Мемлекет басшысының Өкімімен Берік Уәлиұлы Құрманғали Қазақстан Республикасы Президентінің Баспасөз хатшысы қызметіне тағайындалды, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Берік Уәлиұлы Құрманғали белгілі тележурналист, «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты.

Берік Уәли 31 телеарнадағы «Еркін сөз», «Дода» бағдарламалы арқылы көрерменге танылған. 2018 жылдың маусым айында Жамбыл облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы болып тағайындалған еді.

Жаңа хатшы 1977 жылы Шығыс Қазақстан облысында дүниеге келген. 1997 жылы Т.Жүргенов атындағы Қазақ мемлекеттік театр және кино институтын «кинотанушы», 2005 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетін «журналистика»,  2014 жылы Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университетін «құқықтану» мамандықтары бойынша бітірген. Әр жылдары «31 телеарна», «Хабар» Агенттігі» АҚ-ның, «ТАҢ» және  «НТК» телеарналарында еңбек еткен. «Нұр Медиа» ЖШС-нің  жемқорлыққа қарсы медиа орталығының жетекшісі, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары – баспасөз қызметінің басшысы, ішкі саясат және дін істері   басқармасының басшысы, «Нұр Отан» партиясы төрағасы Бірінші орынбасарының кеңесшісі, ҚР Инвестициялар және даму министрінің кеңесшісі, Ақпараттық қамтамасыз ету департаментінің директоры қызметтерін атқарған.