Алик Шпекбаев: “мемлекеттік қызметте «мінсіз репутация» ұғымын енгізетін уақыт келді”

232

Билік пен халық қашан да қатар айтылатын ұғым. Шыны керек, біздің Қазақстанда осы екеуінің арасында «келіспеушілік» көп, алшақтық бар. Нақтырағы, алдыңғысы соңғысынан алыстап бара жатқанын саясаттанушылар жиі сынға алады. Билік деп жалпылама алғанымызбен, ол әртүрлі сатыдағы мемлекеттік қызметкерлерден құралатыны хақ. Солардың қызметіне қарап қоғамның мемлекеттік құрылымға деген сенімі қалыптасады немесе сетінейді. Бізде, өкінішке қарай, сол сетінеуі көп.

Сондықтан да, мемлекеттік қызметшілерге қойылар талап жылдан жылға қатайып-ақ келеді. Және ол нәтижесіз де емес секілді. Олай дейтініміз, сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылық фактілері азайған. Ал, бұл осы бағыттағы жұмыстардың бірден бір көрсеткіші екені даусыз. Өйткені, жемқорлыққа барып, мемлекетке залал келтіру тұтас мемлекеттік құрылымның абыройын айрандай төгетін қылмыс. Жақында ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасы Алик Шпекбаевтың қатысумен өткен ведомствоның кеңесінде төраға 2016 жылмен салыстырғанда аталмыш қылмыс фактілері 4 есе азайғанын айтты. Ресми мәліметтер бойынша, 2018 жылы 1290 тұлға жемқорлығы үшін әшкереленген, оның ішінде 25 республикалық, 91 облыстық, 142 қалалық және аудандық деңгейдегі басшылар бар. Ұйымдасқан 4 қылмыстық топтың жолы кесіліп, жүйелі жемқорлықтың анықталған 87 фактісі бойынша 288 лауазымды тұлға қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Мемлекетке келтірілген 21 млрд теңге залалдың 89 пайызы қайтарылған.
Осындай нәтижелі көрсеткіштерге тоқталған агенттік төрағасы заңсыз баю есебінен өмір сүруге арланбайтын ашкөз шенеуніктер жоқ еместігін жасырмады. Сол себепті де бұл бағыттағы күрес жұмыстары жалғасатынын айтып, мемлекеттік қызмет саласына «мінсіз репутация» ұғымын енгізуді ұсынды. «Меніңше, мемлекеттік қызметте «мінсіз репутация» ұғымын енгізетін уақыт келді. Мемлекеттік қызметші судан таза болып қана қоймай, халықпен адам секілді жұмыс жасауы керек. Тағы да қайталап айтамын: халықпен адам секілді жұмыс жасауы тиіс. Қазір отбасыда қандай қарым-қатынас орныққан болса, бәріне де сондай қарым-қатынас болуы қажет. Сонда мемлекеттік қызметтің беделі мен оған деген сенім әлдеқайда өсер еді», – деді агенттік төрағасы Алик Шпекбаев. Оның пікірінше, мемлекеттік қызметті тұтынушылармен тиімді диалог және кері байланыс орната алу қабілеті бұл репутацияның ең маңызды өлшемдерінің бірі болуы тиіс. Осы мақсатта Агенттік мемлекеттік қызметшілердің коммуникативті құзыреттілігінің стандарты жобасын жасап, енгізбек.
Агенттік төрағасы осы стандартты сақтау мемлекеттік органдар жұмысшыларының нәтижелі жұмысының негізгі өлшеміне айналса, бюрократизмнің «гүлденуіне» жол ашатын шенге бас ұрушылардың орнын өзінің мінсіз репутациясын бәрінен жоғары қоятын мамандардың дәуірі алмастыратынына сендірді. Әлбетте, төраға тоқталған тәсіл мемқызметтегілер мен халықты қаншалықты жақындататынына уақыт төреші.
Анығы сол, мемлекеттік билік өкілдері, қызметкерлері де, халық та осы Қазақстанның азаматтары, осы жерді басып, ауасын жұтып жүрген тұрғындары. Яғни, бір кемедеміз. Алайда, жанымыз бір деп айта алмаймыз.

Айбар САҚ