12-02-19 | 14:08
Мәлік Кенжалиев уақиғасы: “Бұл – саяси іс, қалайда оны қамау керек”.
Мәлік Кенжалиев уақиғасы: “Бұл – саяси іс, қалайда оны қамау керек”

11 ақпанда Ақтау қалалық сотының төрағасы Мәлік Кенжалиевтің судья  өкілеті сот жюриі шешімімен тоқтатылды.

Азаттыққа арнайы сұхбат берген Мәлік Кенжалиев қызметтен алынуына Маңғыстау облыстық сотының төрағасы Ержан Дәулиевтің елде экстремистік ұйым ретінде тыйым салынған “Қазақстанның демократиялық таңдауы” қозғалысының Telegram чатындағы жазбалары үшін істі болған Айгүл Ақбердиеваны соттау туралы бұйрығын орындамағаны себеп болғанын айтады.

– Маңғыстау облыстық соты төрағасы Ержан Дәулиевтің “Бұл – саяси іс, қалайда оны қамау керек” деп айтқанын жазып алдым. Ол жазба өзімде сақтаулы тұр. Ақбердиеваның ісі алдымен маған түскен. Оның ісінде дәлел болмаған соң кешенді сараптама жасауға бергенмін. Кейін қыркүйекте мен Алматыға оқуға кеткенде, шығарған қаулымды прокурордың өтініші бойынша заңсыз бұзып, басқа құраммен қарауға жіберген, – дейді ол.

Өзін жұмыстан заңсыз қуылдым деп санайтын бұрынғы сот төрағасы Facebook әлеуметтік желісі арқылы мәлімдеме жасап, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа жүгінді.

Маңғыстау облыстық сотының баспасөз хатшысы Гаухар Нұрманованың мәлімдеуінше, Мәлік Кенжалиев судья әдебіне қайшы келетін теріс қылығы үшін жұмыстан шеттетілген.

Маңғыстау облыстық сотының дерегінше, Мәлік Кенжалиев Каспий теңізі жағалауынан коттедж салдырып, жалдамалы жұмысшының екі миллион теңгеге жуық еңбекақысын бермей қойған.

“Судья сот билігінің беделін төмендетуге және судьяның беделіне нұқсан келтіруге әкеп соғуы мүмкін кез келген іс-әрекеттерден аулақ болуға тиіс. Орындалған жұмысы үшін өз ақшасын ала алмаған бригадир  Кенжалиевке бірнеше рет телефон шалып, қалған соманы қайтару туралы өтініші жазылған смс-хабарламалар жіберген. Алайда Кенжалиев ақша қайтарудан жалтарып, балағат сөздер айтып, оны түрмеге отырғызамын деп қорқытқан” делінген Маңғыстау облыстық сотының мәлімдемесінде.

Қазір Маңғыстау облыстық соты төрағасының өкімімен Ақтау қалалық соты төрағасының міндетін Гүлмаржан Әділсұлтан атқарып жатыр.

59 жастағы Мәлік Кенжалиев Ақтау қалалық сотының төрағасы қызметіне 2016 жылы қарашада тағайындалған. Ол 2005-2010 жылдары Ақтау қалалық мамандандырылған әкімшілік сотының судьясы, 2010-2012 жылдары Жаңаөзен қалалық мамандандырылған әкімшілік сотының  төрағасы, кейін Түпқараған аудандық сотының төрағасы қызметтерін атқарған. Маңғыстау облысының үздік судьясы атағын, Жоғарғы соттың құрмет грамоталарын алған.

Azattyq.org

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.