“Қазақстандықтардың 78% әлі күнге дейін ислам қаржысы мен дәстүрлі қаржының айырмашылығын білмейді”

293

Қазақстанда исламдық қаржы саласының даму болашағы қандай? Малайзиялық CSQ Law заң фирмасының өкілі, исламдық қаржы саласы бойынша білікті заңгер Мадзлан Хуссейн аталмыш сауалға жауап беріп, Қазақстандағы исламдық қаржы саласының қазіргі жай-күйі мен болашағы жайлы пікірлерімен бөлісті.

– Мадзлан, сіз өз сөзіңізде, исламдық қаржы саласы бойынша Малайзияның 20 жылда жеткен жетістігіне Қазақстан бар-жоғы 3 жылда жете алады деп айтқан едіңіз. Мұндай пікірге қалай келдіңіз?

– Малайзияда исламдық қаржы бойынша халықаралық орталық құру жолында көптеген қателіктер мен кедергілерге жол берілді. Ал сіздерде осы қателіктерді айналып өтуге барлық мүмкіндік бар. Себебі, Қазақстан елде исламдық қаржы саласын дамыту үшін, өзге елдердің тәжірибесін жіті зерттеп шықты.

Презентация барысында Amanie Advisors консалтингтік компаниясының төрағасы доктор Дауд Бакар қазақстандықтардың тек 17%-ы ғана исламдық қаржы жайлы біледі деген дерек келтірді. Осы олқылықтың орнын толтырып, халықтың қаржылық сауаттылығын арттыу үшін не істеген жөн?

– Иә дәл солай, бірақ қазақстандықтардың 90%-ы ислам қаржысына қызығушылық танытып отырғанын ұмытпауымыз керек. БАҚ, реттеушілер мен нарық қатысушылары қоғамның ислам қаржысын танып-білуіне және оған сенім артуына септесе алады. Яғни, тұрғындар ислам қаржысы мен дәстүрлі қаржыны ажырата білуі тиіс. Бұл нарықтың жылдам дамуына көмектеседі деп ойлаймын.

  • Қазақстандағы ислам қаржысының дамуына кедергі келтіретін 3-5 факторды атай аласыз ба?

– Басты фактор – халықтың бұл қаржы түрімен етене таныс болмауында, қазақстандықтардың 78% әлі күнге дейін ислам қаржысы мен дәстүрлі қаржының айырмашылығын білмейді. Жақсы брендинг пен белсенді әрекет етудің арқасында бұл мәселенің де шешімін табуға болады.

Екінші мәселе – нарық қатысушыларының жеткіліксіз болуы. Ислам қаржысының Қазақстанда дами бастаған күнінен бастап, соңғы он жылда біз тек екі ислам банкінің жұмысына – Al Hilal мен Заман банк және екі бейбанктік қаржы институты жұмысымен таныспыз. Сондықтан, сіздерге нарықтағы қатысушылар санын арттыру қажет деп ойлаймын.

– Қазақстанда Al Hilal банкі ипотека бағдарламасын іске қосқан болатын. Осы орайда исламдық қаржы құралы Қазақстанағы баспана мәселесін шеше алуы мүмкін бе?

-Малайзияда да тұрғындар тарапынан тұрғын үйге сұраныс өте жоғары және тұрғын үй секторын қаржыландыруға қаражат жетпей жатады. Мұнда сатып алу құнын барынша азайтатын Мушарака атты исламдық қаржылық өнім мәселені шешуі мүмкін, клиентке үйдің бағасын төлеу үшін қомақты қаражат ұсынудың қажеті жоқ. Сондықтан үйді бірте-бірте сатып алуға мүмкіндік пайда болады. Қомақты қаражатыңыз болған жағдайда үй құнының ауқымды бөлігін төлеп, ақыр соңында үйдің толықтай сатып алуға болады. Кувейт сияқты елдерде ислам банктері тұрғын үй салушылары да болып табылады, сонымен қатар қаржыландыру үдерісін құрылыс жұмыстарымен тікелей байланыстырады.

– Исламдық қаржы нарығының дамуына қалай ықпал етуге болады?

– Қазақстанда кадрлар резерві өте жақсы дамыған, олардың көбі ағылшын тілін жетік меңгерген және білім деңгейі де өте жоғары. Дегенмен, бәсекеге қабілетті кәсіпкерлік заманда көптеген елдер қаржы орталығын құруға, кадрлық резервті, оның ішінде исламдық қаржы нарығының мамандар легін белсенді дамытуға тырысады. Осыған байланысты АХҚО адами капиталды дамыту бойынша жұмысын жалғастыруы керек.

-Рахмет!

arasha.kz