700 мың қазақстандық «42 500 теңге» төлемге sms хабарлама алды – министрлік.
700 мың қазақстандық «42 500 теңге» төлемге sms хабарлама алды – министрлік

Төтенше жағдай (бұдан әрі – ТЖ) кезеңінде төлемдер алған, қызметінің қайта шектелу мүмкіндігі жоғары 700 мың қазақстандыққа Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (бұдан әрі – МӘСҚ) ең төменгі жалақы (бұдан әрі – ЕТЖ) – 42 500 теңге мөлшерінде біржолғы төлемді проактивті тағайындау туралы SMS хабарлама түсті деп хабарлайды Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2020 жылғы шілдеде карантиндік шаралардың енгізілуіне байланысты жұмыс істейтін қазақстандықтарға табысы толық жоғалған жағдайда бір ең төменгі жалақы – 42 500 теңге мөлшерінде біржолғы төлем (бұдан әрі – төлем) жүзеге асырылатын болады.

Осыдан бір күн бұрын, ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов төтенше жағдай кезінде төлем алған азаматтарға, олардың қызметі ағымдағы жылдың шілде айында шектеулерге ұшырауы әбден мүмкін екенін, сондықтан төлемді проактивті тағайындау үшін кірісті жоғалту фактісін растау үшін SMS-хабарлама жіберілетінін айтты.

«Біз төлемдерді проактивті форматта тағайындауды қарастырамыз. Біз қызметі шектелген болса, соңғы рет төлем алған азаматтардан SMS арқылы табысын жоғалту фактісін растауды сұраймыз. Оң жауап пен проактивті түрде тағайындауға келісім болған жағдайда, төлемдер өтінішсіз тағайындалады. Олардың порталдарға өтініш беруінің қажеті жоқ, олар өз мәртебесін одан әрі қадағалай алады», – деді Еңбекмині басшысы.

Сондай-ақ, Біржан Нұрымбетов төлемдерді тағайындау үшін өтініштерді қабылдау ағымдағы жылдың 17 шілдесінде басталатынын хабарлады. Порталдар мен telegram боттар бүгін күннің екінші жартысында іске қосылады.

Келесі арналарды пайдалана отырып, өтініш беруге болады:

– egov.kz – «электрондық үкіметтің» веб-порталы;

– 42500.enbek.kz порталы;

–  telegram-bot-тар;

– Aitu мессенджерінде 42500.enbek.kz қосымшасы;

– екінші деңгейдегі банктердің мобильді қосымшалары мен интернет-ресурстары арқылы.

Өтінімдерді қабылдау 2020 жылдың 1 қыркүйегіне дейін жалғасады.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk