Қарттар үйінің тұрғындарын қайтсек азайтамыз?

128
көрнекі сурет
көрнекі сурет

«Қарты бар үй қазыналы» дейді қазақ. Ұрпақ жалғастығына, аға буын мен кіші буынның жарасымды үндестігіне басымдық беретін қазақы қоғамда «қараусыз қалған қарттар» деген түсінік жоқ. Ұл-қызын өсіріп, немересін жылылыққа бөлеген ата-ана үшін «бала – болашаққа салынған капитал» іспеттес еді. Алайда, жылдар тұрмақ, ғасырларға созылған осы бір қасиетті құндылыққа сызат түскелі қашан. Қартайған әке-шешесін жүк көргендер өзін өсіріп, тәрбиелеген жандарды қарттар үйіне тапсыруға арланбай-ақ жүр. Ондай жандардың көбі өзінің бұл әрекетін жұмысының көптігімен, ата-анасын қарауға уақытының жоқтығымен түсіндіреді.

«Ата-ана – бала тәрбиесінің айнасы. Бала «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі». Сондықтан, мұндай мейірімсіздіктің тамырын отбасынан іздеген жөн» дейді психолог Арайлым Советбекқызы. «Бұрын қарттар үйінен тек өзге ұлт өкілдерін көретін едік, қазір мұнда қазақтың қариялары да баршылық» деген психолог мұның бірнеше себебіне тоқталды. Оның айтуынша, қарттар үйіндегі қариялардың көбеюінде бала санының аздығы үлкен рөл атқарады. Кезінде әр отбасында кемі бес баладан бар еді. Көп балалы жанұяда ынтымақ, сүйіспеншілік болады. Бір-бірін жетелеп өскен жандар ата-анасына да ерекше қамқорлық көрсетеді. Ал, кейінгі жылдары әлеуметтік жағдайын, материалдық мүмкіндігін ескерген отбасылар бір, екі баламен шектелуде. Өмір бойы қиындық көрмей өскен балалар үшін өзін асырап баққан ата-ананың ауырғанын, төсек тартып жатқанын көру үлкен соққы. Өз бастарын әрең алып жүргендер үшін мұндайда жалғыз шешім – қарттар үйі болып саналады екен.

Алматы облысы Текелі қаласындағы қарттар үйінің қызметкері Бақытгүл Құрманғалиеваның қариялармен қоян-қолтық жұмыс жасап келе жатқанына 10 жылдан асыпты. «Жақыны жоқ, күтімі болмаған соң осы үйді паналағандар да баршылық. Алдымызда не күтіп тұрғанын білмейміз. Осында үш баласы бірдей қайтыс болып, жалғыз қалған ана да жатыр. Олардың бәрі көмекке зәру. Сондықтан, қарттар үйінде жатқандардың бәрін қатігез балалары тастап кетті деу әбестік» дейді маман.

Дегенмен, шағын қаладағы қариялар тірлігіне үнемі назар салып жүретін Бақытгүл Құрманғалиева соңғы жылдары бұл мәселені шешуде біраз өзгерістің барын айтады. «Қазір жергілікті газеттерді, жұмыс ұсынатын сайттарды аша қалсаңыз ата-анасына күтуші іздеген жарнамалардан көз сүрінеді. Балалардың жақындарын қарттар үйіне өткізгеннен гөрі, күтуші жалдап бақтыруының өзі жақсы үрдіс» дейді маман.

Осыдан кейін біз де біраз сайттардағы жарнамаларды ақтарып, күтуші іздегендермен тілдесіп көрдік. Өзін Жамила деп таныстырған қыз анасының жетпіске жақындағанда инсульт алып қалғанын, өзі күні бойы жұмыста болғандықтан, сырқат анасына жәрдем бере алмайтынын жеткізді. «Анам қызық жыл мектепте мұғалім болған. Өзімнен үлкен екі ағам отбасылы. Мен ажырасқаннан кейін анамды қолыма алғанмын. Осы уақытқа дейін қызымды бақшаға апарып, қолғабыс етті. Енді инсульттан кейін қозғалуы қиын. Сондықтан, өзінің алатын 100 мың теңге зейнетақысына күтуші іздеп жатырмын» дейді. OLX.kz сайтында орналасқан отызға жуық жарнаманың барлығында туыстары қарт ата-анасына күтуші іздеген. Және барлығында «күтушінің медициналық білімінің болуы, мейірімді, ұқыпты, жауаптылығы талап етілетінін» байқадық.

Күтушілікке төленетін қызмет ақысы да әртүрлі. Бірі 150 мың ұсынса, екіншілері 20 мыңмен шектелген. Еңбекақы жоғарылаған сайын талап та өсе түседі. Әсіресе, қарттарға түнгі мезгілде қарайтын күтушілерге төленетін қаржы қомақты екен. Мұның өзі ата-анаға қамқорлық көрсетудің мүмкіндігі кеңейе түскенін көрсетеді.

Қажеттілік болғаннан кейін осы салаға маманданған құрылымдардың саны да көбейген. Тек Алматының өзінде «Қарттарға және денсаулығы жоқ адамдарға көмек көрсететін» бірнеше арнайы мекеме тіркелген екен. Олар ұсынысқа сай мекеме қызметкерлерін күтушілікке жібереді. Мұндай орталықтың бір жақсы жері өз базаларынан бір мезгілде бірнеше күтушіні ұсына алады. Яғни, сізде таңдау еркіндігі болады. Жақыныңыздың қауіпсіздігі үшін де алаңдамайсыз. Өйткені, қызметкерлерді тіркеген мекеме олар жайында барлық ақпаратты жинайды. Қызметкерлерден қандай да бір қателік кетсе мекеме өзі жауап береді. Сондай-ақ, күтуші ауырып қалса, төтенше жағдайға тап болса жақыным қараусыз қалады деп қам жемейтініңіз де ақиқат. Себебі, бір мекемеде бірнеше қызметкер болатындықтан, ауырған маманды ауыстыруға, жұмыстың мінсіз атқарылуына тағы да орталық кепілдік береді.

Күтушілікті табыс табудың бір тетігіне айналдырған мекемелер қазіргі кезде «Қарттарды, сырқат адамдарды бағудың, күтім жасаудың тәртібі» деген тақырыпта арнайы тренингтер өткізуде. Мұндай сабақтарға қатысып, сертификат алған адамдардың күтушілік қызметті тез табуына жол ашылады.

Бұдан бөлек, қарт адамдарды қарайтын, күтім жасайтын пансионаттар да аз емес. Олардағы жағдай мүлде басқаша. Бұл орталықтар курорт, санаторийлермен тең демесек те, қарттарға оңтайлы орта саналатынын айта кеткеніміз жөн. Осындай пансионаттың бірінше медбике болып қызмет атқаратын Жанар Рүстемқызы қарттарды күтушіге тапсырғаннан, пансионаттарда күткен ыңғайлы екенін айтады. Күндік бағасы белгіленген бұл пансионаттар қалтаға біраз салмақ салғанымен, қарттардың демалуына, жаттығулар жасап, ем алуына, ең бастысы, өзі секілді тағдырлас жандармен әңгіме дүкен құрып, сырласуына толық мүмкіндік жасалған.

Интернеттегі жарнамаларды қарап отырып өзін баққан адамға үйін мұраға қалдырғысы келетіндердің де қарасы қалың екенін байқадық. Сондай жандардың бірі Валенина Игнатьева. «Жасым сексен екіде. Үйде өзім жүріп, тұрамын. Ауданнан әлеуметтік қызметкер келіп, аптасына бір рет керек-жарағымды әкеліп, үйімді тазалап кетеді. Бірақ, жалғыз болғандықтан қорқамын, елегіземін. Сондықтан, мені бағып, жайлы жағдай жасап, ақтық сапарымды жақсылап өткізген мейірімді адамға үш бөлмелі үйімді мұраға қалдырғым келеді» деген Валинтина апайдың талаптарын да тыңдап көрдік. Осымен үш үміткердің көңіліне жақпағанын айтқан кейуана «тамақты дұрыс жасамайды, күні бойы телефон шұқылап отырады, маған көңіл бөлмейді» деген желеумен үш әйелдің де көмегінен бас тартқан.

Дәл осыған керағар жарнама да кездесті. «Үйін мұраға қалдыруға ниетті қарт адамдарды күтіміме аламын» деген мазмұндағы хабарландыру берушілер көп болмағанымен, кездеседі. Солардың бірі Айнагүл деп өзін таныстырды. «Мұндай хабарландыру беріп келе жатқаныма бір жылға жуықтады. Әлі бір де бір адам ұсынысымды қабыл алған жоқ. Бірақ, мен үмітімді үзбеймін. Өйткені, екі ұлым да өсіп кетті. Өзім емхананың тазалықшысымын. Бірге жұмыс істейтін медбике қыз үнемі Михаил деген шалға ем-шара жасап, көмектесіп жүретін. Сол кісі алғысын айтып, үйін қазірден құрбымның атына жазып қойды. Бұл да өз кезегінде жаны қалмай тамағын жасап, қолы қалт еткенде қарияның үй шаруасына көмектеседі» деген Айнагүл осы мақсатына жету үшін қазір медбикенің оқуын оқып жатқанын да айтты. Себебі, қарт адамдар көбінесе дәрігерлер көмегіне жүгінеді. Әрі ол денсаулығы үшін адамдар ештеңені аямайды деген пікірде.

Осыдан көріп отырғандай, қараусыз қалған қариялар мәселесін шешудің жалғыз жолы – қарттар үйі емес. Жұмысбастылығын сылтау еткендер ата-анасының көңіліне қаяу түсірмес үшін түйткілді күтуші жалдау, пансионаттарға жолдама алу, қарттарға арналған орталықтарға жазылу арқылы да реттей алады. Тек ниет болса болғаны.

Гүлназ Әсенғазы

arasha.kz