06-02-19 | 14:26
Алматы мен Астанада бір топ ана президент пен үкіметке талап қойды (видео).
Алматы мен Астанада бір топ ана президент пен үкіметке талап қойды (видео)

6 ақпанда Астана мен Алматы қалаларында ана мен бала мәселесін көтерген ондаған тұрғын жергілікті билікке талаптарын жеткізді, – деп жазады azattyq.org

Астанадағы “Астана” концерт залына жиналған ондаған анамен қала әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев кездесті. Билік өкілімен кездесуде сөйлеген аналар Астанада бес баласы өрттен мерт болған отбасындағыдай жағдай өз бастарына да бар екенін айтты. Олар баспана жағдайы мен балаларға төленетін жәрдемақы проблемасын қозғады.

 

“Бұл жердегі біздің барлығымызға ортақ мәселе – баспана. Әрқайсымыз бірнеше бала өсіріп отырған анамыз, бізге үй берілсін!” деді сөйлегендердің бірі.

Жиында сөз алған Шолпан Қырғызбайқызы Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа аналардың атынан жазылған хатты оқыды. Онда биліктен Қазақстанда әрбір балаға мың айлық есептік көрсеткіш көлемінде бір жолғы әлеуметтік көмек, бала кәмелет жасына жеткенше ең төменгі күнкөріс минимумы көлемінде, ал кішкентай баламен отырған анаға ең төменгі еңбекақы көлемінде жәрдемақы төленсін деген талаптар айтылған. Үш баласы бар отбасыларды баспанамен қамтамасыз етуді, ал төрт және одан көп баласы бар отбасыларға тегін баспана беруді талап еткен. Хат авторлары қойған талаптың қарастырылуына жеті күн мұрсат беретінін ескерткен.

Астана әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев жиында айтылған мәселелердің “заң жүзінде қарастырылатынын” айтты.

Жиналғандардың бірі өз талаптары орындалғанша ұдайы осылай жиналып тұратынын айтты.

Сәрсенбі күні таңертең Алматыда қала әкімдігіне келген бірнеше адамды шенеуніктер ғимараттың ішіне кіргізіп, журналистердің кіруіне рұқсат етпеді.

Оқиға орнында жүрген Азаттық тілшісінің хабарлауынша, шенеуніктер ішке кіргізіп алғандардың арасында бұған дейін Астанада бес баланың ажалына себеп болған жеке үйдегі өрттен кейін әлеуметтік желіде ана мен баланы қорғау туралы акция өткізу туралы бастама көтерген белсенділер де бар.

4 ақпанға қараған түні Астананың Көктал-1 шағын ауданында жеке үйдің ауласындағы уақытша баспана өртеніп, бір отбасындағы 2006, 2008, 2013, 2015 және 2018 жылы туған бес қыз бала опат болған. Қаза болған балалар 5 ақпанда жерленді. Жергілікті биліктің дерегінше, өрт балалардың ата-анасы жұмыста болған кезде болған. Отбасы көп балалы шаңырақ ретінде тіркеуде тұрған.

Дереккөз: Azattyq.org

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.