29-03-19 | 19:49
Украинадағы президенттік сайлау алдындағы сауалнамаларда шоумен Зеленский көш бастады.
Украинадағы президенттік сайлау алдындағы сауалнамаларда шоумен Зеленский көш бастады
28 наурызда Украинадағы әлеуметтік ұйымдар мен зерттеу топтары елде 31 наурызға өтетін президент сайлауы алдындағы соңғы сауалнамалар нәтижесін жариялады.      

Барлық сауалнама бойынша сайлау алдындағы рейтингілерде көш бастап тұрған – шоумен Владимир Зеленский. Оны кімге дауыс беретінін шешіп қойған азаматтардың 25-28 пайызы қолдайды.    

Екінші және үшінші орынға елдің қазіргі президент Петр Порошенко мен оппозициялық “Батькивщина” партиясының лидері Юлия Тимошенко таласады. “Демократиялық бастамалар” қоры мен Киев халықаралық әлеуметтану институты бірнеше пайыз басымдықпен Порошенконы екінші орынға шығарған. “Рейтинг” тобының дерегінше, Порошенко мен Тимошенко қолдайтындар тең түскен – шамамен 17 пайыз. “Әлеуметтік мониторинг” орталығының нәтижесіне қарағанда, Тимошенко сәл алда.

Юлия Тимошенко қаңтарға дейін көш бастап келген, бірақ кейіннен Зеленский алға шығып, Порошенко оған жетіп алып, кей сауалнамалар бойынша озған.

31 наурызда сайлау өткен соң екінші турға ең көп дауыс жинаған екі кандидат шығады. Сарапшылар “жеңіске жетуге қажет 50 пайыз дауысты әлдебір кандидаттың бірден алуы мүмкін емес” дейді.  

Бірқатар сауалнама қорытындысы бойынша, төртінші орында – Юрий Бойко. Өткен аптада ол Мәскеуге барып, Ресей үкіметінің басшысы Дмитрий Медведевпен кездескен. Мұнан соң Бойконың жақтаушылары өздері қолдайтын кандидатты сынаған. Прокуратура шекарадан өту кезінде заң бұзу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалатынын айтты. Бойкомен төртінші орынға таласып жатқан – Анатолий Гриценко. Екеуінің де рейтингі 10 пайызға жуықтайды.

Сайлауға түсетін жалпы кандидаттар саны – 39.  

Порошенко сайлауалды кампаниясы кезінде Ресей агрессиясына қарсы тұратынын, Еуроодақ, НАТО-мен бірігетінін айтқан. Тимошенко Ресейді де, Порошенконың әлеуметтік-экономикалық саясатын да сынға алады. Зеленский жас дауыс берушілерге екпін қойып, ел саясатын жаңарту керегін айтады.

Azattyq.org

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.