Гауһар Әлімбекова сотта ақталды

154

Алаяқтық ісі бойынша айыпталған әнші Гауһар Әлімбекова апелляциялық сотта ақталып шықты.

Бұған дейін Гауһар Әлімбекованы алты жылға бас бостандығынан айыру туралы сот шешімі шыққан.

11 сәуірде апелляциялық сот отырысы өтіп, судья Нұрғазы Әбдіханов айыпталушыға қатысты нақты дәлелдердің жетіспеушілігінен ақтағанын жеткізді.

“Сот алқасының отырысында Әлімбекова сотталушы Ордабаевамен бірге топ болып алдын ала сөз байланыспағаны, жәбірленуші Назарованың ақшасын әдейі жымқырмағаны анықталды. Керісінше, сот отырысында анықталғандай, Әлімбекованың өзі де Ордабаевадан алданып, пәтер алу үшін қаражат берген. Сөйтіп, ақшасынан және үш бірдей пәтерінен айырылған”, – деді судья.

Ал іске қатысы бар деп танылған Фируза Ордабаева 6 жыл 8 ай мерзіге бас бостандығынан айырылды. Бірақ сот рақымшылық бойынша Ордабаеваны жаза мерзімінің жартысын өтейтінін мәлімдеді.

Еске салайық, үстіміздегі жылдың қарашасында әнші, композитор Гауһар Әлімбекова ҚР 190-бабының 4-бөлігінің 2-тармағына сәйкес қылмыстық іске кінәлі деп танылып, Алматы қаласы Алмалы аудандық соты Әлімбекованы 6 жылға бас бостандығынан айыру туралы шешім шығарған. Әлімбекованың өзі сол кездегі ел президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа мән-жайды түсіндіріп, хат жолдады. Кейін іс апелляциялық сотқа берліген.

Әншінің әріптестері Г. Әлімбекованы қолдап, жылу жинаған болатын. Оның өзі соттан ақталып шыққаннан кейін, жиналған ақшаны иелеріне қайтаратындығын жеткізді.