Президент “Қазастанның 100 жаңа есімі” жобасының жеңімпаздарымен жүздесті

114

Елордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының екінші кезеңі жеңімпаздарымен кездесуі басталды.

Шара «Қазмедиа» орталығында өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Естеріңізге сала кетсек, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасына үміткерлерден өтінім қабылдау өткен жылдың қыркүйегінде басталды.

Жоба кәсіби салада жетістікке жеткен, дара жолдары өзгеге үлгі болатын адамдарға арналған. Осымен екінші жыл ұйымдастырылып отырған жобаның  ерекшелігі – үміткер өзін ұсынуға және үміткерді ұйым атынан ұсынуға мүмкіншілік берілді.  Өтінімдер 2018 жылдың қазан айының ортасына дейін 100esim.el.kz сайты арқылы қабылданды, одан әрі қараша айы бойы онлайн дауыс беру жалғасты. Жалпы, екі жылдың ішінде жобаға қатысуға 4 мыңға жуық өтінім түсті. Дауыс бергендердің саны 100 мыңнан асып жығылды.

Айта кетерлігі, жобаның бірінші кезеңінде 2 мыңнан аса өтінім қабылданды. Оның 302-і іріктеуден өтіп, 102  үміткер «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы атанды. 2017 жылдың 1 желтоқсанында олармен Президент Нұрсұлтан Назарбаев кездесіп, қатысушылардың жеткен жетістіктерімен танысты.

«Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының мақсаты – Тәуелсіздік жылдарында заманауи Қазақстанның дамуына қомақты үлес қосқан адамдардың нақты мысалында қоғамда табыстылық идеяларын, меритократия, бәсекелестік принциптерін, білім және прагматизм культын насихаттау және дамыту.

Дереккөз: Қазақпарат