МАҚПАЛ МЕЙІРБЕКҚЫЗЫ: Жарқын, қателеспесем, оқуды бітірген он екі жыл ішінде он төрт жерде жұмыс істепсіз. Бір сұхбатыңызда «мен барлық қызметке тек шақыртумен ғана барамын» деп айтыпсыз. Бүгінгі Жарқын Түсіпбекті басшылардың бағалап, жоғары қызметке шақыруы қалыпты шығар. Ал тәжірибеңіз жоқ кезде  Сізге кім арнайы шақырып жұмыс ұсынып жүр?

ЖАРҚЫН ТҮСІПБЕКҰЛЫ: Маған тіпті достарымның арасында да «жұмыс орныңды неге жиі ауыстырасың?» деп сұрайтындар көп. Сондай кездің бірінде бір жұмысты аяғына дейін жеткізбейтін тұрақсыз адам емес екенімді білдіріп, жаңа бір жерден ұсыныс түскен кезде ғана кететінімді айтқым келген. Сондықтан сіздің сұрағыңыздағыдай астамсымағанымды айтқым келеді.

МАҚПАЛ МЕЙІРБЕКҚЫЗЫ: Кешіріңіз, мен бар болғаны  сіздің өзгертілмеген  цитатыңызды келтірдім.  Сынап отырған жоқпын.

ЖАРҚЫН ТҮСІПБЕКҰЛЫ: Максимализммен айтқан болармын онда. Негізі жұмыс берушілерім жиі ауысқанымен істеген салам үшеу ғана. 7 жыл журналистикада (үш газет, радио, телеарна, интернет сайт), 2 жыл ғылыми зерттеу институттары мен орталықтарында өтсе, соңғы 2 жыл мемлекеттік қызметте жүрмін. Өз басым зейнетке шыққан кезде еңбек кітапшасында бір мекеменің ғана «қабылданды», «шығарылды» деген екі мөрі тұрғанды қабылдай алмаймын. Бір жерде іркіліп қалған су тәрізді. Борсыған суға айналмаудың жалғыз тәсілі – үнемі ізденіс. Ізденіс білімнен, жаңа таныстық ортадан және тың саладан тұрады деп есептеймін. Жапондарда «бір орында үш жыл ғана отыру керек» деген сөз бар деп жиі айтамыз ғой, бірақ қазір уақыт көз ілеспес жылдамдықпен өтіп жатыр. Тіпті үш жылдың өзі көп сияқты. Адам жаңа жұмысты ары кетсе 1 жылда толық меңгереді, тағы 1 жыл жұмыс істеуге ынтасы жетеді. Сондықтан 2 жылдың өзі жеткілікті сияқты.

МАҚПАЛ МЕЙІРБЕКҚЫЗЫ: Парламент депутаттары және өзгеде қызмет иелерінің бір орында отырғандарына  біраз  жыл болды. Сіздің логикаңызға сүйенсек, олардың  қазір жұмысқа деген ынтасы жоқ па?

ЖАРҚЫН ТҮСІПБЕКҰЛЫ: Әр адамның таңдау құқығы бар. Мінезі мен болмысы да бөлек. Өз басым аз уақытта көп нәрсеге үлгерсем деймін.

МАҚПАЛ МЕЙІРБЕКҚЫЗЫ: Менің таяз ойым былай дейді. Егер қызметкер бір мекемеде аз уақыт істейтінін білсе, ол ең алдымен өзін көрсетуді ойлап, күрделі мәселелерден шешуден гөрі әрі жеңіл, әрі тез орындалатан жұмыстарды атқарады. Бір сөзбен айтқанда сападан гөрі санға жұмыс істейтін сияқты. Жарайды, бұны шашы ұзын, ақылы қысқа қыздың дәлелсіз догмасы деп қабылдарсыз. Жалғастыра беріңіз.

ЖАРҚЫН ТҮСІПБЕКҰЛЫ: Жоғарыдағы сұрағыңызға нақты жауап беретін болсам, 2006 жылы бакалаврды тәмәмдайтын кезде Қазақстан жастар одағына эксперт керек дегенді естіп бірге оқитын досыммен барып, әңгімелесуден кейін 0,5 ставкамен жұмысқа тұрдым. Дипломдық жұмыс пен емтихандар жақындағанда ол жұмыстан шығуға тура келді. қабылдандық Кейін диплом қолға тиген соң, сол жерде «Қазақстан гуманитарлық-саяси конъюнктура орталығы» атты зерттеу орталығы ашылып шақырту алдым. Саяси ғылымдар докторы Есенжол Алияров, идеялары тас жаратын саясаттанушы Нұрлан Ерімбетов және Қазақстан жастар одағының сол кездегі төрағасы Әсет Тұрдығұловтармен тығыз жұмыс істеп, қазіргі тәжірибемнің іргетасын қалай бастадым.

МАҚПАЛ МЕЙІРБЕКҚЫЗЫ: Саясаттану, әсіресе журналистика саласында мен дейтін мықты мамандар көп болмаса да бар ғой. Алайда олардың қызметі өспей жатыр. Асқар Мырзахметов, Ерлан Қарин, Ғабидолла Әбдірахимов, Алтай Көлгіновтердің командасында жұмыс істеуі үшін қызметкер қандай болу керек?

ЖАРҚЫН ТҮСІПБЕКҰЛЫ: Бірден айтайын, Асқар Исабекұлы «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары болып келген кезде мені жұмысқа ол кісі емес, кеңесшісі болған Берік Уәли шақырды. Яғни, Асқар Исабекұлымен емес, Берік Уәлимен тікелей жұмыс істедім. Әріптес ағамыз, «журналистика» деген тасқыны қатты «өзеннен» «мемлекеттік қызмет» деп аталатын «көлдің» арасына өз қолымен арық қазған азамат деп білемін. Аға буынды білмеймін, журналистикадағы біздің буын солай қабылдайды деп ойлаймын. «Нұр Отанның» қазіргі хатшысы Ғабидолла Әбдірахымов мырзамен бірге жұмыс істеген кезім жоқ. 2013-2016 жылдары ҚР Президенті жанындағы жастар кеңесінің мүшесі болған кезде Ғабидолла Рахматоллаұлы ҚР Президенті Әкімшілігі жетекшісінің орынбасары ретінде сол кеңеске төрағалық етті. Бар байланысым осы ғана. Өте креативті, ескі стереотиптермен күресуден тайсалмайтын саясаткер.

Ерлан Тынымбайұлы маған университет қабырғасында дәріс оқыған ұстазым. Мен туралы «бұл баланы күшік кезінен білемін» дейтін бір адам болса, сол кісі. 2015 жылдың қаңтар айында ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры ретінде Ерлан аға «мамандығың саясаттанушы, журналистиканы оқымасаң да барлық саласында істеп көрдің. Енді өз ортаңа орал» деп КИСИ-ге шақырып, сарапшы ретінде жұмысқа қабылдады. Журналистикадан кеткен соң сол жылы Президент сайлауына араласып, келесі жылында «Нұр Отанда» жүріп, Парламент сайлауынан тәжірибе жинақтадым. Мен үшін үлкен мектеп болды.

2016 жылдың 30 наурызынан бастап Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Сейдірұлымен жұмыс істеп келемін. Жалпы мені жұмысқа шақырып, бірге істеген басшылардан жолым болған адаммын деп есептеймін өзімді. Егер осындай басшылармен жұмыс істеу үшін қандай қызметкер болу керек деген сұрағыңызға жауап берер болсам, аз ұйықтап, көп еңбек ету керек.

МАҚПАЛ МЕЙІРБЕКҚЫЗЫ: Егер, бізде  меритократия жүйесі толық орнаса , қызметке шақыру үрдісі норма боп санала ма?  

ЖАРҚЫН ТҮСІПБЕКҰЛЫ: Елбасы жасақтаған Ұлт жоспарында көрсетілген кәсіби аппаратты құру туралы тапсырмасы жүйелі жүзеге асырылып келе жатқанына өз басым Батыс Қазақстан облысының тәжірибесінен қарап нақты айта аламын. Мысалы кейінгі екі жыл ішінде көп уақыт басқармаларда орынбасар болған қызметкерлер басшы болып тағайындалды. Қазіргі аудан әкімдерінің ішінде 10 жыл бойы орынбасар болған азаматтар бар. Басшылықтың арасында 22 жыл бойы бір басқармада маманнан бастап, басқарма басшысына дейін көтеріліп, қазір әкім орынбасарына дейін жеткен адал еңбекті азаматтар жоқ емес. Меритократия – еңбегіне қарай лайықты бағалану. Егер мемлекеттік қызметкер ретінде менің сөзім сенімсіз болса, қарапайым азаматтардың пікірінен мысал келітірейін. Жақында Зеленов ауданы әкімінің есебінде өмір бойы кадр бөлімінде істеген бір зейнеткер апамыз сөз сөйледі. Облыс әкімінің тағайындауларын қадағалап отырады екен. Еңбек ардагерінің өзі меритократия қағидасы жұмыс істей бастағанын айтып берді. Бұл – халықтың бағасы. Мемлекеттік қызметке шақырып ұсыныс беру бір бөлек те, оның қажетті талаптарынан өте алу өз алдына қиын шаруа. Мысалы мен бұрын мемлекеттік қызметте істемегендіктен ең алғашында 8 заңнан тест тапсырып, комиссияның әңгімелесуінен өтіп бас маман болып қабылдандым. Баспасөз-хатшысының 3 ай міндетін атқарғаннан кейін қайтадан 9 заңнан тест тапсырдым. Комиссияның сынағынан, арнайы тексерістен өтіп барып қана толыққанды баспасөз-хатшысы болдым. Былай қарап тұрсаңыз бәлендей үлкен қызмет те емес. Бірақ талабы қандай дейсіз… Меритократия қағидасының талабы да – білім мен тәжірибе.

МАҚПАЛ МЕЙІРБЕКҚЫЗЫ: Аймақта өзіңіз сияқты тәжірибе жинаған  азаматтардың айтуынша, Қазақстандағы жергілікті мемлекеттік басқару жұмысында әлі күнге дейін трайбализмнің белгілілері байқалады. Өзге өңірден ауысып келген азаматқа жергілікті кадрлар қырын қарайды дейді. Рас па?  

ЖАРҚЫН ТҮСІПБЕКҰЛЫ: Біз штаттар бірін бірі жақтыра бермейтін Америка емеспіз. Немесе Германия сияқты федеративті республика емеспіз. АҚШ 4 жыл басынан азаматтық соғыс өткерген ел, ГФР 41 жыл екі лагерьде өмір сүрген мемлекет. АҚШ-та 326 млн., Германияда 82 млн.астам халық тұрады. Біз 18 млн. ғана халқы бар, Конституциясында «біртұтас, унитарлы мемлекет», – деп жазылған елміз. Осылай бола тұра бөлініп жатсақ, елдігімізге сын. Егер ауыл ішінде трайбализм, руға бөліну кезігіп жатса, ол процестің де ұзаққа бармайтынын сеніммен айта аламын. Себебі біз жүйелі білімге ден қойып, сауатсыздықпен күресті бір ғасыр бұрын ғана бастаған ұлтпыз. Тәуелсіздік алғалы білім алудың жаңа сатысына шықтық. Енді бір буын ауысқанда ішкі бөліністен арыламыз деп ойлаймын. Сіздің қай өңірді меңзеп отырғаныңызды түсінбедім. Өз басым Оралда ондай қысымды көрген емеспін. Әріптестерім де, осы өңірге келіп тапқан достарым да өте ақжарқын. Керісінше, «Пайғамбар да күйеу баласын сыйлаған» деп құрмет көрсетіп жатады.

МАҚПАЛ МЕЙІРБЕКҚЫЗЫ: Осыдан үш жыл бұрын сіз сияқты астаналық бір азамат облысқа басшылық қызметке тағайындалды. Креслосына отырғаны сол екен, Астанадағы достары айына екі рет әлгі облысқа барып, қонақ болып күтіліп жүргенін көрдім. Ал оларды күту аймақ үшін қырауар ақша. Басқа бір қаланың әкімі астаналық қонақтардан әбден шаршағанын айтқан еді. Сіздерде қалай? Осындай аста-төк ысырапшылдыққа жол береле ме?

ЖАРҚЫН ТҮСІПБЕКҰЛЫ: Қазір қоғам өзгеріп жатыр. Қоғамдық сана да бұрынғыдай емес. Азаматтық қоғам, халықтық бақылау күшті. Бұрын ондайға жол берілсе, қазір сіз айтқан жағдай көп кездеспейді. Мүмкін астанаға жақын қалаларға блогерлерді, басқа да саланың мамандарын шақыру арзан шығар. Жол жақын, шығын аз дегендей. Бізге қонақ күту түгілі жолын төлеп шақырудың өзі қымбатқа түседі. Ал бюджеттен ондай той-думанға бір тиын да бөлінбейді. Түрлі түсірілім топтары келіп жатады. Іс-сапар шығындарын өз мойнына алып келген журналистер алдындағы біздің міндетіміз – қажетті тұлғалармен сұхбатты ұйымдастырып беру немесе белгілі бір нысанды, зауытты түсіру үшін басшылығынан рұқсат алу. Уақыттың ғаламат күшпен өзгеріп жатқанын әңгімемнің басынада айтып өттім ғой. Сіз мысалға келтірген оқиға осыдан 3 жыл бұрын ғана болса, қазір басқа. Өкінішке қарай, көбі соған тез бейімделе алмай келеді. Яғни, «шақырмайсың біз үшін шашылмайсың» деген емеуріндерін сыни посттары арқылы білдіріп қоятындар да жоқ емес.

МАҚПАЛ МЕЙІРБЕКҚЫЗЫ: Білетіндер «Мемлекеттік қызметтің рахметі мен айлығы аз, жұмысы мен айқайы көп, еркіндігі жоқ»  дейді. Оның үстіне Сіз кітап оқығанды жақсы көресіз. Оған да уақытыңыз тапшы шығар? Не үшін мемлекеттің жұмысын таңдадыңыз? Сіз альтруистсіз бе? Әлде үлкен билікке қол жеткізгіңіз келе ме?

ЖАРҚЫН ТҮСІПБЕКҰЛЫ: 2015 жылы Шымкент қаласына сарапшылар форумына бардық. Шара өтетін жерде лифт алдында бір топ адам тұрмыз. Ашылған кезде менімен қатар тұрған сол кездегі облыс әкімінің бірінші орынбасары қазіргі депутат Берік Оспанов мырза «кіріңіз» деп ишарат жасап жол берді. Рахмет айтып кіріп кеттім. Қажетті қабаттан түскен кезде саясаттанушы ағамыз Айдос Сарым «саған тек мемлекеттік қызмет жетпей жүр. Одан да өтіп көру керек» деп астарлай әзілдеген еді. Мамамандығымыз сай болған соң ба, бірге оқыған достарым мемлекеттік қызметке ерте араласты. Жұмыстың оңай емесін бұрын да естіп жүретінмін. Өзімді сынағым келіп мемлекеттік қызметке бару керек деп ойлап жүрдім. Бірақ өзіңіз білесіз Астанада мемлекеттік қызметкердің жалақысына өмір сүру мүмкін емес. Сондықтан бірінші өңірден ұсыныс түскенде көп ойланбай кірісіп кеттім. Уақыттың тапшы екені рас. Кітапты бұрын орташа есеппен күніне 50 беттен оқысам, қазір ол жылдамдықты екі есеге дейін түсіруге тура келді. Бұрын олай есептемейтін едім, 2017 жылдың соңында санап шықтым. Бас-аяғы 14 кітапты оқуға уақыт тапқан екенмін. Жұмыс уақыты ешбір режимге бағынбайтын мемлекеттік қызметкер үшін жаман көрсеткіш емес сияқты. Жаз айларында 14 күн демалыс аламын. Оған отбасым да үйренді. Үйлер мен әлеуметтік нысандар пайдалануға берілуін, балшыққа батып жатқан жерге жол салынғанда немесе алыс ауылдарға ауыз су беріп жатқанда түсіруге барамыз. Сол кездегі азаматтардың қуанышын көргенде шаршағаныңды ұмытып кетесің. Өткен жылы көктем, жаз айларында 100-ден астам елді-мекенде болып сол жерлердегі жұмыстарды облыс әкімінің өзі қадағалап жүрді. 24 білім беру нысаны бой көтерді, 19 денсаулық сақтау нысаны күрделі жөнделді. 500 шақырым жол жөндеу жұмыстарында болдық. Яғни шаңда да, ыстық асфальтта да жүреміз. «Балапанды күзде санайды» демекші жыл соңында игілікті істің нәтижесін тұрғындар көргенде шаршағаныңды ұмытып кетесің.

МАҚПАЛ МЕЙІРБЕКҚЫЗЫ: Жарқын мырза, әкімнің елді аралауы, жұмысты қадағалауы тікелей міндеті емес пе? «Облыс әкімінің өзі» деп  акцент қоюдың не қажеті бар?

ЖАРҚЫН ТҮСІПБЕКҰЛЫ: Атқарылып жатқан жұмыстың барлығы да мемлекеттің қаржысына жүзеге асып жатады. Қазынаның қаржысы жұмсалған жұмыстардың сапалы әрі мерзімінде аяқталуын басшылық ұдайы қадағалайды. Кейде жеке кәсіпкер қолға алып жатқан жобалармен де танысады. Неге? Кәсіпкерге құрылыс немесе басқа да жобаны жүзеге асырып жатқанда мемлекет тарапынан қандай да бір көмек қажет пе соны білуге жақсы мүмкіндік. Ал акцент қоюға келетін болсақ, атқарылып жатқан жұмысты басқарма басшылары да, облыс әкімінің орынбасарлары да қадағалайды. Сондай жағдайда қолданатын журналистердің сөзі ғой.

МАҚПАЛ МЕЙІРБЕКҚЫЗЫ: Түсінікті. Өңірдегі әлі шешілмей жатқан үш өзекті проблеманы айтыңызшы?

ЖАРҚЫН ТҮСІПБЕКҰЛЫ: «Ауруын жасырған өледі» демей ме, облыс әкімі Алтай Сейдірұлының өзі бізде тұралап қалған салаларды ашық айтып жүр.

Облыстағы бірінші өзекті мәселе – жол. Өңірлер арасында ең соңғы орында тұрған БҚО-да 26 пайыз жол ғана жақсы болып келген. Президент бекіткен «Нұрлы жол» бағдарламасы арқылы соңғы екі жылда қаржы едәуір бөлініп, соңғы екі жылда 790 шақырымға жөндеу жұмыстары басталып, бүгінде оның 710 шақырымы аяқталды.

Екінші мәселе – таза ауыз судың жеткіліксіздігі. Өңірдегі 443 елді мекеннің 36 пайызы ғана таза ауыз сумен қамтамасыз етілген. Сондықтан 2017 жылы 60 елді мекенге су тарту

жұмыстары басталды. Қазіргі көрсеткіш 40 пайыздан асты. Облыс әкімі жақында мәлім еткендей, 2018 жылы да 50 елді мекенге ауыз су тарту жоспарланып отыр.

Еліміздегі газдың отаны болса да БҚО-да газ жеткізілмеген елді менедер көп. Жалпы көрсеткіш бойынша Республикада газдандыру бойынша көш басында болса да, ауыл тұрғындары тарапынан кездесулерде газ жүргізу көп сұралады. 2017 жылы 36 елді мекенге газ тарту жұмыстары жүргізілді. Бар мәселені облыс басшылығы ешқашан жасырған емес. Айтып қана қоймай, сол мәселелерді шешуге күш салып келеді.

МАҚПАЛ МЕЙІРБЕКҚЫЗЫ«Игілікті істің нәтижесін тұрғындар көргенде шаршағаныңды ұмытып кетесің» дедіңіз. Сенемін.  Және мұндай сәттердің көп болғанын тілеймін.  Десек те, жұмыссыз азаматтарды , биыл да баспана ала алмаған жас отбасыларды көргенде мемлекеттік қызметкер қандай сезімде болады?

ЖАРҚЫН ТҮСІПБЕКҰЛЫ: Сіз білесіз бе, биыл тәуелсіздік күні 80 жастағы бір әже баспаналы болды. Ал ол кісі үй кезегіне зейнет жасына жетпей тұрған екен. 25 жыл үй кезегінде тұрған. Ол кісінің қуанышын көргенде толқымау мүмкін емес. Ал үйсіз жүргендер мәселесіне келсек, барлығы да заңға сәйкес, үй кезегіне тұру арқылы шешіліп келеді. Мысалы Батыс Қазақстан облысында соңғы екі жылда 3 мың отбасы баспаналы болды. Ол дегеніңіз жоқ дегенде 15 мың адам үйлі болды деген сөз емес пе? Ал жұмыссыздық – кез келген нарықтық экономикада болатын қалыпты құбылыс. Дегенмен БҚО-да 2017 жылы 12 мыңға жуық тұрақты жұмыс орны ашылған. Жаңа кәсіпорындар, әлеуметтік нысандар жаңа жұмысшылармен толығуда. Мен әңгіме барысында айтқан 60 елді мекенге ауыз су, 36 ауылға газ құбырын тарту кезінде облыс әкімі жобаларды жүзеге асырушы компанияларға сол 100-ге жуық елді мекеннің жұмыссыз жастарын жұмысқа алу туралы талап қойды.

МАҚПАЛ МЕЙІРБЕКҚЫЗЫ:  «Шындықсыз қоғамды, мемлекетті дамыта алмаймыз». Бұл Төлен Әбдіктің айтқаны. Келісесіз бе?

ЖАРҚЫН ТҮСІПБЕКҰЛЫ: Келісемін. Қазір кеңестік кездегідей цифрлардың суретін салатын заман емес. Мәселелер бұрынырақта жабулы қазан күйінде қала беретін. Қазір әрбір азамат жазарманға айналған заманда өтірік айту азайып келеді. Бұрын адамнан жасырғанды Алладан жасыра алмаса, қазір ешкімнен ештеңе жасыру мүмкін емес.

МАҚПАЛ МЕЙІРБЕКҚЫЗЫ: Мемлекеттік қызметте жұмыс істегеніңізге екі жылдан асты. Шындықты жартылай айтқан, толық айтпаған кездер болды ма?

ЖАРҚЫН ТҮСІПБЕКҰЛЫ: Екі жыл енді толады. Өтірік айтқан кезім жоқ.

МАҚПАЛ МЕЙІРБЕКҚЫЗЫ: Жеке өміріңіз жайында сұрап отырғаным жоқ. Дұрыс түсінесіз деп ойлаймын. Қызметіңізді пайдаланып  туған-туыс, дос- жарандарды жұмысқа тұрғызған кезіңіз болды ма?

ЖАРҚЫН ТҮСІПБЕКҰЛЫ:  Жоқ, жұмыс пен отбасыны ешқашан араластырған емеспін.

МАҚПАЛ МЕЙІРБЕКҚЫЗЫ: «Қазақстан» ұлттық телеарнасында «Таңшолпан» бағдарламасын сіздің  ініңіз жүргізе ме?

ЖАРҚЫН ТҮСІПБЕКҰЛЫ: Алдыңғы сұрағыңызды енді түсінгендеймін. Иә «Таңшолпан» бағдарламасының жүргізушісі Жалын Тілеуберген – менің туған інім. Бірақ оның жүргізуші боп жұмысқа кіруіне ықпал еттім деп айта алмаймын. Ол оған дейін бірнеше рет кастингке қатысты. Эфирге шыққанынан, өтпей қалған кезі көп. Жалынның мамандығы актер. Сол телеарнаның өз өнімі саналатын «Көк тарландары» сериялында басты рөлді сомдады. Одан кейін корпорация құрамындағы «Балапан» телеарнасында көрсетілген «Он саусақ» бағдарламасын жүргізді. Яғни көрерменге жақсы таныс деп ойлаймын. Ол тіл маманы болмағанмен, Алматыдағы қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқытатын дарынды балаларға арналған мектептің түлегі.

МАҚПАЛ МЕЙІРБЕКҚЫЗЫ:  Бұрын журналист болған азаматтың мемлекеттік қызметке ауысқанда саяси көзқарасы, халықпен қарым қатынасы, ұстанымы өзгеретін шығар?

ЖАРҚЫН ТҮСІПБЕКҰЛЫ: Мен журналистикадан мемлекеттік қызметке КИСИ мен «Нұр Отан» партиясында істеп барып өттім. Яғни белгілі бір дәрежеде бейімделу процесі болды. Бірақ, бұрын да мемлекеттік ақпарат құралдарында істегендіктен соншалықты бір «керіауыз» болған жоқпын) Мемлекеттік қызметке барған адамның халықпен қарым-қатынасы өзгереді деген ескі стереотип. Мысалы 90 жылдардың соңында эфирге шыққан «77 күн» бағдарламасында депутаттардың ұйықтап отырғанын көргендер әлі күнге дейін солай ойлайды.

МАҚПАЛ МЕЙІРБЕКҚЫЗЫ: Кейбір депутаттар екі үш сағаттық жиналыстарда ұйықтап отырмаса «77 күн» бағдарламасы әлі күнге дейін актульды болар ме еді?

ЖАРҚЫН ТҮСІПБЕКҰЛЫ: Қазір бақылау күшті, бір сәтке де тыным таба алмайсың. Тұрғындардың, журналистердің хаттарының әрқайсына жауап бересің, ешқайсы да жауапсыз қалмайды. Барлығына заңға сәйкес жауап беріледі.

МАҚПАЛ МЕЙІРБЕКҚЫЗЫ: Кей аймақта жергілікті БАҚ белгілі деңгейде әкімдікке  тәуелді деп естіп жатамыз. Сіздерде ше?

ЖАРҚЫН ТҮСІПБЕКҰЛЫ: Өңірлердің ішінде ең демократиялы облыс – Батыс Қазақстан облысы шығар. Ақпарат құралдары еркін жұмыс істеуде. Барлығы да жекенің қолында. Тұрғындар мемлекеттік деп атап кеткен басылымдар мен телеарналар да сыни материалдар шығарып тұрады. Сондықтан бізде БАҚ билікке тәуелді деп айта алмаймын.

МАҚПАЛ МЕЙІРБЕКҚЫЗЫ: Жарқын, мемлекеттік қызметкерлердің барлығы ыңғайсыз    сұрақтарға Сіз сияқты  өз еркімен ашық, әрі шынайы жауап бере бермейді. Сұхбатыңызға рахмет!