Халықаралық деңгейдегі белді сертификатқа қол жеткізудің құпиясы

219
Әділбек Рысқұлов
Әділбек Рысқұлов

«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) Үздіксіз кәсіби білім беру бюросы биыл да жылдағыдай қаржы саласы бойынша арнайы курстарды өткізіп, сынақтан сүрінбей өткендерге сертификаттар тапсырған еді. Аталмыш сертификаттар әлемдегі ең беделді құжаттардың бірі болып саналады, әрі халықаралық деңгейдегі білікті маман атану мүмкіндігін береді. Биылғы жылы АХҚО Академиялық Кеңесі CFA, ACCA, FRM, HRCI, Islamic Finance сертификаттарын иеленгісі келетіндерге 215 грант бөлген болатын. Осындай белді гранттардың бірін иеленген талапты жастың бірі – алматылық Әділбек Рысқұлов халықаралық деңгейдегі сертификатқа қол жеткізуінің құпиясымен бөлісті.

– Әділбек, алдымен өзіңіз жайлы айтып өтсеңіз?

– Менің бірінші мамандығым – әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің  механика-математика факультеті. Ал, екінші мамандығым – қаржы мамандығы, оның ішінде, актуарлы есеп мамандығын тәмамдадым. Сондай-ақ, Ұлттық банктің магистратурасын бітірдім. Үшінші бір мамандығым – исламдық қаржы саласы бойынша Пәкістандағы Al-Huda Center of Islamic Banking and Finance болды. Дәл осы үшінші мамандығымды мен «Алматы» өңірлік қаржы орталығында исламдық қаржыны дамыту басқармасында жұмыс істеп жүрген кезде алдым. Осыдан бастап менің кәсіби жолым басталды. Сосын ақпараттық технологиялар саласында, исламдық банктерге арналған  АБС-ны дайындаумен тікелей байланысты тәжірибем де болды. Осы жұмысыммен бірге актуарлы есеп және тәуекел менеджменті саласында түрлі банктер мен сақтандыру мекемелерінде еңбек етіп жүрдім. Қазіргі таңда «Аль Сакр Финанс» АҚ исламдық қаржы компаниясында қызмет етемін. Мұнда мен тәуекел-менеджменті және Sharia-compliance мәселелеріне жауап беретін департамент басшысының қызметін атқарамын.

– Осы саланы таңдағаныңызға біраз жыл болыпты. Ал, халықаралық сертификатқа не себепті қол жеткізгіңіз келді?

– Ұлттық банк магистратурасының түлегі болғандықтан, мен халықаралық кәсіби сертификаттардың қаншалықты маңызды екенін түсіндім. 2 жыл бойы бізді мамандыққа байланысты халықаралық сертификат алу үшін емтиханға дайындады. Оның ішінде мысалы CFA жөніндегі қаржы сарапшысы, FRM бойынша тәуекелдер менеджері және т.б бар. Мен «актуарий» мамандығы бойынша оқыдым және біз кәсіби 10 емтихан бойынша сертификаттаудан өтетін едік. Өткен жылы АХҚО Бюросы жайлы естіп, ойланбастан оқуға өтінім жаздым. Қазірдің өзінде мен 2 бағдарламаны: Islamic Finance Qualification (IFQ) және Financial Risk Manager-ды (FRM, Part 1) тәмамдадым.

– Емтиханға қалай дайындалдыңыз? Бюро курсынан бөлек, өз біліміңізді жетілдіруге мән бердіңіз бе?

– Шынымды айтсам, IFQ емтиханына қатты дайындалған жоқпын, десе де емтиханнан өту үшін қажет деген 70 пайыз балдың 80 пайызын жинадым. Бірақ, шыны керек, емтиханды тапсыру оңайға соқпады. Менің жағдайымда 2 фактордың ролі басым болды: бейінді білім мен исламдық қаржы саласындағы 8 жылдың еңбек өтілі. Ал, FRM емтиханын тапсырғанда, бәрі басқаша болды. Мен бос уақытымның барлығын емтиханға дайындалумен өткіздім. Тіпті, күнделікті тұрмыс-тіршілікті қойып, тек соған ғана көп көңіл бөлдім десем, артық айтпаспын. Бұған қоса Бюро курстарының кестесі де маған қолайсыз болды. Сондықтан, емтиханға өз күшіммен дайындалуға тура келді. Алайда Бюро курстарына жазылғаныма ешқашан өкінген емеспін, керісінше, Бюроның арқасында мен емтиханға қажет барлық оқулықтар мен материалдарға қол жеткіздім, сондай-ақ, бірнеше сынақ емтихандарды да тапсырып үлгердім.  

– Сонда аптаның қанша сағатын оқуға арнадыңыз? Жалпы емтиханға дайындық барысы қанша уақытқа созылды?

– Мысалы, FRM Part 1 дайындалу уақыты 15 апта, 100 күн, 500 сағат кетті де, оқулықтың 1000 парағы мен 3000 есебі артта қалыпты. Ал бұған кеткен жүйке талшықтарын есептесек, тіпті таң қаласыз: 10 000-ға жуық жүйке жасушалары. Күн сайын 4 сағаттан артық дайындалуға тырыстым, ал демалыс күндері, тіпті 8 сағаттан артық уақытты емтиханға арнадым. Егер жалпылай есептесек, апта сайын 40 сағаттан артық уақыт кетеді деп айтар едім. 

– Осындай табысқа жетуіңіздің құпиясы неде?

Өз-өзіңе талап қоя білу және мақсатқа ұмтылу. Онсыз қандай да бір табысқа жету мүмкін емес. Сонымен бірге, жаңа өзім атап өткендей емтиханға мен бос уақытымның барлығын арнадым.  Ал, отбасылы адам үшін бұдан асқан қиын дүние жоқ.

– Осы шартты грант емтиханды сәтті тапсыруға деген талпынысыңызды арттырды ма?

 – Әрине, үлкен бонус болды деп есептеймін. Бұдан басқа шартты грант бағдарламалары оқуға кететін шығындарды азайтты, себебі IFQ гранты FRM-ға кететін шығынды жапты.

– Алдағы уақытта АҚХО Бюросының курстарынан өтіп, өзге де емтихандарды тапсыру жоспарыңызда бар ма?

– Әрине, қазірдің өзінде мен FRM Part 2 емтиханын тапсыруға дайындалып жатырмын. Оны тапсырғаннан кейін Бюроның исламдық қаржы саласына қатысты бағдарламаларын оқуды жалғастыратын боламын. Нақтырақ айтатын болсам, INCEIF және AAOIFI институттарының сертификаттарына қол жеткізуді жоспарлап отырмын.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Нұржан Жеңіс