Осыдан екі күн бұрын Қарағандыдағы № 6505 әскери бөлімінде сарбаз мылтықпен иек тұсынан өз-өзін атқан болатын. Таңға жақын өлі дене табылған. Алайда, қабырғасы қайысқан 18 жасар Әліби САПАНЫҢ туғандары баласының өзіне қол жұмсағанына сенбейді. Себебі, Әліби өлер алдын ғана анасымен сөйлесіп, әскери өмірдің ұнап жатқанын айтқан.

Дегенмен, әскери бөлімнің басшылары бүгін журналистермен кездесіп, болған оқиға бақылау видео камерасына түсіп қалған деген тұжырым айтты.

«Видеокамерада көрініп тұр. Ол бекетте өзі жалғыз болған. Оның қасында ешкім болған жоқ. Сарбаз бекетте тұрғанда автомат оның қаруы перамидада тұрады. Сонда тұрғаны камерада көрініп тұр. Автоматты өзі алады өз еркімен. Оқты автоматтың ішіне кіргізеді, және өзін өзі атады. Ол көрініп тұр. Қасында мен қайтадан айтамын, ешкім болған жоқ. Ол жалғыз ғана тұрды. Қарауылдың бастығы мен орынбасары ғана ол бекетке кіре алады», — дейді ҚР Ұлттың Ұланы бас қолбасшының ТжӘҚЖЖ орынбасары, генерал-майор Мухаметқали САТОВ.

Сонымен қатар, брифинг барысында бұл оқиғаны ҚР Ұлттық ұланның бас қолбасшысы Рустам ЖАҚСЫЛЫҚОВ өз қадағалауына алынғаны айтылды. Қазір  107 бап, яғни «өз-өзіне қол жұмсау» бойынша қылмыстық іс қозғалған. Тергеу амалдарында қылмысқа қатысы барлар анықталса, ең қатаң жаза қолданылады деп ескерткен басшылар қызметтен босату жазасына дейін болатынын жеткізді.

Дегенмен, тергеу басталғаннан бері әскери қызметкерлер өлімге итермелейтін іс-әрекеттердің байқалмағанын айтқан.

«Бүкіл әскери қызметшілермен, офицерлермен де, келісім шарт бойынша әскерде жүргендер, қатардағы сарбаздармен де тергеушілер жұмыс жүргізуде. Сарбаздардың барлығы бір ауыздан көңілдері тоқ, ешқандай соққыға жығу фактісі жоқ деп жатыр», — дейді Орталық өңірлік қолбасшылығының әскери полиция бөлімінің бастығы полковник Қуат ТОМАШИНОВ.

Сапа Әліби отбасында үлкені. Өзінен кейін 6 жасар інісі бар. Отбасылық жағдайы орташа. Тек қана әкесі ғана жұмыс жасайды екен. Бүгін марқұмның денесі Алматыға жеткізіледі. Ертен жерленеді.

Дереккөз: zhasalash.kz