Өзбекстан хиджаб жайлы алғашқы істі қарап жатыр

142

Ташкенттің Шайхонтур әкімшілік соты орамал тағып барған оқушы қызын сабаққа кіргізбей қойған Халықаралық ислам академиясы жанындағы лицей басшылығының үстінен шағымданған азаматтың арызын қарап жатыр. Соттың келесі отырысы 7 ақпанда өтеді деп хабарлады Азаттықтың Өзбек қызметі (Озодлик радиосы).

“Қызым кәмелет жасына толмаған. Өзім адвокат болғандықтан сотта қызымның құқын өзім қорғамақпын. Халықаралық ислам академиясы студенттері мен лицей оқушыларына сабаққа орамал тағып баруға тыйым салатын университеттің ішкі ережесі Өзбекстан үкіметі қосылған халықаралық құжаттар мен ел конституциясына қайшы болғандықтан оны жоюды талап етемін” дейді оқушының әкесі Абдувохид Якубов.

Халықаралық ислам академиясы студенттерге сабаққа орамал тағып келуге былтыр қыркүйекте тыйым салған. Оқу орыны өкілдері студенттер киіміне қойылатын талаптар бар екенін, тек хиджаб қана емес, сабаққа джинсы, қысқа юбка киіп келуге тыйым салынғанын алға тартады.

Халықаралық ислам академиясы 2018 жылы сәуірде ел президенті Шавкат Мирзияевтың жарлығымен Өзбекстан ислам академиясы және Ташкент ислам институты негізінде құрылған.

Оқу орнында ислам тарихы, ислам құқығы, ақида, суфизм, ислам экономикасы және қаржы, араб, парсы, ағылшын, орыс, урду, түрік және неміс тілдері оқытылады.

Оқи отырыңыз: Өзбек рэперінің хиджабты қолдаған әні хитқа айналды

Өзбекстан әкімшілік кодексіне сәйкес, қоғамдық орындарда діни киім киіп жүрген (дін қызметкерлерінен басқа) азаматтарға ең төменгі айлық еңбекақының бестен онға дейінгі мөлшерінде айыппұл салынады немесе он бес тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамау жазасы тағайындалады.

“Ар-ождан бостандығы және діни ұйымдар туралы” заң да азаматтарға қоғамдық орындарда діни киіммен жүруге рұқсат етпейді.

Студент әкесінің пікірінше, оқу орыны басшылығы заң ережесін дұрыс қолданбай отыр. “Елімізде қоғамдық орындарда діни киім киіп жүруге шынымен тыйым салынған, оған қосыламын. Бірақ орамал діни емес, ұлттық киімге жатады” деген уәж айтады адвокат Абдувохид Якубов.

Azattyq.org