Үкімет құрамының ауысуы жайлы дабыра-дақпырт осы төңіректе болған біршама жаңалықтарды «жұтып» жібергендей. Ол қандай жаңалықтар десеңіз, оның бірі теңгеміз енді тек қазақ тілінде «сөйлейтіні».

         Қазақстан Республикасының Президенті «Ұлттық валюта – Қазақстан теңгесі банкноталары мен монеталары дизайнының тұжырымдамасын бекіту туралы» №804 Жарлыққа өткен жылдың 12 желтоқсанында қол қойған. Құжатқа сәйкес, банкнота мен монеталардағы жазбаларда енді тек мемлекеттік тіл қолданылады.

         Қайда барсақ та алдымыздан шығатын қос тілділік төл теңгеміздің де бетін шимайлап, екіге бөліп келгені мәлім. Шыны керек, бұған енді нүкте қойылатыны қоғамда біраз талқыға түсті. Төлем құралы деп қана қарайтын бәзбіреулер теңгедегі әріптер үшін әбігерге түспеді. Цифрына көбірек мән береді және күнделікті қалтасында көбірек болса болғаны. Ал, екінші бөлігі экономикалықтан гөрі бұған саяси реңк беріп бағуда. Яғни, олар үшін теңгеден ресми тілді алып тастау орыс тіліне жасалған қастандық-мыс.

         Әрине, ұлттық валюта мәтіндері енді тек қазақ тілінде жазылатынын қуана қостағандар мен қоштағандардың қарасы қалың. Бұл түсінікті де. Өйткені, теңге мәні мен салмағы әнұран, елтаңба мен тудан кем түспейтін мемлекеттік рәміздердің бірі. Алдыңғыларына қаншалықты мән берсек, ұлттық валюта мен оның дизайнына, мәтініне де аса сақтықпен һәм жауапты қарауымыз керек. Себебі, мұның түп-төркінінде мемлекеттік, ұлттық идеология жатыр.

         Сондықтан да, теңгеден орыс тілді мәтіннің алынатыны қазақ қауымы үшін өз жерінде мүсәпірдің күйін кешкен қазақ тілінің жеңісіндей көрінгені рас. Айта кетерлігі, теңге осы шешім арқылы орыс тілімен ғана емес, кириллица әліпбиімен де қоштасатын секілді. Демек, ендігі мәтін қазақ тілінде латын әліпбиімен таңбалануы мүмкін.

Айтпақшы, көрші Ресей бұл шешімімізге көз жұма қарамапты. Ресей Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мария Захарова бұл Қазақстанның ішкі ісі екенін айтқанымен, «Бұл мәселе тек Қазақстан контекстінде ғана емес, сонымен қатар, тілі орыс адамдар тұратын бүкіл аймақтың және біздің назарымызда» деуді де ұмытпапты. Латын әліпбиіне көшуімізге қатысты да алдында Сергей Лавров та осындай екі ұшты пікір білдіргені есте, яғни бұл Қазақстанның өз ісі екенін айта тұрып, бұдан мұндағы орыс азаматтардың құқығы бұзылмайтынын қаперге салған еді.

         Алайда, ұлттық валютаға орыс тілінен тәуелсіздік алып беру қадамын да әдеттегідей өзгелерден кеш жасап отырмыз. Өзгелер деп кешегі Кеңес Одағынан енші алған елдерді айтып тұрмыз. Ал, әдеттегідей дейтініміз, тоқсаныншы жылдардың басында қызыл империя құлағанда, одан Қазақстан ең соңғы болып көш-керуенін бөлгені – айтылып жүрген әңгіме. Кеңестік рубль аймағынан шығуда да басқалардан кеш қалдық.

         Бұл жолы да солай. 1991 жылдан бері тәуелсіз мемлекет бола тұра ұлттық валютасындағы мәтіндерді орысша да қосарлап жазып келген біз ғана екенбіз. Өзгелер әлдеқашан өз тіліне үстемдік құрғызған. Одақтан оңаша отау құрған он бес республика ішіндегі бізге діні, ділі жақындарын айтпағанда, орысқа жақын Украина мен Белорусь мемлекетінің өзі туысқан мемлекеттің тілін ұлттық валютасының төріне шығармаған.

Осыған қарап тұрып, бұл қаншалықты қуануға болатын нәрсе, «ештен кеш жақсы» деп қашанғы елдің соңында қала бермекпіз деп ойлайсың.

     

Дос КӨШІМ, саясаттанушы:

– Мен мұны маңызды деп те, бұған көңіл бөлуге болады деп те ойламаймын. Ұлттық валютадағы мәтін мемлекеттік тілде ғана жазылуы керектігі – аксиома.

Ал, біз соны үлкен жаңалық, үлкен жетістік секілді көреміз. Менің ойымша, ондайды қою керек. Өйткені, ол өзі солай жазылуы тиіс нәрсе. Дүнижүзінде солай.

Егер біз осыған дейін ақымақ болсақ, онда ақылымыз кіріп қалғанға бола «ойбай, біз ақымақ болыппыз» деп мақтанбаймыз ғой. Қазір осы мәселеге көңіл бөлгеніміз, өзіміздің ақымақ екенімізді мойындағанымыз сияқты көрінеді.

Теңгеміз алғаш шыққан кезде, онда орыс тілінде жазу жоқ-тұғын. Қысқасы, билік қазақ тілі мен орыс тілін қатар қойып, екеуін қатар қойса орыс тілінің құзыреті жоғары болып кететіні белгілі, соған алып келгісі келіп жанталасуда. Мемлекеттік қызметтегілер, шенеуніктер. Алайда, ақыр аяғында қазақтар көбейген сайын соның бәрін біртіндеп шегіндіріп жатыр.

Сондықтан, мен мұны амалдың жоғынан істеп отырған басшылардың шегінісі деп ойлаймын. Дәл осындай шегіністер барлық уақытта да болып жатыр. 

Ұлттық валютамызға орыс тілінде де жазуды енгізгенде біз митинг жасап, қарсы шыққанбыз. Сонда теңгеге екі тілде жазылуы керектігін айтып, жауап берген еді.

Сол себепті, менің бұған көңіл бөлгім келмейді де. Бұл өзі солай болуы тиіс нәрсе. Оған қуанудың өзі ыңғайсыз нәрсе. «Теңгемізге тек қана қазақша жазылады» деп қуану – ақымақтығымыздың көрсеткіші. Мұны айтпау қажет, мұны қозғамау керек. Тек, кезінде осындай ақымақтық жасалғанына өкінуіміз керек. Бұған енді келіп бөрікті аспанға атуға болмайды. Ол онсыз да әлемде бар нәрсе. 

Айбар САҚ