Қазақстандағы «блокчейн» технологиялар жайлы не білеміз?

217

Осыдан он шақты жыл бұрын Қазақстанда ғаламтор кеңінен ене бастаса, қазіргі таңда күн сайын күнделікті тұрмысты жеңілдететін әрі уақытты үнемдеуді көздейтін озық технологиялар енгізілуде. Қазақстандықтар жыл санап онлайн-қызметтер мен интернет-банкингтердің қызметіне жүгінуді жөн санап келеді. Бұл ретте елімізде соңғы жылдары жиі айтылып жүрген «блокчейн» технологиялар жайлы айтпай кете алмаймыз. Сол себепті, бүгінгі мақаланың тақырыбын дәл осы салаға арнауды жөн санадық.

Блокчейн технологиясы «жаңа интернет» екені рас па?

Блокчейн ағылшын тілінен аударғанда «Block» – блок және «chain» – тізбек, шығыршық деген мағынаны білдіреді. Алғаш рет бұл жүйені 2008 жылы Жапонияның Сатоши Накамато есімді ғалымы ойлап тапқан.  Бастапқыда бұл жүйе цифрлық валюта – биткойн үшін әзірленген еді. Ал, қазіргі таңда мамандар блокчейн технологияларын экономиканың басқа да салаларында қолдануға болады деген тұжырымды алға тартып отыр. Себебі жүйе транзакциялық шығындардың төмендеуіне және оның үздіксіз әрі жедел жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Ғалымдар тіпті блокчейнді «интернеттің» жаңа түрі, революциялық жаңалық деп те атайды.

Блокчейн дегеніміз не?

«Блокчейн революциясы» еңбегінің авторы Дон және Алекс Тэпскоттың айтуынша: блекчейн дегеніміз – экономикалық транзакциялар мен қаржылық қызметтердің үнемі жаңартылып отыратын журналы екен. Мәселен, компьютер желісінде мың рет қайталанған кестені көз алдымызға елестетіп көрейік. Сонымен бірге ол жай ғана кесте емес, үнемі жаңартылып отыратын кесте деп есептеңіз.  Міне блокчейн дегеніміз – қаржылық операциялар базасы үнемі жаңартылып, сақталып отыратын жүйе болып табылады. Ондағы мәліметтер базасы арнайы бір орында сақталмайды және жүйедегі барлық операцияларды көріп, тексеруге болады. Бір артықшылығы мұндай жүйені, тіпті хакерлер де бұза алмайды екен. Себебі мәліметтер базасы орталықтандырылған бір жерде сақталмайды. Оның көшірмелері миллиондаған компьютерлерде сақталады және оны интернетті пайдаланушылардың бәрі көре алады.

Мысалы Microsoft Word құжатын пошта арқылы әлдекімге жіберіп, оған өзгерту енгізу туралы ұсыныс айттыңыз делік. Мұндай жағдайда сіз құжатты күтіп, оны жіберген адаммен бірге жөндей алмайсыз. Бұдан бір жазбаны екі бірдей адам бір мезетте қолдана алмайды деген қорытынды шығарамыз.  Дәл осындай операцияны банктер ақша аударымдарын жөнелткенде де жасайды. Ол аз уақытқа келген мәліметке қолжетімділікті бұғаттайды және осы уақытта транзакция жасап үлгереді. Артынша, екінші тарапты жаңартып, бұғатталған мәліметке қолжетімділікті қайтадан ашады. Ал, Google Docs-та екі тарап та құжатпен танысып, оған өзгерістер енгізе алады. Сол сияқты блокчейн технологияларында да транзакциялардың ортақ журналы болады және ол бір уақытта құжат қызметін атқарады.  Яғни, блокчейн – есептеу және идентифиация деңгейі жоғары технологияны ұсынады. Бұл технологияда артық транзакцияларға, машина немесе адамдардың қателігіне, тіпті екі тараптың араласуынсыз болатын өзгерістерге жол берілмейді. Ал, бастысы мұндағы транзакциялардың барлығы заңды түрде жүргізілетін көрінеді.

Блокчейн технологиялары – ашық және істен шықпайды

Мамандардың айтуынша, блокчейн – консенсус бағытында жүзеге асырылады. Себебі жүйе әр он минут сайын өз-өзін тексеріп отырады екен.  Басқаша айтқанда цифрлық экожүйенің жеке дара аудиті болып табылады. Мұндай жүйе блокчейн технологияларына ашықтықты әрі істен шықпайтындай жүйені қамтамасыз етеді. Ашық дейтін себебіміз – ондағы мәліметтер жалпылай енгізілген және олармен бәрі таныса алады. Ал істен шықпайтын себебі – ондағы кез келген ақпаратты өзгерту орасан зор есептеу күшін қажет етеді. Яғни, ғалымдар теориялық тұрғыда ол мүмкін емес дейді.

Қазірдің өзінде мамандар блокчейн технологиялары экономиканың барлық саласына төңкеріс әкеледі деп болжап отыр. Бұл жүйе, тіпті әлемдегі саяси қақтығыстар мен дау-дамайларды шешуге мүмкіндік беретін көрінеді. Себебі осы жүйе арқылы жалған дауыс жинауға шектеу қойылады.

Блокчейн транзакцияларының банктердегі транзакциялардан айырмашылығы да сол – бұл жүйеде делдалдар болмайды. Өкінішке қарай, қазіргі таңда ақшаға қатысты операциялардың дені делдалдар арқылы жүзеге асырылады. Қарапайым тілмен айтқанда, егер аталмыш технология әлем елдерінде кең қолданысқа ие болатын болса, банктер, аудиторлар мен бақылаушылар, тіпті сақтандыру компанияларының қажеттілігі болмай қалады.

Қазақстанда блокчейн технологиялардың даму болашағы қандай?

 Елімізде блокчейн технологияларын енгізу мақсатында, 2017 жылы «Қазақстан блокчейн және криптовалюта қауымдастығы» (ҚБКҚ) заңды тұлғалар бірлестігі құрылған. Сонымен бірге, Астана халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) да қаржы технологияларына, оның ішінде, блокчейн технологиялары мен криптавалютаны дамытуға ерекше ден қойған. Бүгінгі күні АХҚО мен ҚБКҚ аралығында ынтымақтастық туралы келісімге қол жеткізілген. АХҚО басшысы өңірлік қаржылық хаб блокчейн технологиялар мен криптовалюталарды сынақтан өткізу алаңына айналатынын мәлімдеген еді.

«Бұл жаңа технология және онсыз болашақта қаржы саласын елестету мүмкін емес. Ал криптовалюталардың қолданылуына келер болсам, онда белгілі бір ережелер бар»,-дейді Қайрат Келімбетов.  

Қазіргі таңда блокчейн технологиялары бойынша жұмыс істеп келе жатқан компаниялар саны да артып келеді. Солардың бірі – қазақстандық жас кәсіпкер Батырбек Омаровтың «Blockchain.kz» компаниясы. Компания қазірдің өзінде АХҚО резиденттері қатарына еніп үлгерген. Батырбек Омаров өз сөзінде неліктен АХҚО-ға тіркелгендігін баяндаған еді.

«Біз неліктен АХҚО-ға тіркелдік? Себебі, АХҚО ағылшын құқықтары негізінде жұмыс істейтін алаң болып табылады, сондықтан біз үшін ол өте қолайлы жағдай. Сондай-ақ, ол Қазақстан аумағында орналасқан. Осы алаң арқылы біз үлкен мүмкіндіктерге қол жеткізіп отырмыз. Менеджментте де, бизнесте де АХҚО-ның мүмкіндіктері көп екенін көріп отырмыз. Бұған қоса АХҚО жұмысына білікті мамандар жұмылдырылған және ол күннен күнге дамып келеді. Біз тек дайынға келгіміз келіп тұрған жоқ, АХҚО-мен бірге дамуды көздеп отырмыз. Біздің компания «Blockchain.kz» деп аталады. Біз үш бағыт бойынша жұмыс істейміз. Олар: біріншісі – «Education», екіншісі – маркетинг, үшіншісі – IT консалтинг. Блокчейн, «Bigdata», криптовалюта компанияларын дамытуға қатысты дүниелердің барлығы біздің компанияға тиесілі болып табылады. Оның ішінде блокчейн технологияларын дамытуға ден қойып отырмыз және алдағы уақытта АХҚО-ға тіркелу арқылы әлемдік нарыққа шығуды көздеп отырмыз», – деді Батырбек Омаров.

Сарапшылар блокчейн технологиясының болашағы жарқын деп сендіргенімен, оның әлі нақты қай салада енгізілетіні беймәлім. Белгілісі, тек жаңа жүйе «жасырын транзакциялар» жасауға тосқауыл бола алады. Демек, жемқорлықпен түбегейлі күресуді жөн санайтын елдер блокчейн технологияларды көп ұзамай енгізуі әбден мүмкін.