«Мекемеге жас, еңбекқор, жаңалыққа бейім жігіттер керек» немесе «Командамызға іссапарға жиі шығуға мүмкіндігі бар, реттелмеген жұмыс графигіне төзімді жігіттер іздейміз» деген жарнамаларды газет, сайт беттерінен жиі кездестіреміз. Әрине, нарықтың талабы бойынша әр мекеменің өз жұмыс өнімділігін арттырып, пайдасын еселеуге көмегін тигізетін мамандарды жинауға ниетті екені түсінікті.

Ер азаматтарды жұмысқа қабылдаудың артықшылығы аз емес. Ең алдымен жігіттер қыз-келіншектер секілді отбасының тірлігіне алаңдамайды. Екіншіден, жігіттер бар зейінін, бар уақытын жұмысқа жұмсайды. Нәзік жандылардың болса белгіленген уақыттан тыс қалып жұмысын аяқтауға мүмкіндігі бола бермейді. Үшіншіден, ер-азаматтар іссапарларға ойланбастан келісім беріп, неше күнге болсын жол жүруге әзір. Ал келіншектерге отбасының келісімн алу керек. Бала-шағасының жағдайын жасап, сенімді адамға табыстамай тұрып жолға жиналмайды. Осындай ұсақ-түйек себептердің өзі жұмыс берушілердің өз қатарына жігіттерді алуына түрткі болады.

Дегенмен, Қазақстан Республикасының гендерлік саясатына сай ел тұрғындарын жынысына қарай бөлуге, қандайда бір артықшылық беруге ешкімнің қақысы жоқ. Соған орай, Қазақстан Республикасында жұмысын жүргізіп, кәсібін дөңгелетіп, ісін ілгерілетіп отырған басшылардың барлығы ортақ талаптарға бағынуы керек. Яғни, қанша жерден табысын еселеуді, жұмысын жүйелеуді ойлағанымен, жұмыс берушілердің мемлекеттің саясатына қарсы келмегені орынды. Еліміздің Ата заңын, гендерлік саясат қағидаларын басшылыққа алған қыз-келіншектердің жұмыста қандайда бір кемсітушілік көрген жағдайда құзырлы орындарға арызданып, өз құқығын қорғауға мүмкіндігі бар.

Әйелдерге қатысты кемсітудің барлық нысандарын жою туралы халықаралық конвенцияға мүше мемлекеттер әйелдерге қатысты барлық нысандағы кемсітулерді айыптайды. Сонымен қатар өркениетке ұмтылған елдер әйелдерге қатысты кемсітулерді жою саясатын кідіріссіз барлық тиісті тәсілдерімен жүргізуге келіседі және осы мақсатқа жету үшін алға қойған міндеттері де айқын. Онда ерлер мен әйелдердің тең құқықтық принципін өз ұлттық конституцияларына немесе басқа да тиісті заңнамасына қосуға, егер де бұл әлі жасалмаса, заңның және басқа да тиісті құралдардың көмегімен осы принципті жүзеге асыруға; әйелдерге қатысты кез-келген кемсітуге тыйым салатын тиісті заңнамалық және керек жерде санкцияны қоса алғандағы басқа да шараларды қабылдауға; әйелдердің құқықтарын ерлермен тең негізде заңгерлік қорғауды қалыптастыруға және құзырлы ұлттық соттар мен басқа да мемлекеттік мекемелер көмегімен әйелдерді кез-келген кемсіту актісіне қарсы тиімді қорғауды қамтамасыз етуге тиіс.Бұған қоса, әйелдерге қатысты қандай да бір кемсіту актілерін немесе іс-қимылдарын жасаудан қалыс қалуға және мемлекеттік органдар мен мекемелердің осы міндеттемелерге сәйкес әрекет ететін кепілдік беруге; қандай да бір тұлға, ұйым немесе кәсіпорын тарапынан әйелдерге қатысты кемсітуді жоюдың барлық тиісті шараларын қабылдауға міндетті. Сонымен бірге, әйелдерге қатысты кемсіту болып табылатын қолданыстағы заңдарды, қаулыларды, әдет-ғұрыптарды және тәжірибені өзгерту немесе жою үшін барлық тиісті шараларды қолға алып, өзінің қылмыстық заңнамасының әйелдерге қатысты кемсіту болып табылатын барлық ережелерді жою бағытында жұмыс жүргізуге тиіс.

Қатысушы мемлекеттердің ерлер мен әйелдердің іс жүзіндегі теңдігін орнатуды жеделдетуге бағытталған уақытша арнайы шараларды қабылдауы кемсітушілік болып табылмайды, алайда ол теңсіздік немесе кемсітушілік стандарттардың сақталуына жол бермеуге тиіс.

Конвенцияға мүше мемлекеттер заң алдында әйелдердің ерлермен теңдігін мойындайды. Әсіресе олар келісім шарттар жасағанда және мүлікті меңгергенде тең құқықты, сонымен қатар оларға сотта және трибуналда талқылану кезеңдерінде соттың бірдей көңіл бөлуін қамтамасыз етеді. Бұл нені білдіреді? Конвенцияда нақтыланған тетіктер нәзік жандылардың өз қалауымен жұмыс істеуіне жағдай жасайды. Сонымен бірге, ана мен балаға жасалған мемлекеттік қолдауға сүйене отырып әйелдердің бала күтіміне орай демалыс алуына, ұл-қызының денсаулығына байланысты жұмыстан қалуына, отбасындағы ахуалды ескере отырып іссапарлардан бас тартуына болады. Осындай себеппен жұмыстан қалған қыз-келіншектерге жұмыс берушілердің қысым көрсетуге, төмендетуге, сөгуге, сыйақыдан қағуға, айлығын төмендетуге, жұмыстан шығаруына қақысы жоқ.

Мөлдір Мәлікқызы