Астанада өрттен бес баласы қаза тапқан қаралы отбасына президент Нұрсұлтан Назарбаев көңіл айтты. Бұл туралы АқОрданың баспасөз қызметі хабарлайды.

“Кеше Астанада ауыр қайғылы оқиға болды. Өрт салдарынан бір отбасы бес бірдей перзентінен айырылып қалды. Қаза болған балалардың ата-анасы мен туысқандарына көңіл айтамын” делінген АқОрда таратқан ақпаратта. Сондай-ақ, президенттің қаралы отбасына қажетті көмек жасау туралы үкіметке және жергілікті әкімшілікке тапсырма бергені де айтылады.

“Осыған байланысты мен Үкіметке және Астана қаласының әкімі Бақыт Сұлтановқа зардап шеккендерге қажетті көмек көрсетуді тапсырдым.

Барлық өңірдің әкімдері құзырлы органдармен бірлесіп, өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бақылауды күшейтуі керек, сондай-ақ тиісті тексерістер ұйымдастырып, халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуі қажет.

Мұндай жағдай қайталанбас үшін барлық тиісті шараларды қабылдау керек” деп айтылған президент баспасөз қызметінің хабарында.