Айдос Сарым. Аға, әлі сенгім келмейді…

0
677

Аға, Алтеке, Алтынбек аға… Он екі жыл өтіпті. Бір мүшел! Кім сенеді? Қарап отырсам, өзіңіз туралы мардымды естелік жаза алмаппын. Талай талпынып та едім. Жыл сайын, қыста, күзде, жылына кемі екі рет сұхбат беріп, дәстүрлі жиындарда сөз сөйлегенім болмаса, өзіңіз туралы арнайылап естелік жазбаппын, аға. Өйткені сенбедім. Әлі де сенер емеспін. Өзіңіз үйреткен жоқ па едіңіз: көзің жетіп, дәлелің жоқ нәрсеге қатысты қолыңа қалам алма деп?! Дүниеде, қанша есейсем де, екі адамның өлімін қабылдай алмай келеді екенмін. Бірі – марқұм Зәуреш шешем, екіншісі – өзіңіз. Естелік жазатын уақыты келер деп сенемін. Әзірге, өзіңіз туралы он екі естелік. Өзіңізсіз өткен он екі жылға бір-бір үзік ой. Еркелігімді де көтеретін едіңіз, тентектігімді де талай кештіңіз, бұныма да айып етпессіз, аға…

***

1.

1992 жылы мемлекеттік қызметке келдім. Шамамен 1994 жылдан бастап президент әкімшілігінде, үкіметте Алтынбек Сәрсенбаев деген басшы бар екенін естіп жататынмын. Бірнеше жиында, тарихқа, әдебиетке қатысты шараларда алыстан көргенім де бар еді өзіңізді.

1997 жылы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігі құрылды. Сол кезде үлкен конкурстан аман өтіп, қатардағы қызметкер болып қызметкеріңіз атандым. Жақыннан бірінші көрген кезім сол екен.

Бір қағаздарды жазып, қабылдау бөлмеңізге апарып тастағаным есімде. Алдымнан шықтыңыз. Қолыңызда үлкен қоңыр портфеліңіз есімде. Ымдасып амандастым да, өзіңізді өткізіп, кабинетіме бара бердім. Сол кезде миыма келген бірінші ойым: «Алтекең, шамамен елудегі кісі шығар». Қиын кездерде басшы болдыңыз, жұмыс оңай болған жоқ. Бәлкім содан да болар жасыңыздан үлкен көріндіңіз. Шыным. Сол күні жігіттерден сұрасам, небары 35 жаста екенсіз ғой…

Сол жылдары, жүрегіңіз қысып, президенттік ауруханаға барды деп естігем. Сөйтсе, сізді қараған дәрігер келіншек: «Шаршаған, қажыған боларсыз. Күтінуіңіз қажет. Ем-дом алу керек. Сіздің жүрегіңіз небары 45-тегі адамдікіндей!» деп іле-шала қуантқандай болыпты. Бір адамдай ренжіпсіз…

Кейіннен, бірнеше рет осыны әжуа қылып айтып отыратын едіңіз…

2.

Жалпы алғанда, министерліктердің арасында жұмысқа жас саясаттанушыларды, әлеуметтанушыларды бірнеше сатылы конкурспен қабылдаған Ерік Мағзұмұлы Асанбаевтан кейінгі бірінші министрсіз деп ойлаймын. Жұмысқа жаңа бағыт, жаңа леп керек деп барша оқу орындарына, ғылыми орталықтарға жариялы түрде хабар беріп, бәрімізді өзіңіз таңдадыңыз.

1997-ші жылдың аяғында бірімізді қазіргі Алматы қалалық әкімдігі отырған ғимаратта кабинетіңізге жинадыңыз. «Құрметті әріптестер, қыздар, жігіттер! Бірер айда Астанаға көшеміз. Тізімге енген азаматтардың барлығына да пәтер алып бергізем. Оған сөз берем! Үйлі-баранды, үйленгендеріңе бір айдың ішінде, бойдақтарға – әрі кетсе алты ай ішінде жағдай жасалады. Бойдақтар өздеріңнен көріңіздер!» деп жымиып едіңіз.

Сөзіңізде тұрдыңыз. Астанаға 8 ақпан күні көшіп келдік. Үйленген әріптестеріміз 8 наурыз күні қолдарына пәтер кілттерін алып, қоныс тойларын жасап жатты. Бірнеше әріптестерімізді түн ішінде келіп құттықтағаныңыз есімде. Көп ұзамай біздер – бойдақтар да пәтерлі болдық. Қуанғанымыз-ай!

Астанада Алматыдан көшкен министрліктер мен ведомстволар қызметкеріне пәтер берудің, бергізудің  қиянаты мен қияметін кейін білдік. Басқа министрліктерде пәтерлерін бес, алты, тіпті он жыл өте алғандарды да білеміз.

Жас болсаңыз да іскерлігіңіз бен беделіңіздің, айтқан сөзге адалдығыңыздың арқасы деп білемін.

3.

Жас сарапшыларды өзіңіз көп оқыттыңыз, сараптау-талдау ісіне қатты қарадыңыз. Сізге дейін де, сізден кейін де сараптамаға қатал, асқан ыждағатпен қараған басшыны кездестірмеппін.

Әсіресе біздің кіл жас маманнан құралған ішкі саясат департаментіне көп көңіл бөлетін едіңіз. Өзіңіз жұмыстан кейін, барша жиын-жиналыстарды өткізіп барып, біздерді жинап өткізетін семинарларыңызға әлі де қайран қаламын.

Алдын-ала елімізде болып жатқан бір көрнекті, биліктің жанына батып жатқан бір проблеманы, шиеленіскен конфликтіні айтып, осыған байланысты нақты ойлар мен ұсыныстарды дайындаңдар деп тапсырма беретін едіңіз. Бұны ести сала бәріміз жанталаса газет қарап, кітап оқып, өзара ақылдасып, үлкендерден ақыл сұрасып кететін едік. Ол кезде құрып кеткір интернет те жоқ болатын…

Содан бәрімізді жинап, «Ал, кезек-кезек ойларыңыды ортаға салыңдар, бұл жерде бәріміз де сарапшылармыз. Басшы, үлкен-кіші деген жоқ!» деп ескертіп отыратынсыз. Әлі есімде, алдыңызда үлкен блокнот жататын. Қысыла-қымтырыла сөз сөйлеп жатқан жас қызметкерлердің айтқанын ұқыппен тыңдайтынсыз. Көбісіне, білкім, іштей күлген де шығарсыз. Бірақ сыр бермейтінсіз, әйтеуір. Бірақ, арасында тың ойды естіп қалсаңыз, бір екі сөйлем қылып жазып алатынсыз. Егер біздің бір ойымыз қағазға алынса қалай қуанатын едік десеңізші!

Сол жылдары «Құрмет» орденін алсам бұлай қуанбас едім…

Үлгерсеңіз сол күні, күрделі мәселе болса келесі күні бірнеше адамды шақырып, кешегі мәселе бойынша маған президенттің атына хат дайындаңдар деп, барша аргументін, нақты жүрістерін ежіктеп айтып беретін едіңіз.

Осының көбісі нақты саясатқа айналды. Нақты саяси шешімдер, құжаттар, жоспарлар ретінде жүзеге асты.

Ақпарат, талдауға қатысты тағы бір жайт еске түседі. Іштегі, сыртқа шығатын қағаздардың барлығына дерлік нақты осы қағазды жазған қызметкердің атының жазылуын талап ететін едіңіз. Күдіктенген, шикілігі бар-ау деген зерттеулерге, сараптауларға болса, соларды жазған қызметкерлерді ішкі телефонмен басшыларға айтпай шақыртып алатын едіңіз.

Сондай бір қоңыраудан кейін алғаш рет жеке өзім алдыңызға барып, біршама ұзақ отырып сөйлескенім есімде. Қабылдау бөлмеңізге барып, абдырап, «Министр шақырып еді…» деп тұрсам, көмекшіңіз жүгіріп шығып, «Қайда жүрсің, сені шақырғалы қанша уақыт болды, кір тезірек!» деп кіргізіп жібермесі бар ма?!

Жазған қағазымның не туралы екені есімде қалмапты. Сұрақтарыңызға не деп жауап бергенім де есімде жоқ. Бірақ, өзіңізбен жарты сағаттай отырып, қызметім, жүріс-тұрысым, бойдақ өмірім туралы сұрақтарыңызға ежіктеп жауап бергенім есімде. Содан кейін жиі шақыратын болдыңыз, сұрақтарыңыз да азайғандай болды.

Бір таң қалатыным бар еді: кейде асығыста, тым тез дайындалған құжаттар болатын. Қазір емес, кеше керек еді дейтін заман еді ғой. Сонда, кейбір кездері, шикілік танытып, «осы бір кемшілігін бастық байқамайтын болар, осы тұсы әлсіздеу-ау» дейтін құжаттар да болатын. Сондай тұстарын керемет байқайтын едіңіз. Не сиқырын барын әлі де түсінбеймін.

Тәжірибе мен дамыған интуиция болар дейтінмін… Әлі де сол ойдамын…

1997-1998-1999 жылдар қиын кездер еді ғой. Ел ішінде күнде бір дау, күнде бір наразылық, күнде бір кикілжің туындап отыратын. Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігі болғандықтан бәріне де қатысымыз болатын. Бәріне бір реакция, бәріне бір құжат, сараптама жасайтын едік.

Сол кездері кешкі 7-8-дерде шақырып, «Бауырым, мынадай хат керек! Ертең таңертең тоғызда дайын болуы керек» деп тапсыратын едік. Қаншамыз жұмыста қонып, түңгі  4-5-ке дейін қағаз жазып, жұмыста қонып қалатын едік!

Бір қызығы, сол кеште сағат 1-2 лерде орынбасарыңыз Нұралы Сұлтанұлы Бектұрғанов, аппарат жетекшіңіз Гүлсім Омарқызы, қанша жыл бойы орынбасарыңыз, сегіңіз болған Әлібек Асқаров ағаларымыз кедй өздері келіп, кейде көмекшілерін жіберіп айран, бутерброд, тіпті үйден ыстық тамақ алып келетін еді. Сөйтсек, тапсырманы беріп тастағаннан кейін «Жігіттер түні бойы жұмыс істейтін түрі бар, реті келсе тамақтарын алып беріңіздер, аш қалмасын!» деп тапсырып кетеді екенсіз…

Келесі күні таңата келіп, қағаздарды қарап, түзететінін түзеп, жоғары жаққа алып кететін едіңіз. Сонда «Түнде жұмыста қонған жігіттерді мазаламаңыздар! Кемі түске дейін мызғып алсын!» деп басшыларымызға тапсыратын едіңіз…

Жауапкершілігіңіз бен адамгершілігіңіз деп түсінетінмін…

1998 жыл болатын. Конституцияға өзгерістер енгізілетін болды. Оппозиция жетекшісі Әкежан Қажыгелдин мырза да белсенділік танытып, «Мен өз ұсыныстарымды беремін» деп талпынған.

Егкімге айтқызбай, үш жігітті шақырып, «Бір түн ішінде үш бағыттағы конституция жобасын жасап шығыңыздар!» деп тапсырдыңыз.

Есімде, бір түн отырып, Латвия ма, Литваның ба атазаңдарын атқарып, бір нұсқаны жасап, оны аударып шықтым. Басқа да әріптестерім солай. Бірі – Берік Әбдіғалиев, екіншісі – Ерлан Сайыров болуы керек, ұмытпасам.

Соны алдырып, Астанадағы бір баспаға әрқайсысынан шамамен 200-300 данадай бастырдыңыз. Солардың нұсқаларын алып, біздер өзіміз депутаттар, министрлер, журналистер қосындарына тұратын үйлердің барлығына дерлік түн ішінде апарып тастадық.

Келесі күні Қажыгелдин Астанаға келіп, баспасөз мәслихатын өткізді. Астана у-шу. Бұл «арнайы операциядан» арнайы қызметтер де бейхабар екен. Баспа тінтіп кеткен бәрі…

Есесіне сол күні президенттен: «Нұрсұлтан Әбішұлы! Оппонентіңіз Қажыгелдиннің конституциялық жобасына не дейсіз?» деп сұрағанда, ол кісі: «Шынын айтсам, алдыма таңертең төрт нұсқа келді. Қайсысы Қажыгелдиндікі екенін білмеймін…» деп ағынан жарылды. Сол күні президенттің алдына ғана емес, барша басшылардың, депутаттардың алдына төрт нұсқа түскені өтірік емес еді…

Бұл – қылмыс емес. Саяси технологиялық экспромтыңыздың бірі еді. Кейде жымиып, кейде өзіңізге тән ғана күлкімен тапсыратын экспромтыңыз.

Бүгінгідей оппозицияны қудалағаннан, түрмеге тыққанан гөрі түні бойы еңбектеніп, тер төгіп технологиялық тәсіл танытқан тиімді деп үйрететін едіңіз. Өз басым әлі де сол ойдамын…

Технология демекші…

Президенттің бір жазғы демалысынан кейін алдына бардыңыз. Содан келе сала бірнеше адамды жинап, нақты тапсырма бердіңіз.

Президент жемалыста жатқан кезінде өз ойларын, министерлерге, әкімдерге беретін нақты тапсырмаларын қолымен жазып, қатысты адамдарды шақыртып, қолдарына ұстатады екен. Сондай бір қағазды алып келдіңіз. Онысы баспасөз бен интернетке қатысты ойлары болатын.

Бір аптадан кейін қажетті қағаздарын жазып, баспасөз бен интернетке қатысты заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобаларын әзірлеп әкелдік.

Бір күннен кейін шақырдыңыз. Қабағыңыз қатулы, көңіліңіз жоқ сияқты көрінді. «Жігіттер! Мыналарың болмайды мүлдем! Рас, тапсырма бар, бірақ бас ал десе, шаш алу міндет емес. Ойланып істеу керек» деп қайтарып жібердіңіз. Артынан: «Жігіттер, дұрыс түсініңдер! Біздер мәңгі бақи шенеунік бола алмаймыз. Ертең, бәлкім, біздер де оппозиция болармыз. Сол кезде газет тіркей алмай жүрмейік!» деп қадап-қадап айтып едіңіз.

Сол кезде интернетті бұғаттау жөніндегі комиссия да құрылған. Комиссия бір ай жұмыс істеп: «Интернетті бұғаттау мүмкін емес. Реті келсе саяси тәсілдерді, саяси технологияларды қолдану қажет» деп ұйғарды. Сол комиссияда 4-5 адам болатынбыз. Біреуі, соңынан Рахат Әлиевке еріп, көз жұмған Жомарт Мәжіренов болатын…

Өмірдің, әсіресе саяси өмірдің қызығы мен шыжығы қатар жүреді ғой…

8.

Қазіргі күні ішкі саясат саласында жұмыс істеген кездерімді мақтанып айта аламын. Барлығын дұрыс, барлығын керемет дей алмаймын. Бірақ, сол кездері елдің саяси басшылығы қоятын тапсырмаларды барынша технологиялық тұрғыдан, адами-адамзаттық принциптерден аспай орындай алдық деп ұғамын.

Өзіңіз де кейін, оппозицияда жүрген кезіңізде біраз адамнан кешірім сұрап, алдынан өттіңіз. Саясаткер тұлғалар бәрін де түсінетін деп ойлаймын. Солармен соңғы күндеріңізге дейін серіктес, әріптес болдыңыз. Кейбірі дүниеден де өтіп кетті…

Сол кездері Қожанасырдың бір әфсанасын жиі айтатын едіңіз. Қожекең айтады екен: «Жұртқа нанға қар жағып жеуді өзім үйретіп едім, соңғы кездері өзімнің ішім ауыратын болды» деп…

Бірақ, «іш қанша ауырса да», қаншама биліктің сұмдығын көрсек те, дәл сізге қарсы қастандық жасалады деп ойламаппыз. Өзіңіз де сенбейтін едіңіз…

Мен әлі сенгім келмейді…

9.

Ұлт, намыс деген кезде талай рет өре түрегелетін едіңіз. Қажет болса үкімет басшыларымен, президент әкімшілігімен ашық та, жабық та айқастыңыз.

Менің есімдегісі: қарсыластарыңыз сізді төрт рет қызметтен кетіре жаздаған. Барлық қолын жинап, нақты жарлығын дайындап президентке дейін апарған. Сол кезде достарыңыз, жақтастарыңыз алдын-ала ескертіп, президентке кіріп, жарлықтардың күшін бұзғансыз. Бір-екі жарлықты президент: «Саған сабақ болсын, естелік болсын!» деп қолыңызға табыстаған. Кейіннен, қасіретті ақпаннан кейін қағаздарыңыздың ішінде сол жарлықтың бірін көріп қалып едім. Тек президенттің ғана қолы жетіспей тұрған екен…

Тағы бір жайт. 1999 жылы Парламентте жер мәселесі талқыланды. Сол кезде «Қазақ жерді жекеменшікке алуға дайын емес, қоғам дайын емес!» деп талай қағаз жаздыңыз. Ең қызығы сол кездегі премьер-министр Нұрлан Өтебұлы Балғымбаевты көндірдіңіз. Сол кісімен әңгімеден кейін келіп: «Айдос, срочно, Балғымбаевтың Казправдаға беретін сұхбатын дайында!» деп тапсырдыңыз. Үш қарап, курьермен премьерге үш рет жібердіңіз. Премьер мақаланы қара кешке дейін ұстады. Келесі күні газетте «Земля не предмет для политического торга» деген сұхбаты шығып, үкімет парламенттен жер туралы заңды шақыртып алды. Бұл премьердің де, өзіңіздің де жетістігіңіз.

Кейін 2004-2005 жылдары болуы керек, Алматының айналасынағы бір ресторанға шақырдыңыз. Қасыңызда Нұрлан Өтебұлы отыр екен. «Нұреке, сізге айтқан жігіт осы. Өз бауырыңыз, жерлесіңіз» деп тапсырдыңыз. Нұрекең рахметін айтты. Сол жылдары сіз Нұрекең арқылы, Нұрекеңнің қолын қойдырып елдегі жағдай, қоғам, билік туралы президенттің атына бірнеше жабық қағаз жаздырғаныңыз есімде.

10.

2004 жылдың парламент сайлауының алдында сізді билікке шақырды. Екі-үш күн бойы Астанада қыруар кездесу, қыруар айтыс болды. Содан кейін мені шақыртып алдыңыз. Ұшып бардым.

Астанадағы «Интерконтиненталь» қонақүйінің дәлізінде отыр екенсіз. Көңіліңіз жабырқаулы. Қасыңызда Ораз Жандосов, Болат Әбілевтер, басқа да әріптестеріңіз кезек-кезек келіп жүр екен. Бәріне қоятын сұрағыңыз бір: «Осының қажеті бар ма? Жұртқа не дейміз? Осыны қалай түсіндіреміз? Бәрібір алдайтыны белгілі…»

Менен кеңес сұрағаныңызда күмәнімді мен де айттым. Арасында біресе президент әкімшілігіне, біресе президентке барып келдіңіз…

Келес сала: «Бауырым, былай етеміз! Мен ресми мәлімдеме жасаймын. Партияда да қаламын. Бірақ, нақты бірнеше талап қоямын. Соны жазып шық. Дайын болғаннан соң осында алып кел» дедіңіз.

Кеңсеге барып, үш сағаттай отырып бір нұсқасын алып келдім. Бір оқып, «Шикі» деп қайтардыңыз. Тағы бір-кі сағат отырып, қайта әкелдім. «Шикі әлі, пісіру керек» деп тағы бір қайтардыңыз. Тағы екі сағат отырып жасаған нұсқаны алып келдім. Кішкене болса да көңілденіп, «Міне, енді мынаумен жұмыс істеуге болады» дедіңіз.

Келесі күні президент жарлығы шықты. Көп ұзамай министр ретіндегі мәлімдемеңіз де барша газетте, сайтта, теледидарда жарық көрді. Сайлау әділ өтсе, баспасөз туралы заң өзгерсе қалам дедіңіз. Ойлағандай болмады. Биліктен еш аянышсыз екінші рет кеттіңіз. Менің де екінші ретім екен…

Мен ешқашан журналист боламын, журналистикаға жақындаймын деп ойламаппын. Мені кәсіпке баулыған өзіңіз едіңіз. Сізден алған білім мен тәлімді еш университеттен бес жыл оқып ала алмайды екенмін.

Ақпарат министрлігі болғандықтан кейбір маңызды деген жаңалықтарды өзіміз жазатын едік. Және де сіз тапсыратын едіңіз: мына мәтінді «Казправданың», «Жас Алаштың», «Караванның» тілімен жазып шық деп. Солардың ең озық деген журналистерін оқы, тәсілін қара, үйрен деп қайта-қайта айтатын едіңіз.

Біртте бір мәтінді бадырайтып, бір жарым бет қылып алып келдім. Есімде, «Время» газетіне баратын ақпарат екен. Күліп жібердіңіз. Үндемей ақ парақ қағазды алып, оны екі бүктеп бір жырттыңыз, тағы бүктеп жырттыңыз, тағы бүктеп жырттыңыз. Сол жыртылған қағаздардың бірін алып: «Айдос, осы көл қылып жазғаның газеттен осындай құртақандай ғана орын алады. Егер дәл қазір әкелген мәтініңді мына бір жапырақ қағазға сыйдырсаң, ертең Игорь Мелцерге звандап салғызам». Жарты сағаттай тыраштандым. СЖазуым қанша майда десем де сыймады. «Көрдің бе? Ал енді мәтініңді дұрыстап тұрып қысқартайық!» деп қолыңызға қалам алып, бес сөйлемге сыйдырдыңыз. Маған керемет сабақ болды.

Ондай сабақтың біразы әлі де жадымда. Қазір кейбір жігіттерді өзім үйретіп жүрмін…

Қасіретті ақпан әлі есімде. Сіздің соңғы көргенім сенбі күні еді. Кешкі сегіз жарымға дейін «Жас Алаш» пен «Эпоха» газеттеріне шығатын сұхбаттарыңызды бірге әзірлеген едік. Керемет көңілді отырдыңыз…

Сол күні күн күркіреп, ауа-райы бұзылды. Әншейінде сізбен жүрсем мазаламайтын келініңіз қайта-қайта звандап мазаны алды… «Қой, бауырым, үйге бар! Келінге сәлем айт, ренжімесін маған сені демалыста жұмыс істеткеніме» деп шығарып салдыңыз.

Мен үйге кеттім. Сіз мәңгілікке аттанған екенсіз, аға…

Әйел жұрты сезімтал келе ме, қалай өзі? Келініңіз кейде әлі айтады: «Сол күні Алтекеңмен мәшинеде үйіне не кездесуге бірге кеткеніңді елестетсем, жүрегім ауырады» деп. Кейде мен де ойланам. Бірақ, қорқыныш пен үрей қалмады, аға…

Әлі сенгім келмейді. Бір күні үлкен естелік жазатын күн келер деп сенемін.