Ауғанстандықтарды Еуропаға заңсыз өткізбек болған шенеунік ұсталды.

19 наурыз, 2024 / Arasha.kz

ҰҚК ШҚ «Алматы» шекаралық бақылау басқармасы ҰҚК Алматы қаласы бойынша департаментімен бірлесе, прокуратура органдарының үйлестіруімен Қазақстан аумағы арқылы Ауғанстан азаматтарының Ресейге және одан әрі Еуропа елдеріне заңсыз көші-қон арнасының жолын кесті.

Осы жылдың 16 наурызда лауазымды тұлғаға 5 мың АҚШ доллары көлемінде пара беру әрекеті кезінде Ауғанстанның 4 азаматы ұсталды.

Тергеу материалдарына сәйкес, бұл қаражат шетелдіктерді Испания мен Португалияның жалған төлқұжаттары бойынша Алматы қаласының халықаралық әуежайы арқылы тасымалдауды ұйымдастыруға арналған.

Қылмыстық кодекстің 394-бабының 1-бөлігінде және 367-бабында көзделген қылмыс белгілері бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде.

Соттың санкциясымен ұсталған адамдарға қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.

Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабының 1-бөлігіне сәйкес өзге де ақпарат жария етуге жатпайды.