14-04-19 | 22:25
Қазақстан-Украина: Екі елдегі екі түрлі сайлау.
Қазақстан-Украина: Екі елдегі екі түрлі сайлау

Украинадағы президент сайлауы қыза түсті. Екінші турға өткен Петр Порошенко мен Владимир Зеленский арасындағы тартыс елдегі саяси шоуды қыздырып тұр. Өткен жолы Зеленский Порошенконы пікірсайыс өткізу үшін 19-сәуірге стадионға шақырған еді. Ал Порошенко пікірсайысты 14-сәуірге белгілеп, бүгін Олимпиада стадионына барды.

Осылайша, 21-сәуірде өтетін Украина президенті сайлауының екінші кезеңі қызықты болғалы тұр. Әлеуметтік сауалнамаларға қарағанда, Зеленский екінші турда да көп дауыс жинауы мүмкін екен. Бірінші турда Зеленский Порошенкодан 15 пайыз көбірек дауыс жинаған еді. Биылғы Украина президент сайлауына 39 үміткер тіркелген еді. Сөйтіп, екінші турға басым дауыспен Порошенко мен Зеленский өткен.

Қазақстанда да президент сайлауы өтеді. 9-сәуірде президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа үндеу жасап, 9-маусымда елде президент сайлауы өтетінін хабарлады. 28-сәуірге дейін президентке үміткерлерді тіркеу жүреді. Қазақстан заңдары бойынша, президенттікке үміткерлерді тек саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдар ұсына алады. Елде тіркелген алты саяси партия бар. Олардың бәрі сайлауға қатыса ма, жоқ па әлі белгісіз. Белгілісі – “Нұр Отан” партиясы съезі 24-сәуірде өтетіні хабарланған. Сол күні “Ақ жол” партиясы да съезд өткізбек. Ал Қазақстанның халықтық коммунистік партиясы съезін 26 сәуірде өткізбек. Өзге саяси партиялар әзірге үнсіз. Украинамен салыстырғанда Қазақстандағы сайлауалды саяси алаң өте тыныш. Саяси белсенділік өте төмен. Қоғамдық ұйымдар, саяси партиялардың да белсенділігі байқалмайды.

Кейбір саяси сарапшылар Қазақстандағы сайлау алдын ала дайындалған сценарий бойынша өтеді деп те болжайды. Ал президент Қ.Тоқаев халыққа жасаған үндеуінде: “Қазақстан – демократиялық мемлекет. Президент халықтың таңдауымен сайланады. Мен, Мемлекет басшысы ретінде, сайлаудың таза, ашық әрі әділ өтуіне кепілдік беремін! Бұл – менің берік ұстанымым!” деген еді.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.