Ұлытауда марганец рудасын рұқсатсыз өндірген азаматтың ісі сотқа жіберілді.

26 қыркүйек, 2024 / Arasha.kz

Қаржылық мониторинг агенттігі Ұлытау өңірінде марганец рудасын рұқсатсыз өндіруге және кейін оны заңдастыруға қатысты тергеуді аяқтап, істі сотқа жібергендерін мәлімдеді.

Аталған азамат 2020-2023 жылдар аралығында ешқандай рұқсат құжаттарынсыз Ұлытау облысындағы «Восточный карьерінен» марганец рудасын заңсыз өндірумен айналысқан.

Қылмыс «Қазақстан Ғарыш Сапары» АҚ-ның аэроғарыштық суреттерінің көмегімен анықталды.

«Жер қойнауын өз бетінше пайдалану фактілерін тергеп-тексеру барысында карьер орналасқан жер учаскесін пайдалану жөніндегі уәкілетті органдардан берілмегені, сондай-ақ жоғарыда аталған азаматтың тиісті тіркеуі жоқ екені анықталды. Кейіннен күдікті жалған шот-фактураларды жазып, заңсыз өндірілген марганец рудасын заңдастырып, республика бойынша және шет мемлекеттерге өткізген», — делінген хабарламада.

Марганец рудалары өнеркәсіптің әртүрлі салаларында – металлургияда, химияда, керамикада, шыныда, ал оның қосылыстары – фармацевтика өнеркәсібінде қолданылады.

«Мемлекетке 1 млрд теңгеден астам шығын келген. Заңсыз өндірілген кен көлемі 16 мың тоннаны құрап, жалпы сомасы 3 млрд теңгеден асады. Күдіктінің 337 млн теңгенің жылжымалы және жылжымайтын мүлкі тәркіленді», — делінген хабарламада.