09-02-19 | 14:51
Қазақстан Каспий конвенциясын ратификациялады.
Қазақстан Каспий конвенциясын ратификациялады

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев “Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияны ратификациялау туралы” заңға қол қойды. Бұл туралы Ақорда сайты хабарлады.

2018 жылы 12 тамызда Ақтау қаласында өткен бесінші Каспий саммиті барысында Қазақстан, Әзербайжан, Ресей, Иран және Түркіменстан басшылары Каспийдің құқықтық мәртебесін анықтайтын конвенцияға қол қойған.

Конвенцияда Каспий теңізіне қатысты тараптардың құқықтары мен міндеттері анықталған. Құжатта табиғи ресурстарды қолдану, территориялық сулар, теңіздегі шекара, кеме жүру тәртібі, балық аулау құқығы, табиғатты қорғау мәселелері жазылған. Бұл конвенцияны Каспий теңізі жағалауы елдері жеке ратификациялауы тиіс.

Каспий теңізін бөлу мәселесі 1992 жылдан бері талқыланып келеді. СССР ыдырап, оның құрамындағы мемлекеттер тәуелсіздігін алған соң Қазақстан, Ресей, Әзербайжан, Түркіменстан мен Иранға екі мыңға жуық су асты жануары мекендейтін, 700-ден астам теңіз өсімдігі бар, мұнай мен газ кеніштеріне бай әлемдегі ең ірі тұйық су қоймасының құқықтық мәртебесін жаңадан анықтау қажет болды.

Azattyq.org

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.