Сайлау-2019: Тағы да Мырзатай Жолдасбеков

700
фото: BNews.kz
фото: BNews.kz

Орталық сайлау комиссиясы Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидаттардың мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау жөніндегі лингвистикалық комиссияның құрамын бекітті. Президенттікке кандидаттардан мемлекеттік тілде емтихан алатын комиссияның төрағасы болып профессор Мырзатай Жолдасбеков бектілді. Сондай-ақ, комиссияның құрамында Әділ Ахметов, Ғарифолла Есім, Сейіт Қасқабасов, Гүлтас Құрманбай бар.

Мырзатай Жолдасбеков қатарынан бірнеше президенттік сайлауда кандидаттардан мемлекеттік тілде емтихан алатын комиссияның төрағасы болған. Биылғы комиссияның да төрағасы – М.Жолдасбеков.

Орталық сайлау комиссиясының ақпаратынша, ҚР Президенттігіне кандидаттының мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау үшін:

1) лингвистикалық комиссия ұсынған тақырып бойынша көлемі екі беттен аспайтын жазбаша тапсырма жазу;

2) лингвистикалық комиссия ұсынған көлемі үш баспа беттен аспайтын мәтінді оқу;

3) лингвистикалық комиссия ұсынған тақырып бойынша көпшілік алдында он бес минуттан кем емес сөз сөйлеу талап етіледі.

Сондай-ақ, “жазбаша жаттығу, қазақ әдебиеті классиктерінің туындыларын оқу және еркін тақырыпқа сөйлеу үшін бірнеше тақырыптарды лингвистикалық комиссия алдын ала айқындайды, үміткер емтихандағыдай тапсырмалардың үш түрінің әрқайсысынан бір бірден таңдап алады” делінген ОСК ақпаратында.

Емтиханның әр кезеңіне дайындалу үшін Президенттікке кандидатқа жеткілікті уақыт беріледі. Жазбаша тапсырмаға қажет болған жағдайда жарты сағатқа ұзарту мүмкіндігімен  бір сағаттан кем емес уақыт беріледі. 15 минут көпшілік алдында сөз сөйлеуге дайындалуға 1 сағаттан кем емес уақыт беріледі.

Лингвистикалық комиссияның отырысы ашық және жариялы болады.