрін қоғамның, халықтың өзі жақсы көріп, біліп, сезіп отыр. Бәлкім, сол қоғамның кейде көңілінен шығу үшін де осындай өктем мәлімдемелер жасалып отыруы мүмкін. Бұл бір жағынан «бұған біз қанағаттанбаймыз, қатаң шаралар қабылдап, кінәлі шенеуніктерді отставкаға жібереміз» деген сыңай таныту. Екінші жағынан, елде айтарлықтай жүйелі жаңалықтар болмаған кезде, олардың орнын осындай қолдан жасалған жаңалықтар басуы ғажап емес.

         Алайда, жүйелі саяси реформасыз, қазіргі билік монополиясы сақталатын болса, одан жағдай өзгеруі неғайбыл. Себебі, сол баяғы тетіктер, тұлғалар, шешім қабылдай алмаушылық. Олардың орны ауысқанымен, қабылдайтын шешімдері сапалы болады дегенге сену қиындау.

         Қазіргі Сағынтаев бастаған Үкімет бұған дейінгі Үкіметтен кем, ақылы таяз деуге келмейді. Бұған дейінгілері де солай болған шығар. Қалай десек те, Үкімет, министрлер мен әкімдер жоғары деңгейдегі орындаушылар. Бізде түпкілікті шешімді қабылдайтын Үкімет емес. Оны мойындау керек. Олар жоғарыдан түскен бұйрықтарды орындаушы ғана. Яғни, жеке дара өздері жауап беретін сала емес. Мәселе кадрлық саланың дағдарысында ғана жатқан жоқ. Әрине, осы 20 жылдан астам уақыттан бері сол баяғы кадрлардың, тұлғалардың бір-бірімен ауысып жүре беруі де үлкен мәселе.

         Алайда, одан да маңыздысы – басқару жүйесінің дағдарысы. Ал, мұны еңсеру үшін велосипед ойлап табудың қажеті жоқ. Бар керегі, дамыған елдердің тәжірибесіне үңілу, яғни, демократия, саясат пен экономикадағы бәсекелестік, ең қабілетті адамдар өз бағдарламаларын таза бәсеке жағдайында қоғам алдында дәлелдеп барып жұмысқа кірісуі. Демократияның ең бірінші негіздері де осы.

Екіншісі, қабылданып отырған шешімдерге деген жауапкершілік. Басы бар, аяғы жоқ қаншама мемлекеттік бағдарлама үшін жауап берген шенеунікті көрмейміз. Билік қоғамға тікелей бағынышты болмаса, қоғамның бақылауында болмаса, тәуелсіз ақпарат айта алмаса, тәуелсіз сот болмаса, онда қандай Үкімет қоғам алдындағы жауапкершілікті сезінеді?! Сондықтан, қанша алыстап кетсек те, осы айтылған демократиялық құндылықтарды орнатпайынша, қазіргі жағдайда жақсы жағына өзгере қоюымыз екіталай.  

Айбар САҚ, arasha.kz

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.