«Ел боламын десең, жеріңді сақта!»

0
780

Абзал Құспан, заңгер:

Бұдан бұрын жерге қатысты бірнеше материал дайындаймын деп алып, бір посттан соң үн-түнсіз қалған жайым бар. Оған себеп, бір сайтқа 10 сотыққа қатысты интервью беріп, сол мақала шығысымен, бөлісе қояйын деп ойлағам, қапелімде шыға қоятын түрі жоқ екен. Сол себепті, мына постты өзіме жазуға тура келіп отыр.
Бірден ескерте кетейін, бұл мәселе қолданыстағы «Жер кодексіне» енгізілген немесе енгізілгелі жатқан өзгерістер мен толықтыруларға еш қатысы жоқ. Бұл менің кемінде, соңғы оншақты жыл көлемінде көтеріп келе жатқан мәселем.
ҚР «Жер кодексінің» 50 бабы 2 бөлігі, 2 тармағына сәйкес, кәмелет жасына толған барлық Қазақстан азаматына тұрғын үй құрылысын салуға 0,10 гектар, яғни 10 сотық жер тегін берілуі керек.
Ештеңесі жоқ қара жерді бере салу билікке де, қара халыққа да тиімді болып тұр қазір. Билік алдайды, халық соған да шүкіршілік етіп алданады. Яғни, бұл мәселеде мені биліктің де, көпшіліктің де қолдай қоймайтыны айдан анық. Бірақ, мен көпшіліктің не болмаса биліктің қолдауына ие болуды көксейтін депутат не саясаткер емеспін. Таяу арада адвокаттық еркін қызметімді ештеңеге айырбастау да ойымда жоқ, сондықтан ұнаса да, ұнамаса да өз пікірімді ашық айтамын.
Қазіргі таңда, ашық мәліметтерден белгілі болғандай, Қазақстан бойынша 1 300 000-нан астам адам жердің кезегінде тұр екен. Жер болғанда егін егейін, мал бағайын, кәсіп қылайын деп емес, қаланың өзінен, болмаса маңайынан үй соғуға 10 сотық жер сұрап отырғандар туралы мәліметті айтып отырмын. Кешегі 2016 жылғы жерге қатысты митинг нәтижесінде, Президенттің өзі араласып құрған жер комиссиясына онлайн режимде халықтан түскен арыздардың 70%-дан астамын, дәл осы 10 сотық мәселесі құраған екен. Осыдан ақ, бұл мәселенің қаншалықты маңызды екенін аңғара беруге болады.
Сонымен, бұл мәселеде неге оқшау пікір ұстанып отырғанымды айтайын:
Біріншіден, жерді беру халықты қолжетімді үймен қамтамасыз ету мәселесін шешпейді. Керісінше қосымша мәселелер туындатады. Атап айтқанда, жерді берумен бірге кемінде жол салу, қоғамдық көлік қатынасын реттеу, сумен, электр энергиясымен, газбен қамтамасыз ету, жол қашықтығына орай мектеп, балабақша, аурухана, полиция, өрт сөндіру бекеттерін (спорт, демалыс кешендері, мәдени орталықтарды айтпай ақ қояйық) салу мәселелері туындайды. Оған мысалдарды алыстан іздеп жатудың қажеті жоқ, қазірдің өзінде күнделікті жаңалықтарда жиі айтылатын тақырыптардың бірі.
Екіншіден, жер кезегінде тұрғандардың бәрін жермен қамтамасыз етіп тастағанның өзінде, одан жер алуға ниеттілердің саны кемімейді, қайта бірнеше есеге артып кетеді. Себебі, жоғарыда сілтеме жасаған заң талабына сәйкес, жер алуға жасы кәмелетке толған әрбір азамат құқылы. Мысалы, менің отбасымда жолдасым, 5 балам және қарт анам бар. Бұл дегеніңіз мемлекет, маған ерте ме кеш пе 80 сотық жер беру керек деген сөз! Ондай жерге типтік екі балабақша (ҚНжЕ/СНиП бойынша типтік балабақша салуға кемінде 30 сотық жер керек) немесе 9 қабатты, 288 пәтерлі, 4 үй салуға болады екен (Оралда 20 сотық жерге 9 қабатты, 72 пәтерлі үйлер салынуда, есеп содан алынып отыр). Қазірде 9 емес, 20, 30, 40 қабатты үйлер салына бастағанын ескерсек, есеп еселене түспек.
Үшіншіден, жер ол – сарқылатын ресурстар қатарына жатады. Сарқылатын ресурстарды есі бар ел, ептеп жұмсайды! Қазақтың жері қанша жерден кең десекте, күндердің күнінде бұл мәселеде тығырыққа тірелеріміз анық. Қарапайым бір мысал, инфраструктура тартуға немесе мемлекет үшін маңызды объект салуға қаптаған жекеменшік иелерінен жер алып көрудің машақатын көз алдыңызға елестетіп көріңізші? Оған да мысал қазірдің өзінде жетіп артылады. Яғни, жерді оңды-солды бере бергеннен, ол мәселе тек күрделене түспек.
Төртіншіден, көшелеріне жарық тартылмаған, полиция күші жеткіліксіз жеке секторда криминогендік ахуал қиындай түседі. Мысалы, ұрланған мал, мүлік, затты сақтау немесе үйінен есірткі тарату (ауызекі тілде яма дейді) үшін көп қабатты үй емес, жеке сектор немесе гараж кооперативтері ыңғайлы. Притондар туралы да солай айтуға болады. Көпқабатты үйлерде түнгі 11-12 ден кейін шыққан қатты дыбыс үшін полиция шақырылады, жеке үйлерде арақ ішіп айқаласа да, ән айтса да өз еріктері. Қазіргі анық статистиканы білмеймін, бірақ бұрындары адам өлтіру, әйел зорлау, тонау сияқты ауыр, аса ауыр қылмыстар негізінен жеке секторда орын алатын, қазірде оның өзгере қоюы неғайбыл.
Бесіншіден, қала өзіндік архитектуралық бет бейнесінен айырылады. Қазір Қазақстанда толыққанды қала деген атауға лайықты деп Астананы ғана айтуға болатын шығар. Оның өзінде әлемдік деңгейдегі қалалар қатарынан орын алуға Астанаға әлі ерте. Сол жалғыз қаламыздың өзінде, жел соқпай қалатын күндері жеке секторда жағылатын көмірден шығатын түтіннен, бүкіл астаналықтар тұншығады. «Архитектура және қала құрылысы туралы» Заңымыздың аяқасты болғалы қашан? Ол заң талаптарына сәйкес, қалаларда архитектуралық ансамбль сақталуы керек. Яғни, бір көшеде немесе кварталда өзара үйлесім табатын үйлер, ғимараттар бой көтеруі тиіс. Жер алған адамның қаржылық мүмкіндігі әртүрлі болуы себепті, бірі жеріне зәулім коттедж салса, бірі қуықтай үйшік салады, үшіншісі ол жерді бірнеше бөлікке бөліп, 2, 3, 5 сотықтан сатады, сатып алғандарда ол жермен не істесе де құқылы, себебі жер – оның жеке меншігі!
Алтыншыдан, жер заң талаптары бойынша тегін берілуі керек. Алайда, қалалық әкімшілікте жақсы танысы бар біреу болмаса, сол жерді тегін алатындар саны аз ба деймін. Өз басым қызмет бабымда, жерге деп ақша беріп алданғандарды, жер беремін деп пара алып ұсталғандарды, жер алып беремін деп алаяқтықпен айналысқандарды да аз кездестіргем жоқ. Яғни, жер беру – жең ұшынан жалғасқан жемқорлық деген сөз!
Жер берудің минустарын ары қарай тізбелей беруге де болар еді, әзірге осымен шектеле тұрайын. Жоғарыда бұл мәселені біраздан бері көтеріп жүргенімді айтқан болатынмын, сол кезде айтылатын қарсы пікірлердің ішінен жиі кездесетін кейбіріне алдын-ала тоқтала кетейін;
Біріншісі, он сотық жер бермеу әлем бойынша орын алып отырған урбанизация процесіне қайшы келеді мыс.
Урбанизация бүкіл әлемдік құбылысқа айналғаны рас. Бірақ, Қазақстан жағдайында ауыл халқы қалалық өркениетке қол жеткізіп жатыр дегеннен көрі, қаланы ауылға айналдырып жатыр деген дұрысырақ болар.
Екіншісі, қалаларды қазақтандыру.
Ондай мәселенің бір кездері өте өзекті болғаны рас. Өз басым марқұм Заманбек Нұрқаділовтың Алматыны қазақтандырамын деп қылған ісін үлкен ерлікке пара-пар тірлік деп бағалаймын. Бірақ, қазіргі уақытта заман өзгерді, еліміздің солтүстігіндегі бірер қала болмаса, қалалар негізінен қазақтанды. Одан басқа, 90 жылдардың басындағы жағдай мен қазіргі әлеуметтік, қаржылық жағдайды салыстыруға мүлдем келмейді. Сонымен қатар, қала қашанғы еш жағдайы жасалмаған қара жерге орналастыру арқылы қазақтануы керек?
Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек демекші, қазіргі әкімдердің тірлігі мен Заманбек ағаларымыздың жасағанын салыстыруға келмейді. Қазіргі әкімдер бір кездегі Зәкеңдер сияқты ел қамын ойлағаннан көрі, қарын қамын қамдағандар. Олар бір оқпен екі қоянды қатар атып отыр, біріншіден, тегін жерді өз адамдары арқылы сатып ақша жасаса, екіншісі, еш жағдайы жасалмаған жерлерді үлестіру арқылы халықтың аптығын басады. Жер алып алған адам не істейді, қарызданып қауғаланып жүріп үй соғуға кіріседі, артынан ол қарыздың өтеуі тағы бар дегендей.
Үшіншісі, жер қазақтың жері, сондықтан әр қазаққа тиесілі.
Иә, жер біздің ата-бабамыздан қалған мұра. Онда әрқайсымыздың заңды үлесіміз бар, оған сөз жоқ. Бірақ, олай болса неге біз еш жағдайы жасалмаған 10 сотық қара жермен ғана шектелуіміз керек? Сол жердің асты-үстіндегі талан-таражға салынып жатқан байлықтан неге үлесімізді талап етпейміз?
Жә қойшы, осы мәселеге қатысты осымен өзіңнің не ұсынарың бар дерсіз?
1. Мемлекеттік бағдарламада аты тауып қойылғандай «қолжетімді баспананы» шынында қол жетімді ету. Жоғарыда келтірген бір ғана мысалмен ақ, үй бағасын елеулі түрде түсіруге болады. Яғни, қаланың сыртындағы ПДП-да, айналдырған 1000-2000 үйге мектеп, балабақша, аурухана, полиция, өрт сөндіру бекеттері сияқты әлеуметтік нысандарға кететін шығындарды үнемдеу есебінен, жол салу, қоғамдық көлік, сумен, электр энергиясымен, газбен қамтамасыз етуге кететін шығындардың едәуір азаюы есебінен көпқабатты тұрғын үйлер салып, үй бағасын түсіру.
2. Қазақстанның болашағы мұнай да, газда емес, ауыл шаруашылығы, яғни ауыл деп есептеймін. Сол ауылдың жағдайын жасау арқылы, жаппай ауылдан қалаға көшу үдерісін тоқтатпасақ та, азайту.
Бұл екі мәселені шешу, іске асыру оңай емес екені түсінікті. Алайда,
түк табиғи байлығы жоқ елдерін әлемнің алдыңғы қатарына шығарған, азаматтары жеке қаржысына космос игеріп кетіп жатқан елдердегі шаруаларға қарағанда әлдеқайда қарапайым, тіпті қарабайыр іс дер едім.
Осымен менің әңгімем тәмам, енді талап жесеңіздер де, табаға салып қуырсаңыздар да ерік өздеріңізде!

Дереккөз: Абзал Құспанның facebook парақшасы