Гауһар Әлімбекованың ісі: Сот неге бір баппен екі түрлі үкім шығарды?

608
фото - Tengrinews.kz
фото - Tengrinews.kz

Сонымен не боп кетті? Қазақтың сүйікті әншісі Гаухар Әлімбекова «алаяқ» дей ме? Алаяқтығы әшкере болып, баққандай алты жылға сотталғаны рас па? Прокурор оны сегіз жылға түрмеге тоғытуды сұрап, судья жазасын екі жылға жеңілдеткен бе? Не дейді, Гаухар Елбасының атына араша сұрап, хат жазуға мәжбүр болып па, түрмеде жатып па? Масқара..! Халық Гаухарды құтқару үшін ел болып қырық мың доллар жинап берсек дей ме?.. Ойбай-ау, бұл бұрын-соңды жұлдыз ауыруымен ауырмаған Гаухарға жасалған «қара пиар» шығар? Әлімбекованың суреттері желіде неғып қаптап жүр? Қарша бораған пікірлер мен лайктар Алматыға енді жеткен қыспен жағаласып кеткендей ме, қалай? Қой, көз алдымызда зулап жатқан желі ленталарын кері айналдырып көрейікші. Кім кімді алдап, кімнің құтылып, кімнің тұтылғанын, заң не дейді, ел не дейді? Білейік…

     Қазақтың сүйікті әншісі, мыңдаған қаракөздерімізді «Ақкелін» әнімен құтты орнына қондырған Гаухарды алаяқтығы үшін Алматы қаласы Алмалы аудандық соты алты жылға бас бостандығынан айырғаны рас екен. Әлімбекованың ісі судья Ернар Қасымбековтің төрағалығымен қаралып, сот үкімі 2019 жылдың 30 қаңтарында оқылды. Оған қоса, дәл осы сот залында Ф.Ордабаеваға да қатысты сот үкімі шығып, ол ҚР Қылмыстық кодексінің 190 бабының 4 бөлігінің 2 тармағында көрсетілген қылмысты жасауда кінәлі деп табылып, 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалса, дәл осы баппен Гаухар Әлімбекова да алты жыл арқалады.

    Сонымен, сот үкімнің қысқаша жәйі осы. Енді әңгіменің әлқисанын аңдап көрейік. Гаухар Әлімбекованың кім екенін білеміз. Ал, оның «тағдырласы» Ордабаева деген кім? Байқасаңыздар екеуінің үстінен қозғалған істің баптары (ҚР ҚК 190 бабы 4 бөлігі 2 тармағы) бірдей. Соған қарағанда, бұлардың «ым-жымы» бір болған деуге болады. Жә, асықпалық. Санамызға жедел жеткен бұл ақпараттың анық-қанығына көз жеткізу үшін осы істің басы-қасында жүрген адамдарға хабарласқан едік. Істі қараған судья Е.Қасымбеков «сот үкімі күшіне енбейінше, іске қатысты қазының қандайда бір пікір білдіруге құқығы жоқ» деп қысқа қайырды. Десек те, сенімді ақпарат көздерінен бұл істің салмағы он том болғанын анықтай алдық. Бұл дегеніміз, Әлімбекова мен Ордабаеваның ісі анау-мынау алаяқтың қатарына емес-ау деген ойға жетелейді. Сотта тілшілермен тілдескен жәбірленуші айыпталушы тараптың мәселені өзара бітімгершілікпен шешуге келіспегенін айтты. Бұл шуды сотқа жеткізбей шешуге медиаторлардың да пәрмені жетпегені ме, сонда? Бәлкім, тараптар медиатордың емес, қазының кесімі әділ болады деп ойлаған болар.     

    Әділдік демекші, әлеуметтік желідегі әлеуметтің көбі Гаухарға тағайындалған жаза ауыр деп бағалап жатыр. Шынымен солай ма? Күні кеше ғана «ыстық-суығы» басылған Денис Теннің ісі бойынша 4 жылға сотталған Толыбаеваның жазасымен салыстырғанда, әрине ауыр.

       Жарайды, бірді айтып, бірге кетпей, Әлімбековаға кесілген жазаның салмағы мен әділдігін өзімізше саралап көрейікші. Алдымен, судья бір заң бабымен екі адамға неге екі түрлі жаза мерзімін тағайындады, соны білейік. Ол үшін кімнің кім екенін анықтап алғанымыз дұрыс болар. Ордабаева анығында бұрын да істі болыпты. Сот соны ескеріп, яғни 2016 жылдың сәуір айында Алмалы аудандық сотымен үкімімен тағайындалған жазаның өтелмеген бөлігі қосылып 7 жылға берген. Алайда, Ордабаеваның алдыңғы жазасы 2016 жылдың желтоқсанындағы «ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» заңың шығуымен тұспа-тұс келіп, оған осы заңның 4 бабы 1 тармағы 2 – тармақшасына сай рақымшылық жасалыпты. Жаза мерзімінің өтелмеген бөлігін қысқартуға бағытталғын бұл баптың 1 тармағы ауыр қылмыстар үшiн сотталған екенін ескерсек, Ордабаеваның оңай шағылатын «жаңғақ» емес екенін аңғарамыз. Ал оның рақымшылыққа ілінуіне 2 – тармақшаның себеп болғанына қарағанда оның кәмелетке толмаған балалары бар немесе жалғыз басты яки болмаса… Жарайды, арғы жағын қазбаламай-ақ қоялық. Қысқасы, басында 6 жыл 8 ай дедік, 7 жыл дедік, аяғында осы жолы да Ордабаеваның айы оңынан туды. Соттың соңғы кесімі 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасына тоқтады.

   Гаухар Елбасының атына жазған хатында Ордабаевамен қалай танысқанынан бастап,  осы шатаққа қалай ұрынғандығын егжей-тегжей баяндапты. Айтуынша, екеуі 2009 жылы танысып, алғашында Ордабаева оның өнерінің жанкүйері болып, келе-келе құрбысына айналған ол 2013 жылы Гаухарды Алматы әкімдігінде таныстары барын, солардың көмегімен пәтер алуға болатындығын айтып «азғырғанға» ұқсайды. Сонымен, құрбысын «Қолжетімді баспана» мемлекеттік бағдарламасымен баспана алып берем деп сендірген Ордабаеваның тұзағына Гаухар қалай түсіп қалғанын аңғармай қалған. Оның үстіне, ол «Ақкент» қалашығындағы пәтерлерді сату құқығына ие «АйтХаузингКомплекс» ЖШС-нің келісім шарт құжаттар көрсетіп күдігін сейілтіпті. Гаухардың Ордабаеваның сөзіне сенгені сонша, осы мүмкіндік жайлы бауырына және әпкесіндей болған Бақыт Назарова деген танысына айтып, олар да баспаналы болуға ниет білдіреді. Әлбетте, бұл кезде Әлімбекова Ордабаеваның «сыбайласы» рөлін ойнап тұрғанын өзі де білмеген шығар. Осы жерде Ордабаеваның Алматы қаласының әкімдігінде жұмыс істейтін таныстары кім болды екен? «АйтХаузингКомплекс» ЖШС-нің осы алаяқтық әркетке қатысы бар ма? Құқыққорғау орнадарының құрығы оларға жеті ме екен? деген сауал туындап отыр. Өкінішке қарай, әзірге қолымыға ондай ақпарат ілінбей тұрғаны…

    Еске түсірсек, 2015 жылы Гаухар Әлімбекова Алматыда Республика сарайда дүркіреттіп жеке концерт берген еді. Дәл осы жылдың соңында Ордабаева істі болып, 32 адамды сан соқтырғаны үшін сотталып кете барады. Алайда алаяққа алданғандардың тізіміне Әлімбекова 33-ші болып қосылудың орнына, өз ақысын қайтаруды Алланың еншісіне қалдырыпты. Енді міне онысы өзіне таяқ болып тиіп отыр.

Қалай десек те, бұл шу әлі ұзаққа созылатыны анық. Кімнің ақ, кімнің қара екенін анықтау да уақыт еншісінде. Рас, халықтың аяулы әнші-компазитор қыздарын «алаяқ» дегенге қимайтынындай бар. «Бетенеден биік, жусаннан аласа» жүруді жөн көретін Гаухардың атаққұмар еместігі де еліне аян. Сондықтан болар, көпшілік Гаухар Әлімбекова қолдан келгенше көмек беріп, әділдіктің салтанат құрғанын қалайды. Осы қатарда, Абзал Құсманов пен Шынқуат Байжанов сынды белді адвокаттар да бар.

  

Абзал ҚҰСПАНОВ, адвокат:

– «Айтылған сөз, атылған оқ», мен Гаухар Әлімбекованы қорғауыма алуға дайынмын. Негізі бұл әңгіме журналист Сәуле Әбединова екеуміздің өз-ара әңгімемізде айтылып еді. Кейін менің сөзім желіде тарап кетіпті. Сәулемен сөйлескен кезде де, толық ештеңе білмеген соң, «жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды» деп мән бермедім. Кейін материалдармен танысқанда қаным басыма шапшып кетті. Алдыңғы сот үкімімен, т.б іс құжаттарын зерттеп көргеннен кейін, қазір мен өз тарапымнан бұл жерде Гаухар Әлімбекованың кінәсін дәлелдейтін қылмыс құрамын көріп тұрған жоқпын деп толық сеніммен айта аламын. Адвокаттық этиканы сақтап Ордабаеваның ісіне қатысты ештеңе айтпай-ақ қойғаным жөн болар. Бірақ, 2015 жылдың соңында шыққан сот үкімінде Ордабаевадан бөлек, Жолдыбаева, тағы бір апалы-сіңілілер бар бірталай адам сотталыпты. Олар да Гаухар сияқты үй аламын деп жүріп, аяғында «алаяқ» болып шыға келген. Қарап отырсаң қазақ өзіне жетіспей жатса да, бірдеңенің шеті шықса басқаларға айтып, бөлісіп жүретін әдетті бар, аңғал халық ғой. Мұнда ала қойсам, басқалар да мүмкіндікті пайдалана қойсын дегендердің бәрі ұрынып, сотталып кеткен. Бізде бір құрып қалған сот тәжірибесі бар. Осы туралы Асанов мырза мінбелерде талай мәрте айтты. Заң бойынша да, нормативтік қаулы бойынша да, ЖС төрағасының айтуы бойынша да, «әрбір іске, әр істің әр эпизотына, әр адамға, жағдайға байланысты заңдық әркет жеке-жеке болуы, сараланып, бағалануы тиіс» деген қағида айтылады. Ал, бүгінгі сот тәжірибесінде мұндай жоқ. Енді қараңыз, қылмыс төрт құрамнан тұрады. Обеък, субъективті жағы, субъек және субъективті жағы. Соның ішінде суъбективті жағы адамның қылмыс жасамас бұрынғы ойы, ниеті, мақсаты дегенді білдіреді. Яғни, адам қылмыс жасауға алдын ала жоспар құрып, соған дайындық жасайды. Міне, осыны құқыққорғау органдары дәлелдеу керек. Соның ішінде сот. Егер осы аталған төрт қылмыс құрамдарының бірі сотта дәлелденбесе, сот істі «қылмыс құрамы жоқ» деп іс қысқартады.

    Енді қараңыз, Гаухар өзі де алданып, пәтерден айырылып, оған қоса біле тұра бауыры мен он бес жыл араласқан құрбысынның да алдануына бол берген бе, сонда? Логика қайда мұнда? Бұл жерде Гаухарда қандай қылмыстық арам ой, ниет, пиғыл болуы мүмкін? Яғни, жаңа жоғарыда айтып өткенімдей, бұл қатып қалған сот тәжіриесінің тағы бір көрінісі. Алдыңғы істе, «шын алаяқпен» бірге пәтер аламын деп алғанғандарды (жәбірленушілерді авт) сот қалай соттады, осы жолы да дәл осы «сот схемасы» іске асқан. Міне, осындай-осындай олқылықтарды көргеннен кейін мен қазір Гаухарға көмектесуге бел байлап отырмын. Ағалары да хабарласып, өтініштерін айтты.

Қаракөз Алашқызы, arasha.kz