Несіпбек Дәутай, жазушы: «Нұр-Сұлтан» қаласы деп атау еліміздің астанасына жарасып-ақ тұр

701

Нұрсұлтан Әбішұлы Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап
Қазақстан халқымен бірге жасасып, елі үшін тынбай жұмыс істеп келе жатқан көрнекті тұлға. Бұл бір. Екіншіден, Астана қаласын тұрғызып, Елордаға айналдырған да өзі емес пе?! Ендеше, Елордаға «Нұр- Сұлтан» деген атау бергенде тұрған не бар?! Астанамыз қазақтың маңдайына біткен тұлғаның есімімен аталғаны құптарлық іс.
Бұл тарихи шешімнің жаңа президенттің ұсынысымен қабылданғанын бәріміз көрдік. Елдің тізгінін ұстап отырған азаматтар осындай қарарға келсе, халық боп қолдайтын жөніміз бар. Бұл шешімді жағымпаздыққа балап жатқандар да бар. Көзіміз шалды.
Жаппай халықты бұл үшін күстаналаудың да қажеті жоқ. Саяси сауаты толық жетілмеген қарапайым халықты арандатуға құмар топтар болады. Халыққа сіз болып, біз болып ұғындыруымыз ләзім. Бұл тарих өзі жолымен, жоралғысымен шығарған шешім.
«Нұр» сөзі де, «сұлтан» сөзі де сакральдық мәнге ие сөз. «Нұр-
Сұлтан» қаласы деп атау байтақ еліміздің астанасына жарасып-ақ тұр.
Мен бәріңізді осы шешімді қолдап, ұлт болып ұйысу жолындағы тұтас идеяға қызмет етуге шақырамын.

Несіпбек Дәутай,
жазушы, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігі және Астананың 10 жылдығына арналған медальдармен марапатталған, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты