Еуропарламент Гуайдоны Венесуэла президенті деп таныды

86

Еуропарламент Венесуэла оппозициясының лидері Хуан Гуайдоны “елдің уақытша президенті” деп таныды. Бұған дейін Еуропа одағы Венесуэлада кезектен тыс сайлау өткізуді талап еткен. Бірақ елдің қазіргі президенті Николас Мадуро ультиматумды орындаудан бас тартқан.

“Гуайдоны елдің уақытша президенті деп тану” ұсынысын 439 депутат қолдаған. 104 депутат қарсы шығып, 88 депутат қалыс қалған. Еуропарламенттегі дауыс беру 31 қаңтарда өтті.

Парламент Каракастағы репрессия мен қысымды сынап, ел билігінен адам құқықтарын бұзуды тоқтатуды талап еткен.

Гуайдоның билігін Батыс және Латын Америка елдерінің біразы қолдаған. АҚШ Гуайдоны елдің уақытша президенті деп таныған. Вашингтон Венесуэланың мұнай компанияларына санкция салған. АҚШ Гуайдоға америкалық банктердегі венесуэлалық есепшоттарға рұқсат берген.

Оқи отырыңыз: Венесуэлада не болып жатыр?

Ал Венесуэла бас прокуратурасы оппозиция лидеріне қарсы іс қозғап, оның елден шығуына тыйым салған. Мадуро билігін Ресей, Түркия, Қытай қолдаған.

Azattyq.org